Бір өкініш, бір үміт

«Экстремизді насихаттады» деген айыппен тергеліп жатқан бұл екі азаматпен кездесу оңайға түскен жоқ. Атырау қаласындағы УГ 157/1 №9 Тергеу изоляторына біраз уақытқа созылған келіссөздерден кейін ғана жол түсті. Бізді басынан бақайшағына дейін қаруланған қызметкерлер күтіп алды. Ішке жіті тексеруден кейін ғана ендік. Бұл жолғы кейіпкерлеріміздің  бірі –  атыраулық, бірі – ақтаулық. Тергеу материалдарынан белгілісі, олар Қазақстанда тыйым салынған «Ат-такфир-уаль – Хиджра» ұйымының сенімін ұстанушылар. Және осы ұйымды насихаттаушы лидерлердің түрлі лекция, аудиожазбаларын әлеуметтік желілер арқылы таратқан.

Бір өкініш, бір үміт

Өзін Амангелдімін деп таныстырған жігіт Атыраудың тумасы екен. Жасы 34-те. Бұған дейін «кісі өліміне қатысы бар» деген айыппен 15 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан. «Бостандықта небары тоғыз ай ғана жүрдім. Үйленіп, өмірімнің жаңа арнасына бет бұрып жатқанымда, тағы да ауыр жағдайға тап болдым. Бұл жолы маған «экстремистік сипаттағы ақпараттарды ашық жариялап, насихаттады» деген айып тағылып отыр. Келісемін, мен Қазақстанда тыйым салынған ұйымға ерушілердің лекцияларын «В Контакте» желісіндегі өз парақшама орналастырдым. Және сол лекция, аудиожазбаларды үнемі тыңдап жүрдім. Осылай теріс ағымның жетегінде кетіп, қателестім. Сол қателік мені түрмеге әкелді» деген Амангелдінің сөзінен өкініш табы байқалады. Себебі, оның артында аңырап ата-анасы, жүкті келіншегі қалды. Сәбиін қолына алып, қуанар сәт таяғанда темір торға құрсалған Амангелдінің қазір жалғыз арманы бар. Ол – бостандыққа шығып,  мамыражай өмір сүру. «Қантөгісті қолдамайтынымды айтқым келеді. Қазір әлем назары ДАИШ-ке (Қазақстанда  тыйым салынған террористік ұйым) ауып отыр. Сол ұйымның қатарында соғысып жүрген қазақстандықтар да бар. Күні кеше Ақтөбеде, Алматыда орын алған қанды оқиғаларға да қарсымын. Кез келген адам бейбіт елде өмір сүруге ұмтылуы керек» дейді ол.

Ақтаулық Эмильдің әкесі әзербайжан, анасы орыс ұлтынан екен. Эмиль бұрын сотталмаған. «Мен зайырлы отбасында өстім. Өзімді бұрын мұсылманның да, христианның да қатарына жатқызбайтынмын. Дінге осыдан алты жыл бұрын бет бұра бастадым. Әуелі Библияны, кейін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы оқып жүрдім. Өзіме түсініксіз мәселелерді ұғына түсу үшін дінді тереңірек білетін азаматтардың көмегі керек болды. Сөйтіп, бағыт-бағдарды интернеттен іздедім. Ақырында дін атын жамылған ұйымның жетегінде кеттім. Адам білімді ғаламтордан емес, ұстаздан үйренуі керек екен» дейді ол. Қазір 26 жастағы жігіттің артында екі бірдей сәбиі мен жұбайы қалды.

* «Ат-такфир уаль-Хиджра» 60-шы жылдардың ортасында Мысыр мемлекетіне қарсы қастандық әрекеттері үшін тұтқындалған «Ағайынды мұсылмандар» ұйымынан бастау алады. Террористік «такфирдің» алғашқы «тіс көрсетуі» 1979 жылы Меккедегі қасиетті мешітті басып алғанда көрінді. «Такфир» идеологиясын ұстанушылар Әл-Харам мешітінде қажылық парызын орындап жатқан бірнеше мың адамды тұтқында ұстады.

Өзекті өртейтін өкініш те осы. Аяқты шалыс басқан екеудің сәтсіз қадамы бір оларға ғана емес, ата-ана, әйел-балаларына да қасірет әкеліп отыр. Әсіресе, бейкүнә бүлдіршіндердің болашақтағы тағдыры қалай өрілетіні мүлде қараң…

Міне, осы бір ғана мысал – діннің интернеттен үйренетін ілім емес екендігін көрсетеді. Діннің тереңдігі де сонда, егер сіз Құранның бір аятын немесе пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс мағынада түсінбесеңіз, басқа жолға бет бұруыңыз оп-оңай. Сондықтан да, діни ілімді медреселерден, білімді теологтардан, дінтанушы мамандардан үйрену қажет.

Эмильді де, Амангелдіні де темір торға әкелген такфиршілер ақидасының, яғни сенімінің қауіптілігі де сол, бұл ағым мешітке бармау, имамға ұйымау, мұсылмандардың өзін түрлі санатқа бөліп қарастыру, кәпірге шығару сияқты әрекеттерімен қоғамды іштен ірітуге алып келеді. Сала мамандары да такфиршілер ұстанатын ілім негіздерінің радикалдық көзқарастардан тұратынын айтады.

*  Такфиршілердің қоғамға төмендегідей залалдары бар:

­– тұтас халықты «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөледі. Жеке отбасында әкеге баланы қарсы қойып, ата-ананы баласынан тірідей айырады;

– халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыптың күллісіне «ширк» (Құдайға серік қосу), «бидғат» (дін жолына жаңалық енгізу) және «көпқұдайшылық» деген айдар тағып, жала жабу арқылы ұлттық мәдениетті ойсыратады.

Ендігі мәселе адасқан жігіттерге хақ ислам негіздері аясында тура жолды көрсетіп, бағыт-бағдар беру болып отыр. Бүгінде олармен теологтар, дін мамандары жұмыс істеп жатыр. «Ақида, яғни сенім мәселесінде қателескен тұстарымызды теологтар Құран мен сүннет, ғалымдардың кітаптары арқылы дәлелдеп түсіндіруде. Біз үшін қазір отбасымыздың ортасында емен-жарқын өмір сүру маңызды. Сондықтан, ақиқатты іздейміз деп, интернеттің көмегіне жүгінетін жастарды діни сауаты кемел ұстаздардан ілім алуға шақырған болар едік. Ойнақтап жүріп от басудан асқан қиындық жоқ екен. Қартайған шағында ата-анамызға демеу бола алмағанымыз, сәбилерімізге әкелік мейірімді төге алмағанымыз, жұбайларымызды бақытты ете алмағанымыз жанымызға батады» дейді кейіпкерлеріміз.

*  Астана қаласы Сарырқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешімімен «Ат-такфир уаль-Хиджра» ұйымы экстремистік деп танылды.

Радикалданудың соңы түнекке апаратынын олар  тергеу изоляторына түскеннен кейін ғана ұғынып, қателіктерін мойындап отыр. Бұған дейін, яғни бостандықта жүрген кезде айтылған түсіндіру жұмыстарын қабылдаған кезде, бәлкім, мұндай жағдай орын алмас па еді?!

Жарты жылдан бері тергеу изоляторында отырған Амангелді де, Эмиль де қазір соттың шешімін күтуде…

 

P.S. 2011-2012 жылдары Қазақстанда оннан астам террористік актілер орын алып, 19 адам қаза тапты. Күні кеше Ақтөбе, Алматы қалаларында болған лаңкестік оқиғалар он адамның өмірін жалмады. Бір ғана Атырау облысында экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандардың саны 200-ге жетіп отыр. Алаңдатарлық тұс та осы. Ойланайық, алдын алайық, ағайын!

 

Сіз не  дейсіз?

Еркінбек  ШОҚАЕВ,  Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:

Ғаламторды тиімді пайдалану керек

Біріншіден, жастардың санасына әсер етудің ең маңызды тәсілі – ғаламтор. Бұл құралды жат ағымдарға қарағанда 10 есе артық пайдаланып, дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен, әрі сапалы етіп насихаттауға тиіспіз. Жат ағымдардың идеясына өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызбен ғана қарсы тұра аламыз.

Екіншіден, экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандардың отбасымен, есепте тұрған жамағатпен тікелей жұмыстар жүргізу маңызды. Әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал ете отырып, қоғамдағы тұтастықты сақтап қалуға да тырысу керек.

Үшіншіден, сауатты дін мамандарын көбірек даярлау маңызды. Медреселер, діни оқу орындарының санын  өз елімізде көбейту керек.

 

Қанат ЖҰМАҒҰЛ, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының директоры:

Түрмелерді  шынайы  ақпаратпен қамту  маңызды

Тергеу изоляторында отырған Амангелдімен біздің теологтарымыз жекелей кездесіп, пікірлесті. Дегенмен, мұндай азаматтармен жүйелі жұмыс сот шешімі шығып, нақты мерзім берілгеннен кейін ғана жалғасады. Яғни, тіркеуге алынған азаматтармен апта сайын кездесу жүргізіп, діни тақырыптағы түрлі мәселелер бойынша лекциялар оқимыз. Осылайша, радикалды ағымды ұстанатын азаматтар білікті теологтардың дәрістеріне тікелей қатысуға мүмкіндік алады.

Күні бүгінде қамауда отырғандардың ішінен тіркеуге алынғандарының саны облыс бойынша 29-ға жетті. Оның ішінде ақидасын, яғни сенімін өзгерткендері – төртеу. Қалғандары радикалды ұстанымдарынан қайтты.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*