БІР ХАЛЫҚ, БІР ТАҒДЫР

Кешке Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері, тыл ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, «Мерейлі отбасы» конкурсына қатынасушылар, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атанғандар және  ауданымызда қазақ отбасының ұйытқысы атанып, шаңырақтарын шайқалтпай, іргесін берік, керегесін кең етіп отырған белорус, қарақалпақ, орыс, татар ұлтының өкілдері шақырылды. Кездесуді аудан әкімі Мақсот Мұқанов ашты.

Бұдан кейін Сағыз селолық округінің тұрғыны, көп балалы ана Мария Ревкова өз сөзінде былай деді:

– Менің немерем Александра Алексейқызы «Жарқын болашақ» III республикалық    «КАТЕУ» қазақ тілі олимпиадасының финалына қатынасқан еді. Ол ауданымыздағы Сағыз селолық округіне қарасты Кенбай орта мектебінде білім алды. Немерем «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша  додаға қатынасып, жүлделі бірінші орынды және алтын медальды қанжығасына байлады. Сайыста ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған сазгер Бейбіт Орал-ұлының әні «Қазақ елін» нақышына келтіре орындап, қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен салтанатта Александра Алексейқызына Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры Месют Акгюл осы оқу ордасының «Қазақ тілі, әдебиеті және журналистика» факультетіне грант тапсырып, сертификат берді. Міне, қазір немерем осы оқу ордасында білім нәрімен сусындап жүр…

Кездесуде Сағыз селолық округінің тұрғындары, орыс қызы Лилия Агибалова, татар ұлтының өкілі Татьяна Шандолова, Миялы селолық округінен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері, тыл ардагерлері, «Алтын алқа» иегері Ұлжан Темірболатова, Қанзия Қуанышева сөйлеп, бүгінгі бақытты, қуанышты күндерді сыйлаған мемлекет саясатына қолдау білдірді.

Ал, Мұқыр селосынан келген орыс қызы Людмила Махамбетова  қазақтың салтымен сәлем салды. Облысымызға танымал әнші әжеміз Мария Ревкова бастаған аналар қазақ әндерін нақышына келтіре шырқап,  кездесу кешіне жиналғандарды өнерлерімен тәнті етті.

Аудан әкімі Мақсот Мұқанов ақ жаулықты аналарға сыйлық тарту етті.

Мағрупа

БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*