Қызыл үйден шыққан ұстаз

Білім Руханият Тұлға ҚАЗЫНА Қоғам

1955 жылдың қыс айы болатын. Қызыл үй елді мекенінің қырында жалғыз үй болып тұрғанбыз. Анам Жәмилә колхоздың сиырын бағады. Мен мал өріске кеткеннен кейін ілесе алмаған малдарды қораға қамап, оларға шөп салып, әлім келгенше қора тазалайтынмын, сөйтіп анама көмектесетінмін. Сондай күндердің бірінде қораға түлкіні қуған бір тазы ит кіріп кетпесі бар ма? Аң-таң болып тұр едім, артынан бір аттылы ағай келді.

Аға буын–

Ол атынан түсіп қораға кіріп, түлкіні басып отырған итінен босатты да, сол жерде терісін сыпырып түлкіні союға кірісті. Мен көмектестім. Әлгі ағай менің аты-жөнімді, неше жас-та екенімді сұрады. Анамның атын, тоғыз жасқа толғанымды айттым. «Неге әлі күнге дейін оқуға бармай жүрсің? Мен сені қазір мектепке алып кетемін» – деді. Қорқып кеттім, себебі анамды жалғыз тастап, оқуға кетуге қимайтынмын. Сонымен әлгі кісі кешке дейін біздің үйде қалды. Қас қарая анам өрістен малдарды айдап келіп, қораға қамады.

«…Мен қызыл үйдегі бастауыш мектептің директоры Мұқыш Жүнісов болам. Мына балаңыз баяғыда мектеп жасынан асып кеткен екен, бұл болмайды. Қазір киіндіріп беріңіз, оқуға алып кетемін» – деді ол. Бұны естіген екеуіміз жылап қоя бердік. «Қасымдағы көмекші серігім еді, ешқайда жібергім келмейді, жалғыз қалай қалам» – деген уәжіне қарамастан, «баланы алмай кетпеймін» – деп отырып алды. Анам амалсыз көніп, жылап жүріп мені қолдағы бар киімімді кигізіп, дайындап берді. Атқа мінгесіп, біз қараңғыда жол тартып кеттік. Сол түні мені мектептің жанында тұратын бір әйелдің үйіне әкеліп осы үйде жатып оқитынымды айтты. Ертеңіне келіп, өзімен бірге алып келді.

Мектеп екі бөлмелі кішкене ғана ғимарат екен. Бір бөлмесінде 1-3 сынып, ал екінші бөлмесінде 2-4 сынып оқушылары оқиды. Сол жерден Мұқыш ағай маған әліппе, бірнеше дәптер, қаламсап берді де, бірінші сынып оқушыларына қосты. 1-2 сыныптарда өте нашар оқыдым. Бір күні «директор шақырып жатыр» – деген соң Мұқыш ағайдың алдына ұрсады-ау деп қорқыңқырап кірдім. Ағай жәй ғана жылы жүзбен: «Шырағым, 1-сыныпта 2 жыл оқыдың, екінші сыныпта күзгі сынға қалып, одан да өте алмай қалдың. Дегенмен, сенің болашағыңа сенемін, білімді азамат болып өсетініңе күмәнім жоқ. Ендігі жерде басыңды көтер, аянбай оқы. Мына 4-5-ке оқып жүрген оқушылар сенен артық емес. Бізді жерге қаратпа» – деп ақылын айтып шығарып салды.

Бұл сөздер мені жігер-лендірді. Оқуға зейінім ашылып, 3-4 сыныптарда өте жақсы оқып, мақтау грамоталарын алдым. «Қызыл төбе» бастауыш мектепті бір топ ұл-қыздар болып бітірдік. Мұқыш ағай өзінің жақсы сөздерін айтып, ақыл кеңесін беріп, ақ жол тілеп шығарып салды. Біздер қанаты қатпаған балапандай білім іздеп әр тарапқа оқуға аттандық. Мен 5-ші сыныпты «Бірлік» елді мекеніндегі мектеп-интернатында жалғастырдым. Содан кейін Мұқыш ағаймен жолыққан емеспін. Себебі, 1966 жылы орта мектепті бітіріп әскер қатарына кеттім, соңынан институтта оқыдым. Кейін әскери қызметке ауысуыма байланысты елде болып жарығаным жоқ. Бірақ, қай қиырда, қандай қызметте жүрсемде Мұқыш ағайдың сабырлы мінезі, мейірімді үні, мейір-шапағатқа толы көз жанары менің балалық жүрегімде мәңгілік ұялап қалды.

Мұқыш ағай – еліміздің білім саласына орасан зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. Балапандарына ұя салған қарлығаштай маңдай терін төгіп жүріп, құмның ортасынан Қызыл үй бастауыш мектебін салды, оны 20 жылдан астам басқарып үлкен білім ошағына айналдырды. Мен сияқты тағдыры не болары белгісіз бірнеше шәкірттерге білім-тәрбие беріп, жол сілтеп, болашаққа шығарып салды. Бұл үлкен ерлік пен көрегенділіктің, жігер мен қайраттылықтың еліне, халқына деген адалдықтың белгісі емеспе? Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігінен кем емес бейбіт өмірдегі ерлігі, еліміздің бағасы жоқ байлығы – білімді шәкірттерін тәрбиелеудегі сіңірген орасан зор еңбегі өз дәрежесінде бағаланды ма? – деген сұрақтар біздерді, шәкірттерін ұдайы мазалайды.

Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келген сияқты. Қызыл үй елді мекенінде жаңадан ғимарат бой көтерген көрінеді. Бұл мектепті Мұқаш ағай іргесі қалған мектептің жалғасы деп қарастыруға әбден болатындай. Осы тұрғыда абзал майдангер – ұстаздың есімін мәңгілік сақтап қалу үшін, жаңадан бой көтерген мектепті «Жүнісов Мұқаш атындағы Қызыл үй орта мектебі» – деп атап, осы мектептің бір бөлмесін Мұқыш ағайға арнаған музей жасақтасақ. Онда майдангер ұстаздың өмірбаянын, жеке заттарын, ағай туралы естелік деректер қойылса, осы мектептен тәлім тәрбие алған шәкірттерге үлкен әсер қалдырып, оларды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуге үлкен жол ашар еді.

Ғарифолла ҚАПАРОВ,

Қазақстан Республикасы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері,

отставкадағы полковник.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *