Оқулықпен қамту жайы нешік?

okulyik Білім

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Әр білім беру ұйымында дайындық жұмыстары жүріп жатқаны анық. Бұл ретте оқулық жетіспесе, оқушының оқуға деген ынтасы төмендейді. Оның алдын алу үшін талапқа сай қыркүйектен бастап мектептердегі оқулықпен қамту мәселесі туындамауы тиіс. Осы орайда, біздің өңірде аталған жұмыстың жайы қалай? Мектеп кітапханаларындағы қор қаншалықты дайын?

окулык

Алмабек АБДОЛОВ,  Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

«Ақпараттық технология» – жаңа  пән

–  Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына бұрын көшкен және аталған жүйеге алғаш енетін сыныптардың оқулықтары үшін 945 миллион теңге бөлінді. Бүгінде бұл соманың 30 пайызы төленді. «Арман», «Мектеп», «Білім», «Алматы», «Назарбаев», «Бөбек» секілді баспалардың оқулықтары  жеткізіледі. Кітаптарды Атырау қаласына тасымалдауға бес миллион теңге қаралды. Оныншы тамыздан кейін бұл жұмысқа арнайы конкурс ұйымдастырылып, жеңіп алған кәсіпкер 20 тамызға дейін өңірге жеткізуі тиіс.

Жалпы, 25 тамызға дейін қаладағы 57 мектептің кітапхана қоры жаңа оқулықпен толығады. Биыл үшінші сыныптар үшін компьютерді үйретуге бағытталған «Ақпараттық технология» деп аталатын жаңа пән енгізіледі. Қалған оқулықтар – бұрынғы пәндер. Осы жылы оқулықтарға сұранысты артығымен жібердік. Ең бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы отбасының, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар толық қамтылады. Қалған оқушыларға оқулық жетіспей қалған жағдайда, қыркүйек айының ішінде толықтырылады. Кейбір ата-аналар мектеп әкімшілігіне жүгінбей, өз ерік-терімен сатып алып жатады. Бірақ, қалада мұндай мәселе биыл орын алмайтыны анық. Оқушы бір мектептен екіншісіне ауысқан жағдайда пән кітаптарын бұрынғы оқу орнынан алады.

Амангелді БАҒДАРОВ, Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы:

Мәселе болған емес

– Аудандағы 17 мектеп оқушылары осы жолы 20019 дана жаңа оқулықпен қамтылады. Тасымалдаушы мекемеге 742 мың теңге төленеді. Бұған дейін білім беру ұйымдарында ата-аналар тарапынан «оқулық неге жоқ?» деген сауал туындаған емес, биыл да орын алмайды. Себебі, бәрі де алдын ала жоспарланды. Кейбір мектептерде бір-екі оқулық жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бірақ, ол міндетті түрде шешімін табады.

Эльмира ҚОНЫС (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді), кітап дүкенінің сатушысы:

Сұраныс қыркүйекте түсе бастайды

– Дәл қазір дүкендерде бірінші сыныпқа арналған пәндердің жұмыс дәптерлері ғана бар. Математиканың дәптері – 1280, ағылшын дәптері  – 2250, жетінші сыныптың «өзін-өзі тану» оқулығы – 500, «Қазақстан тарихы»  – 2000, басқалары 1500 теңгеден сатылуда. Бір оқушыға қажетті барлық пән оқулықтарының бағасы әзірге белгісіз. Өйткені, жаңалары толығымен 10 тамыздан кейін жеткізіледі. Бүгінде кітап сұрап келген бірен-саран ата-ана бар. Жалпы, сұраныс қыркүйекте басталады.

P.S. Жыл сайын білім беру ұйымдарының өкілдері оқушы санына санақ жүргізеді. Әр сыныпта қанша баладан оқитыны анықталады. Биыл сұраныс бойынша тапсырыстың артығымен берілгені көңіл қуантады. Ендігі уақытта қомақты қаржыға қолы жеткен баспа оқулықтарында олқылық орын алмаса, сапасы да сын көтерсе деген ой мазалайды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз