Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алудан босатылды

WhatsApp Image 2019 05 17 at 11.50.33 1 Білім

Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Атырау облысында мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатыспайтын болады.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев білім беру саласы қызметкерлерімен өткізген жиналыста: – Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алудың қиын рәсімдеріне қатысудың орнына өз міндеттерін атқарулары тиіс , – деді деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нұрлан Ноғаев мектеп директорларын бұл процеске қатыстырмай, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүйелендіруді және орталықтандыруды тапсырды.

– Мектеп директорлары өз құзыреттеріндегі мәселелермен ғана айналысулары керек. Мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға міндетті емес және бұл жұмысты орталықтандыру қажет. Мемлекеттік сатып алу саласын дұрыс білмегендіктен, мектептерде қателіктер кетеді, соның кесірінен сапасыз тауарлар алынып жатады, ал ол оқу процесіне кері әсерін тигізеді. Басқа да проблемалар бар. Әр мектеп ыстық тамақ жеткізушіні өзі анықтайды, сондықтан білім беру мекемелерінде ас мәзірі әр түрлі. Ата-аналар тарапынан шағымдар бар. Орталықтандыру арқылы осы жағдайды түзеуге болады, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

WhatsApp Image 2019 05 17 at 11.50.33

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Жақын уақытта мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу мәселелерімен айналыспайтын болады, сондай-ақ, бухгалтерлік есепті орталықтандыру жоспарланып отыр.

– Қазір бәріне цифрлық үлгіде қарап отыруға болады. Бәрі анық, қолжетімді көрсетілетін бағдарлама құру керек. Әр оқытушы өзінің қанша жұмыс істеп, қандай еңбекақы алатынын көріп отыруы тиіс. Сол кезде қызметкерлердің оқу сағаттарына ақы төлеу төңірегіндегі сауалдары мен талаптары болмайды,-деді Нұрлан Ноғаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз