Ел болашағы – білімді ұрпақ

bilim Білім

Елбасының білім берудің жаңа сапасын дамытудағы міндеттемелері аясында бірқатар бағыт, тың көзқарас енгізіліп, жаңаша іс-шаралар жүргізілді. Өзгерістер негізінде аймақтың білім саласы жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай биылғы оқу жылының да мақсаты айқын.

bilim

Бәсекеге қабілеттілік – басты ұстаным

Осы мақсатты көздеген 193 мемлекеттік, төрт жекеменшік білім ордасы оқушыларды қабылдайды. Білім ордаларында материалдық-техникалық базаны нығайтып, орын тапшылығын жоюда барлық жағдай жасалуда. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында алты апаттық мектеп болса, бүгінде мұндай нысан саны – төрт. Құрманғазы ауданындағы Лабай орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Үшеуінің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Оқушылардың ғылыми-шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру, ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда жаңа серпілістер байқалады. Оған дәлел, өткен оқу жылында дарынды 71 оқушы республикалық, 20 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдегері атанды.

Республикада 30 пилоттық мектеп қатарында жаңартылған білім мазмұнын апробациялау жұмысы Атырау қаласындағы №17 мектеп лицейі мен Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте жалғасады. Аталған білім беру ұйымының мектепалды даярлық сыныбында «Әліппе» оқулығы мақұлдаудан өтті.

Мектепке дейінгі ұйымдарға кезектілікті қалыптастыру және жолдамалар беру, оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау процесін автоматтандыруға 170 млн. теңге бөлініп, 163 балабақшада және 182 мектепте мұндай жұмыстар жүргізілуде. Бір техникалық кәсіптік білім беру ұйымы «Platonus College» электронды жүйесіне қосылды. Бұл жолы 11 колледж үшін жергілікті бюджеттен 12 млн. теңге бөлінді.

 ҰБТ – жетілдірілген форматта

ҰБТ тапсыруға арналған сегіз пункт те www.testcenter.kz сайты арқылы онлайн трансляцияға қосылды. Кез келген аудиторияны онлайн қарауға мүмкіндік туды. Бұл жүйеге өткен жылы Атырау және Құлсары қаласындағы екі аудитория тіркелсе, биыл барлық орталық осы бағдарламамен толық қамтылды. Дайындық барысында түлектердің басым бөлігі онлайн тесттен өтті. Бұл кітапқа қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірнеше нұсқалары бар.

Сондай-ақ, биыл сұрақтар 50 пайызға жаңарды. Басты ерекшелік: тестілеуді үш тілде тапсыру енгізілді, яғни, тест тапсырушы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өз қалауы бойынша таңдауға ерікті. ҰБТ-ға қатысушы 3847 түлектің жетеуі атал-ған сынақты ағылшын тілінде тапсырды. Жалпы, ҰБТ-ның орта балы  74 ұпайды құрады.

Талаптыға берілген мүмкіндік

Жаңа оқу жылы қарсаңында сұранысқа сай мамандар дайындауда білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларын таңдаған 230 түлекке облыс әкімінің гранты бөлінді. Бұдан бөлек, 16 студент «Өңірлік экономикалық даму бағдарламасы» мен «Жерді пайдалану басқармасының» шеңберінде білім гранттарын иеленді. Мемлекет есебінен оқитын бұл студенттер кейін өңірде мамандығы бойынша жұмыс істеуі қажет. Студенттерге көрсетілген бұл қолдау аймақтағы кадр жетіспеушілігін жояды деп есептейміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша биыл 250  студент білім алады. Жыл сайын техникалық және кәсіби білімі бар мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Кадрларды даярлаудың дуальды моделінің элементтерімен оқу жүйесі әзірленіп, цифрлық сауаттылық  дағдыларына, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жөніндегі бағдарламалар жасалды. Облыста 23 мамандық бойынша 15 оқу орнында  дуальдық оқыту жүйесі еніп, аталған жүйемен 886 студент 23 мамандықта 84 кәсіпорынның қатысуымен білім алуда. Дуальды оқытуда оқу орындары, студент, кәсіпорындармен екі және үш жақты 90 келісім-шарт жасалды. Мұндай жүйемен білім алған студенттердің  бүгінде 92 пайызы жұмысқа орналасты.

Облыстың қосымша білім беру саласының даму перспективасы зор. Бұл сөзімізге соңғы бес жылда осы бағыттағы көрсеткіштің 8,6-дан 22,4 пайыз-ға көтерілгені дәлел. Жазғы тынығумен оқушылардың 97 пайызы қамтылды. Осынау нәтижеге жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін көбейту, өңірдегі өндірістік компаниялардың демеушілігі арқылы қол жетті.

Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

облыстық білім беру  басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз