Ғалымнан қалған із

EAC5672 Білім


«Профессор Хисмет Табылдиевтің ғылыми мұрасы және өлкетанудың ғылыми негіздері». Осындай атаумен Атырауда ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Хисмет Табылдиевке арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

EAC5672

Аталмыш шараға тарих, философия, педагогика, өлкетанушы  шетелдік ғалымдар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орнының ұстаздары, музей, архив, кітапхана мамандары және Хисмет Бозанұлының ұрпақтары қатысты.

Алғы сөзде Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев   аталған конференцияның маңыздылығына тоқталып, көпшілікке құттықтауын жеткізді.  

Экономика ғылымдарының докторы, Атырау облысының Құрметті азаматы Равиль Шырдабаев Хисмет Табылдиевтің  жарты ғасырға жуық өмірін жоғары білімді мамандар даярлауға арнаған білікті ұстаз екендігін айтты.

«Атырау облысында Елбасының тапсырмасымен индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүруде. Президентіміздің өзі іргетасын қалап, батасын берген «Болашақ» зауытының жобасы екпінді құрылысқа айналды. Мұнда шетелдіктермен қатар, қазақтың жігіттері мен қыздары еңбек етуде. Жаңа технологияны меңгеріп, игеруде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы туған жер, өлкетану мәселелерін дамытуға жақсы бағдар беріп, жолға қоюды ұсынып отыр. Осы тұрғыда профессор Хисмет ағамыздың Атырау өңіріне байланысты жазылған еңбектерінің маңызы зор» дейді ол.

«Атырау қаласының тарихы», «Атырау облысының тарихы» монографияларындағы ғалымның ғылыми тұжырымдары мен ұстанымдары, келтірілген тарихи дереккөздері арқылы тарихты да, тарихи өлкетануды да кешенді пән ретінде өзекті етіп, аймақтану және пәнаралық байланыс қағидаттарына сүйенгенін айқындайды» деген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова ғалымның ғылыми мұраларына өзіндік талдау жасады.

Конференция барысында «Атырау облысының тарихы» атауымен ғалымның жинақтаған материалдары негізінде жарық  көрген жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Туындының лентасын кесу құрметі «Ардагерлер ұйымы» республикалық кеңесінің бірінші орынбасары, ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев пен Атырау облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовке бұйырды.

Түркияның Стамбул қаласынан арнайы келген Миман Синан, Көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара «Тарихшы, педагог, журналист, мемлекет қайраткері ретінде                        Хисмет Бозанұлының өмірі мен еңбектерін қазіргі жаһандық кезең тұрғысынан бағалау» тақырыбында баяндама жасады. Батыс Қазақстан облысынан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі Тұяқбай Рысбеков азаматтың үш қырына тоқталды.  Сонымен бірге, Будапешттен «Барыс» Мажар-Қазақ қоры төрағасының орынбасары, Этвёш Лоранд атындағы мемлекеттік университетінің лекторы Оңайша Мандоки құттықтау сөз сөйледі. «Біздің университет Хисмет ағамыздың шығармашылығын жақсы біледі. Кейбір мақалаларын да  аудардық. Соның ішінде, Қыпшақ халқы Хисмет Бозанұлының еңбегін бағалап, Мажарстан азаматтарының ішінде халық үшін еңбек сіңірген ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, халыққа белгілі азаматтарға берілетін «Құрметті азамат» орденін берді» деп, награданы жұбайы Майра апайға және артында қалған ұрпақтарына  табыс етті.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмазия Жұмабаева «Профессор Xисмет Табылдиевтің еңбектеріндегі өлкетану мәселелері» атты баяндамасында былай дейді: «Х.Бозанұлы – ғылымда жолы болған адам. Өйткені, оның алғашқы диссертациялық зерттеуі «Социалистік Гурьев тарихы» деп аталғанымен, мазмұны XVII-XX ғасырларды да қамтып, Атырау өлкесінің бодандыққа дейінгі тарихынан мағлұмат берген іргелі еңбек ретінде қазақстандық тарихнама қорына енді. Бұл еңбек несімен құнды? Біріншіден, өлке тарихын зерттеуімен, екіншіден, Кеңес заманында рұқсат етілмеген қазақ тарихының кезеңдері туралы деректер беруімен құнды.

Осы тұрғыдан қарағанда Х.Табылдиевтің еңбектері Атырау тарихының көне парақтарын қозғауымен ерекше» деген ол осы жазбасы арқылы ғалымның азаматтық парызын орындағанын  баса айтты.

Шара соңында Хисмет                        Табылдиев атындағы стипендия Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Ғаламат Базарбаевқа берілді.

***

Конференцияның екінші кезеңі  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Саламат Ідірісовтың сөзімен ашылды.

Тәуелсіз даму өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына назар аударуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тәуелсіздік жолында бүкіл өмірлерін арнаған «Ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына» ерекше мән берілген. Халық ондай ұмытылмас тұлғаларды қандай тауқымет тартса да естен шығармақ емес.

Алаш азаматы деген ардақты атаққа ел тағдыры, халық тағдыры үшін аянбай тер төккен, өз қандарын төккен, жандарын қиған, ар-намысы таза, ұлтжанды ұл-қыздары лайықты. Солардың бірегейі  ғалым-ұстаз Хисмет      Табылдиев. Хисмет Бозанұлының ғылыми мұрасы мен өмірбаянын зерделегенде сөз жоқ, бірінші айтарымыз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ойға түсері сөзсіз. Себебі, бүкіл саналы өмірі мен қажыр-қайратын ол осы университетке арнады, оны бүкіл халық біледі, құрмет тұтады.

Хисмет Табылдиевтің көрнекті ғалым ғана емес, ел танитын, әрі сүйсініп сыйлайтын абзал азамат болып қалыптасуында бұрын Гурьев педагогика институты деп аталған қазіргі Атырау университетінің алар орны ерекше. Университеттің Халел Досмұхамедов есімімен аталуы үшін де атқарған еңбегі ұшан-теңіз. 1973 жылы «Социалистік Гурьевтің тарихы» тақырыбында кандидаттық, 1997 жылы «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе» атты докторлық диссертацияларында туған жерінің, өскен өлкесінің өткен шежіресін зерттеді, жұртшылыққа паш етті. Ғылыми еңбектерінің негізі он екі томдық «Үлкен қазақ энциклопедиясында», үш томдық «Боздақтар» жинағында, Атырау облысының энциклопе-диясында жарияланды. Оннан астам ғылыми монографияның, 250-ден аса ғылыми-танымдық мақаланың авторы. Жас ұрпақтың ұлттық-тарихи санасын өркениетті деңгейге көтеруде Хисмет Табылдиевтің мұрасы өз маңызын еш уақытта жоймақ емес,-деді Саламат Ідірісов.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Мадрид университеті профессоры Самат Өтениязов, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан және Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі Маржан Ершу, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдар Сәрсенов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайполла Сапановтар ғалымның соңында қалған ғылыми мұрасының маңызына тоқтала келе, ендігі жерде оның екінші «өмірі» басталғанын айтты. Өзі шежіресін көз майын сарқып отырып зерттеп-зерделеген Қазақ елі аман тұрғанда, соңында шәкірттері мен ұрпақтары барда Хисмет Бозанұлының аты өшпейтіні кәміл.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз