«Болашаққа» – 25 жыл немесе баламасы жоқ бағдарлама

1485227029 bolashak Білім

1485227029_bolashak

Елде атқарылған қандай игілікті іс болсын соның бастауынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін көреміз. Өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Болашақ» мемлекеттік стипендиясын құру жөнінде стратегиялық шешімі де талантты жастардың жолын ашты. Қоғамның түрлі саласына серпін беріп, ел экономикасына айтарлықтай табыс әкелді. Себебі, «Болашақ» сынды бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ еді.

Міне, сол бағдарламаның жүзеге асқанына биыл – 25 жыл. Бір қарағанда аз уақыттай көрінгенімен, осы кезеңде атқарылған іс жайында ауыз толтырып айтуға болады. Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы бүгінде дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналып үлгерді.

Иә, қазір шетелде білім алуға қазақстандық жастардың қызығушылығы жоғары. Ауыл-аймақтағы оқу орындарынан гөрі сапалы білімді сырттан іздегенді дұрыс санайды. Мұндай көзқараспен де келіспеуге болмас. Себебі, өзге елді көру, оның тілін үйреніп, тарихымен, мәдениетімен танысу кім-кімге де артық етпесі анық. Қолын алысқа сермейтін арманшыл, мақсатшыл жастарға «Болашақ» бағдарламасы мол мүмкіндік берді. Мүмкіндік болғанда қандай? Бізден бұрынғы ұрпақтың «түсіне де» кірмеген ерекше жағдай еді. Бұл – қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіндік.

Аты айтып тұрғандай, «Болашақпен» білім алған жастардың келешегі де жарқын. Мемлекет басшысының 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған бағдарлама арқылы бүгінге дейін әлемнің 70-тен астам маңдайалды оқу орындарында білім алған 10 мыңнан астам маман елге оралған. Түлектердің жалпы санының 53,2%-ы ­– гуманитарлық, 37,8%-ы – инженерлік-техникалық, 7,3%-ы – медициналық және 1,7%-ы –шығармашылық мамандықтар бойынша оқыды.

Аталмыш бағдарламаның жемісті жұмыс атқарып жатқанын «Болашақ» стипендиясының 25 жылдық мерейтойы аясында Атырауда өткен халықаралық білім көрмесі барысында да көз жеткіздік. «International Education Fair 2018-2019» атты көрмеге 26 елден келген 90-ға жуық университет өкілдері қатысты. Америка, Ресей, Чехия, Англия, Қытай,Түркия және өзге де елдерден келген университет өкілдерімен халықаралық тілде атыраулық жастар емін-еркін сөйлесіп, шетелдердегі ахуал жайында сұрап жатты. Жастардың өзге елдерде білім алуға деген қызығушылығы жоғары. Оны көрме барысында да айқын аңғардық. Ал, көрмеге топ-тобымен келген өңірлік жастардың басым көпшілігінің ағылшын тілінде еркін сөйлеп, өзге елдердің бізге деген ерекше ықласын сезгенде, Елбасы саясатының  айқын жемісін көргендей күй кештік. Жетпіс жылдан астам Кеңес үкіметінің қол астында болған Қазақстанды қайта жаңғыртқан Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбектері көз алдымыздан тізіліп өте берді!.. Иә, Тәуелсіз Қазақстан бір жетістікке қол жеткізсе оның ұшар шыңында еліміздің Тұңғыш Президенті тұр.

Халықаралық көрме барысында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» баспасөз хатшысы Гүлшекер Қуанбай «Болашақ – Елбасының төл туындысы» деген еді. Бірнеше тілді меңгеріп, Тұманды Альбионда арманын ақиқатқа айналдырғанын ол, бағдарламаның мүмкіншіліктері жайында айтты.

– Әр елдің тілін үйренген сайын, сол мемлекеттің тарихы, әдебиеті, мәдениетімен танысып, өзіңе тәжірибе жинақтайсың. Бұл тек өзің үшін ғана емес, еліңнің келешегі үшін де маңызды. Англияның Лидс университетінде оқып жүріп соны түйдім. Халықаралық журналистика мамандығы бойынша оқып, біліктілігімді арттырдым. Қазақстандықтар алдымен «Шетелдерге неге қызығады?» деген жалпылама түсініктен арылуы керек. Мәселен, мен білім алған оқу орынның кітапхана жүйесінен көп нәрсені үйренуге болады. Уақытпен санаспай, 24 сағат жұмыс жасайтын кітапханада барлық жағдай жасалғандықтан, адамдар көп уақыт кітап оқиды. Онда ауқаттанып, тынығуға арналған арнайы орындар да жасақталған.Ұрпақ болашағын ерте ойлайтын ол елде мектеп қабырғасында да балалардың кітап оқуына барлық жағдай қарастырылған» деген «Болашақ» түлегі шетелде оқудан шошынбай, керісінше білімді шыңдау қажетігін айтты.

«Қазақстан – 2030» стратегиясын қысқа мерзімде табысты іске асырудағы тарихи жетістігіне «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қосқан үлесі де аз емес. Мыңдаған жастың арманын орындап, алдағы өміріне жарқын жол салып берген «Болашақтың» игілігін бүгінде бүкіл ел көруде. Қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жатқан мамандарға қарап Елбасы ұстанған сарабдал саясаттың жемісін көреміз. Иә, бұл санаулы адамдарың ғана емес, ел болашағына салынған капитал еді…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз