Бірыңғай мектеп формасы: ұл-қызыңыз оқу жылына дайын ба?

mektep formasyi Білім

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл уақытта балаларын жетектеп, сауда орындарына ағылған ата-аналар аз емес. Науқан кезін пайдаланған саудагерлердің де саудасы қызу жүруде. Ал, нарықтағы бүгінгі бағаны барлығының бірдей қалтасы көтере ме? Жалпы, қазір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Бірінші қыркүйек қарсаңында әр ата-ананың «бас ауруына» айналатын бұл жайға біз де үңілдік.

????????????????????????????????????

Бір оқушыға қанша қаржы қажет?

Аталған мәселедегі ең маңызды сауал да осы. Облыс орталығында бірнеше сауда орындары болғанымен, көпшіліктің жиі баратыны – «Дина» базары. Мұнда аймақтың әр түкпірінен келген тұтынушылар сауданың көркін қыздыруда. Олар биылғы белгіленген талапқа сәйкес бірыңғай мектеп формаларын іздеумен әлек.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, форманың түсі қою қара көк. Ұл балаларға да, қыз балаларға да өздерінің таңдауы бойынша ақ жейде кию ұсынылды. Ұлға да, қызға да негізгісі жилет, ауа райының суық кезінде трикотаж пиджак  киіледі. Ұлдар тобықты жауып тұратын классикалық үлгідегі шалбар, ал, қыздар үлгісі таңдауы бойынша, ұзындығы тізеден 5 см жоғары, не төмен болмайтын юбка киеді.  Жилеттің кеуде ойығы өте үлкен болса, оған рұқсат жоқ.

Осындай белгіленген талаптарға сәйкес келетін Ресейдің «Делорас» фирмасының қыздарға арналған пиджагінің бағасы базарда 15-16 мың, юбка 10 мың, жилеті 8-10 мың теңгеден сатылуда. Ал, аталмыш фирманың ұлдарға арналған костюмі – 25 мың, түріктің «LD» фирмасының костюмі 35 мың теңгені құрайды. Туфли, бәтеңкелер жеңілдікпен он мың, ұлдардың ақ жейдесі төрт-жеті, ал, қыздардікі сәнділігіне қарай төрт мыңнан оң мыңға дейін бағаланыпты.

Спорттық үлгідегі киім 14-18 мың, кроссовка 10 мыңнан жоғары болса, бантик үш жүзден мың теңге аралығын қамтиды. Оқушыға ыңғайлы ортопедиялық сөмкелер 10-12 мың теңгеден сатылуда. Бұл – базардағы ең сапалы деген тауарлардың бағасы. Бір баланы аталған сауда орнынан мұндай киіммен қамтып, мектепке толық дайындаудың құны шамамен жетпіс мыңға жетеді. Бұған оқу-құралдарына жұмсалатын қаржыны тағы қосыңыз. Нарықтағы осынша бағамен мектепке дайындауда бірнеше баласы бар кез келген ата-ананың шамасы жете бермесі анық.

Қытай, Қырғызстан тауары арзанырақ

Көрпесіне қарай көсілген ата-аналардың бір тобы  Қытай, Қырғызстаннан әкелінген өнімдерді алуға мәжбүр. Өйткені, олар әлгіндей емес, әжептәуір арзан. Юбка – бес, царафан – сегіз, жейделер үш-төрт мыңнан сатылуда. Осылайша, базарда матасы да, тігісі де әртүрлі өнімдер толып тұр. Оларды аралап, өздеріне қолжетімді, әрі сапалы тауар іздеп жүргендер де аз емес.

Мен бес баланың әкесімін. Үшеуі мектепке барады. Екеуі балабақша жасында. Үш баламды мектепке дайындау үшін Исатай ауданынан келдім. Облыс орталығындағы базарлардағы мектеп жәрмеңкелерін аралай жүріп, қажетті өнімдерді «Динадан» алуды ұйғардым. Басқа сауда орындарында бірі болса, бірі жоқ. Бағасы да қалтаға сай емес. Қазір үш балаға қажетті киім-кешектерге 150 мың теңге жұмсадым. Ал, оқу құралдары 20 мың теңгеге шықты. Әлі де сатып алынбаған біраз дүниелер бар. Олар үшін есептеуімше елу мыңнан аса қаржы жұмсауым керек. Барлығын қосқанда үш оқушыға екі жүз мың теңгеден аса қаражат кетеді, – дейді Хамит Ерғалиев ауылының тұрғыны Нұрбол Дәулетов.

Негізі қаладағы әр базарда баға әрқалай. «Бақдәулет» сауда орнында мектеп формасы 12 мыңнан 14 мың теңгеге дейін бағаланыпты. Бұл сома қолжетімді дегенмен, мұнда көпшілік қажетті өлшемді табу қиынға соғатынын айтты.

Отандық өнімді көбейтсек…

Мектеп жәрмеңкелеріндегі осындай жайтты көргенде «отандық өндіріс орындарын көптеп ашып, балалар киімдерін тігуге бетбұрыс болмай ма?» деген ой мазалайды.

«Атырау қаласындағы «Өнерпаз» сауда үйі мен базарлардағы кейбір тігін ательдері мектеп формасын тігуде. Мұнда дайын жилет бес мың, жеңі ұзын жейде сегіз мыңнан сатылуда. Ал, арнайы тапсырыспен тігу он-он екі мың теңгеге шығады. Бұл тұста қажетті материал тапсырыс берушінің өзінен екенін ескерсек, бір форманың сомасын бағамдай беріңіз. Сондықтан, қолжетімділікті арттыруда отандық тауар көптеп шығарылса», – дейді атыраулық ата-ана Шынар Оқасова.

Оқу құралдарының да бағасы шарықтап тұр. Қазір жаз мезгілінің басындағы бағаларды кездестіру қиын. Күнделік – 500, түрлі-түсті қарындаш – 800, пенал 1500-2000, пластилин 350-1000 теңге тұратын басқа да қажеттілікті есептегенде бастауыш сыныптың бір оқушысына он мыңнан аса қаржы жұмсалады.

P.S. Зерделеу барысында базардағы бағаны бағамдадық. Мектепке қажетті тауарлар өткен жылмен салыстырғанда біраз қымбаттаған. Арзан деген дүниенің сапасы да соған сай болатынын ескерсек,  олар жыл бойы қолдануға жарамсыз. Ал, әр баласын бағасы шарықтап тұрған өніммен қамтуға екінің бірінің қолы жетпейді. Бұл жағдайда жетім, көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсетер қайырымды жандар қатары артса игі.

Cіз не дейсіз?

Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Бұлбәріне ортақ талап

– Арнайы форма оқушылардың жай ғана киімі емес, мектептің тәртібі мен білім алушыға қойылатын талапты айқындайды. Осы тұста облыста бірыңғай мектеп формасын енгізуде бірнеше эскиздер ұсынылып, қою қара көк түс таңдалды. Оны тіктіруге ата-ана «Өнерпаз» серістестігіне тапсырыс бере алады. Бұдан басқа, өздері қалауынша кез келген тігін цехы, мекеме, жеке кәсіпкерге де тіктіруге болады.

Биылғы мектеп формасын тігуге қызмет көрсету үшін аймақтағы өндірістік орындар мен жеке кәсіпкерлерге облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы ақпарат жеткізілді. Барлық білім ордаларының дәліздерінде бірыңғай мектеп формасының үлгісінің түрлі түсті стендісі қойылды. Жаңа оқу жылында оқушылардың әрқайсысынан форманы сақтау сұралады.

Алтыншаш Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз