Атырауда 66 жастағы студент диплом алды

Білім Басты жаңалық Ел жаңалықтары Жаңалықтар

Atr.kz/4 қыркүйек, 2019 жыл. Биылғы жаз айлары – Атырау облысындағы Құлсары қаласының тұрғыны Тұрғали Сатқанбаевтың өмір жолындағы ерекше елеулі кезең.

Ол үстіміздегі жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіріп, журналистік дипломға ие болды.

Сөйтіп, бұрын Алматы теміржол инженерлер институтын бітірген Тұрғали бала кезден бергі арманы журналист мамандығын алуға 66 жастың желкенін керген шағында қол жеткізді.

Ол туралы университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәншүк Мұқашева:

– Бір жақсысы, Тұрғали жасының ұлғайып қалғандығына қарамастан өзі сүйген екінші мамандықты меңгеруге зор жауапкершілікпен қарады. Біздің кафедраның профессороқытушылары тарапынан берілген тапсырмаларды уақытында ұқыпты орындап, аралық сессиялардағы сынақтар мен мемлекеттік емтиханды қамшы салдырмай тапсырып, үздік оқыды. Сонымен қатар, ол оқырман қауымға ақындығымен де танымал қаламгер, – дейді.

«Атырау – Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз клубында қаламгер Тұрғали Сатқанбаевтың «Жоғалған жұлдыз» атты жыр жинағының тұсаукесері өткізілді. Оған облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жырсүйер қауым жиналды. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған өлкетанушы қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов:

– Халық даналығында «Ештен кеш жақсы» деген бар емес пе? Тұрғали замандасымыз, міне, екі бірдей ерекше қуанышты сәтіңмен бәрімізді тәнті етіп отырсың. Біріншіден, 66 жасқа жеткеніңде университет бітіріп, жоғары журналистік мамандық алдың. Сондай-ақ, тұсауы кесіліп отырған «Жоғалған жұлдыз» атты жыр кітабын баспадан шығарып, оқырмандарға мәнді, мазмұнды жыр жинағыңды ұсындың. Сенің кескін-келбетің Орал өңірінен шыққан қазақтың ұлы ақынын көз алдымызға әкеледі. Қаламыңыз жазудан құрғамасын. Өзіңе сол дара данамыздың ақжолтай жолын бергей!- деп шынайы көңілінен өрбіген ақ тілегін арнады.

Биылғы университет бітірушілер арасындағы ең егде студент Тұрғали Сатқанбаев қолына екінші мамандығының дипломын алуымен қатар жыр жинағын да көпшіліктің көзайымына айналдырды.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *