Абзал ТӘЛТЕНОВ: «Бар игіліктің бастауы – білімде»

ұрпақ Білім

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – мұнайлы өңірге ғана емес, күллі республикаға танымал, білімнің қара шаңырағы. Жаңа оқу жылы таяған шақта аталмыш университеттің ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Абзал ТӘлтеновпен сұхбаттасудың сәті түсті.

ұрпақ

Сұранысқа қарай – басымдық

– Абзал Ахатұлы, жалпы, жоғары білім алуға қажетті грант-тар саны қалай анықталады? Осыған орай өңірлердің кадр-ларға деген сұранысы қаншалықты ескеріледі?

– Халқымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп, ежелден бұл салаға ерекше маңыз берген. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы елдің индустриалдық-инновациялық дамуының, кадр-ларға салалық және өңірлік қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес анықталады.

Егер осы кезге дейін елімізге қажетті мамандар дайындауға мемлекеттік білім гранты тек республикалық бюджеттен қаржыландыру арқылы анықталып келсе, биылдан бастап облыстық бюджеттің шығыстары қатарына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау мүмкіндігі де енгізілді. Демек, облыстық бюджет есебінен жергілікті атқару органдары мен жоғары оқу орындары бірлесе отырып, өңірлерге қажетті мамандарды шынайы өндіріс қажеттілігіне негіздеп, нақты нысандар үшін кадрлар дайындауды жүзеге асыра алады. Мұндай жаңашыл шешім жергілікті жерлердегі сұранысы мол мамандықтарға деген тапшылықты жоюға әкелері сөзсіз.

Сондай-ақ, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша да жұмыс күшін көп қажет ететін өңірлерге халық саны көп елді мекендерден студенттер тарту көзделген.

ұрпақ5

Жаңа жобалар нені көздейді?

–  Ал, Атырау өңірінің бұл жобаға қатысы қандай деңгейде?

– Жалпы жоба аясында 100 білім гранты берілді. Олар баста-уышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі, дефектология, химия, математика, физика, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, информатика, шетел тілі: екі шетел тілі, қазақ тілі және әдебиет, су ресурстары және суды пайдалану мамандықтарына бөлінген.

– Жоғарыда аталып өткен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын білім гранттары бойынша нақтырақ айтып берсеңіз?

– Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірге қажетті және жетіспейтін мамандар туралы мәселені, оларды сапалы дайындау проблемаларын үнемі назарында ұстап отырады. Осы ретте өңірдегі педагогикалық кадр-ларға деген сұранысты зерттеп, аймақ басшысының қолдауымен біздің университетке мұғалімдік мамандықтарға 150 грант облыстық бюджеттен бөлінеді деп күтудеміз. Облыстық білім беру басқармасы бұл сұраныстарды Атырау қаласы мен аудандар шеңберінде анықтап отыр. Сондай-ақ, қазіргі уақытта  аграрлық секторды дамытуға арналған сұраныстар зерттеліп, облыстық бюджеттен агрономия, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау, су ресурстары және суды пайдалану мамандықтарына кадрлар дайындау мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл гранттарды алуға арналған конкурсқа өтініштер 10-17 тамыз аралығында университеттің қабылдау комиссиясында жүргізіледі.

Жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясының отырысы 17-25 тамыз кезеңінде өткізіледі. Конкурс нәтижесі бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді және білім беру гранты иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Студенттер қатарына қабылдау 28 тамызға дейін жүргізіледі.

ұрпақ4

Студенттер саны өсіп келеді

– Студенттер қабылдауға қатысты тағы қандай жаңалықтар бар?

– Бакалавриатқа I курсқа қабылданатын студенттер саны жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, 2015 жылы 1624 студент оқуға қабылданса, 2016 жылы 2009 студент қабылдадық, биыл 3000-ның үстіне шығады деп күтілуде.

Бұл жерде айта кететін жағымды жаңалығымыз – жылдан жылға грантпен оқитын студенттер саны артып келеді. Егер алдыңғы жылдары оқуға грантпен түскен студенттер саны 100-ге жетпейтін болса, биыл жоғарыда айтып өткені-міздей, университеттің өзіне бөлініп тұрған гранттар саны 300-ге жуық. Республика бо-йынша бөлінген гранттар саны мен біздің университетке құжат тапсырған талапкерлер санының артқанын ескерсек, 400-дің үстінде мемлекеттік білім грант иегері біздің студентіміз болады деп күтеміз.

Оған қосымша, былтыр 50 тыңдаушы ағылшын тілін тереңдетіп оқыту курсына мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылданып еді, биыл осы тыңдаушылардың 28-і мамандықтары бойынша оқуын ағылшын тілінде жалғастыруға мемлекеттік білім беру грантының иегері болды. «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» мамандықтарының II курсын жақсы бітірген ақылы түрде оқып жүрген 30 шақты студентіміз 8-9 тамыз күндері тілдік деңгейін анықтау емтиханын тапсырады. Сынақтан жақсы өткен студенттер III-IV курста оқуларын мемлекеттік білім беру гранты негізінде   жалғастыратын болады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне запастағы офицерлерді даярлау мақсатында университетте әскери кафедра құрылған. 2016-2017 оқу жылынан бастап 100 студент әскери кафедрада білім алса, жаңа оқу жылына әскери кафедрада оқуға тағы қосымша 120 орын бөлінді.

ұрпақ2

PhD жол ашылды

– Келесі кезекте жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша да айтып өтсеңіз.

– Магистратураға деген сұраныс та артып келеді. 2015 жылы бар жоғы 95 магистрант қана I курсқа қабылданса, былтыр 158 магистрант қабылдадық. Биылғы мемлекеттік тапсырыстың өзі 72 грантты құрайды, оның 5-еуі –мақсатты да-йындау гранттары. Университетте магистрлар дайындауға деген мемлекеттік тапсырыс соңғы жылдармен салыстырғанда екі-үш есеге артып отыр.

2017 жылы «Информатика» мамандығы бойынша мемлекеттік білім гранты негізінде ағылшын тілінде оқуды он магис-трант бітіріп шықты. Бұл мамандықта білім магистрін ағылшын тілінде дайындауға 125 мемлекеттік тапсырыс бөлінген, оған қосымша университеттің бұл мамандық бойынша сегіз ғылыми-педагогикалық бағыттағы мемлекеттік грантқа квотасы бар.

Университет қазіргі уақытта 14 мамандық бойынша 44 білім бағдарламасына магистратурада оқуға үміткер қабылдауда. Жоғары оқу орындарына берілген академиялық дербестік лицензиямыз бар мамандықтар шеңберінде мемлекеттік қызмет, банктер мен құқықтық органдар қызметкерлеріне заманауи білім бағдарламаларын ұсынуға мүмкіндік берді. Дәстүрлі түрде мұғалімдер, жаратылыстану мен гуманитарлық бағыттағы магистрлер дайындау жаңа форматқа көшірілуде. Электронды оқыту, қашықтықтан оқыту, әлемдік деңгейдегі топ-университеттердің ашық онлайн курстарын қолдануға негізделген жаңа оқыту технологиялары енгізілуде.

Тағы бір жақсы жаңалығымыз, биыл біздің университеттің оқытушылары үшін PhD докторантурада мақсатты да-йындауда мемлекеттік тапсырыс негізінде 16 орын бөлінді. Сонымен қатар, университет гранты негізінде ғылыми әлеуеті төмендеп кету қаупі бар мамандықтарға PhD докторларын дайындауға төрт орын бөлгелі отырмыз. Тиісті университеттермен келісім-шарттар жасалу үстінде. Қазіргі уақытта алты маманды PhD докторантурада мақсатты дайындаудамыз, оған осы 20 докторантымызды қоссақ, университетіміздің 26 маманы алдағы үш жылда өзімізге PhD докторы деген атақ алып оралады.

– Атырау университеті жаңашыл, креативті білім ордасы ретінде кеңінен танымал. Осы ретте өзге де білім беру мекемелерімен байланыс туралы білсек.

– Биыл Каспий маңы мемлекеттері университеттері қа-уымдастығының ХХ Бас Ассамблеясы біздің университетте өткізіледі. Бұл бірлестік Каспий аймағында орналасқан университеттер мен ғылыми институттар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында 1996 жылы құрылған, экологиялық, әлеуметтік, мәдени бағыттағы проблемаларды шешу сұрақтары бойынша ортақ мәселелерді қозғайды.

Бас Ассамблея жыл сайын өткізіледі және келесі жылға төрағалық ететін университет анықталады. Қауымдастық жұмысының аумағында студенттік спорт ойындары – универсиада үш жылда бір рет ұйымдастырылады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 2005-2006 оқу жылынан бастап осы бірлестіктің толық мүшесі болып табылады және 2017-2018 оқу жылына қауымдастық төрағасы болып тағайындалған.

Осы орайда 5-6 қазан күндері университетімізге Каспий маңындағы барлық елдердің университет өкілдері келеді деп күтілуде. Осы Ассамблея шеңберінде университеттің жетіс-тіктері әлемге таныстырылады. Сондай-ақ, біздің университетте 2018 жыл-ғы наурыз айында Каспий маңы проблемаларына қатысты сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел», мамыр айында халықаралық білім форумы, қыркүйек айында IV студенттік спорттық ойындар ұйымдастырылады, осы шараларға дайындық жүріп жатыр.

2017 жылдың қазан айында қазақстандық жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі өзінің кезекті отырысын біздің университетте өткізеді. Сол кезде Атырау мемлекеттік университеті өзінің жаңашыл идеялары мен жүзеге асырылып жатқан жобаларын еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таныстыратын болады.

– Рахмет!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз