«Білім сапасы – ұстазға байланысты»

Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА,

Атырау облыстық білім беру басқармасы

басшысының орынбасары:

Б¦л¦м сапасы

– Зылиха Қадырбайқызы, еліміздегі мектептерде 2019-2020 оқу жылына қарай үш тілді білім беру жүйесі енгізілмекші. Бұл жаңа жүйеге біздің облысымыздың дайындығы қалай? Жаңа стандарт сатылы түрде қай сыныптан бастап енгізіледі?

– Бүгінде үш тілді білім беру жүйесі балабақшадан бастап қоғам өміріне етене еніп келеді. Облыс балабақшаларында ағылшын тілін ерте жастан оқытатын топтар ашылған. Мәселен, ағымдағы оқу жылында 121 балабақшаның 538 тобында  13862  бала үш тілде білім алуда. Соның ішінде, Атырау қаласындағы №1 мектепке дейінгі авторлық балабақша ұжымы бірнеше жылдан бері үш тілде оқыту бағдарламасымен жұмыс жасайды. 2015 жылы өткен республикалық «Авторлық бағдарламалар» байқауында №1 мектепке дейінгі авторлық балабақшаның «Үштілділік – балабақша»  бағдарламасы екінші жүлделі орын алып, тәжірибесі  ел  көлеміне таратылды.

Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығына сәйкес,  мектептерде ағылшын тілі пәні 1 сыныптан бастап оқытылуда.  Облыста оқушыларға үш тілді білім беретін үш мектеп бар (Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназия, Атырау «Білім-Инновация» лицейі және Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы  дарынды балаларға  арналған лицей).  Бұл мектептерде 7-11 сынып аралығында физика, химия, математика, информатика, география, биология, алгебра пәндері ағылшынша оқытылады.

– Еліміздегі ата-аналардың 80 пайыздан астамы балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды. Облыста оқушылардың  өзге тілді меңгеруі, сондай-ақ, мұғалімдердің білім беру деңгейі талапқа қаншалықты сай келіп отыр?

– Қазір облыста үш тілді оқыту жүйесіне жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жаратылыстану, математика пәнінен сабақ беретін 53 педагог «Катеv» қоры арқылы ағылшын тілін үйрену курсынан өтсе, физика, химия,  биология және информатикадан дәріс беретін 48 мұғалім аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту курсынан білімдерін жетілдірді. Мұғалімдер Гонконг, Оңтүстік Корея елдерінде  тағылымдамадан өтіп келді.

Жыл басында Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Caspian Training Group» ЖШС-і  ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің деңгейін анықтау мақсатында облыстың 121 мұғаліміне тест өткізді. Жаратылыстану пәнінің 214 мұғалімі  ағылшын тілін үйрететін үш айлық курсқа жіберілді.

Баланың тілдік білім сапасы, таза сөйлеуі мұғалімге байланысты десек, облыста бүгінгі күні шетел тілі мамандарын даярлау мәселесі шешілген. Бұл бағытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі жыл сайын маман даярлау ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

 – Ал, насихат жұмыстары қалай жүруде? Балалардың тілге деген қызығушылығын арттыруға арналған қандай жоспарларыңыз бар?

– Үш тілде білім беруді насихаттау мақсатында жергілікті және республикалық ақпарат құралдарында жариялымдар беріліп тұрады. Облыстық білім беру басқармасының жоспарына сәйкес, мұғалімдер мен оқушылар арасында қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне қызығушылығын арттыру, білім деңгейлерін байқау мақсатында түрлі шаралар жоспарлануда.

Мәселен,  «Полиглот» байқауы, «Ұлы Жеңіске мың тағзым» тақырыбымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде облыстық шығармалар конкурсы, Қазақстан халықтарының тілдері күнінде шығармалар байқауын және көптілді оқыту саласының мұғалімдері мен әдіскерлеріне арналған семинар-практикум өтетін болады.

Мемлекетіміздегі тілдердің болашағы мектеп қызметімен тікелей байланысты. Облыстық білім беру басқармасы да осы бағыттағы қызметін алға қарай дамыта түседі.

Мәлике Мәлік

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*