«БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ – БІРТҰТАС»

– Басты назарда ұстайтын нәрсе – зайырлылық дегеніміз дінсіздік емес, ол – гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ождан және діни сенім бостандығын жүзеге асыруды қолдайтын, дүниетанымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындайтын, адамгершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негізделген әмбебап жүйе. Сондықтан, діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады.

– Демек, білім беру жүйесінің зайырлылығы діни білімге жол берілмейді дегенді білдірмейді ғой?

– Әрине, солай. Зайырлы жүйеде діни білімге де, дінтанулық білімге де тыйым салынбайды. Керісінше, еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған.

Дін – ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болғандықтан, ел азаматтарының дін туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуы орта мектептен басталуы тиіс. Сондықтан, бірінші кезекте дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қа-тысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы дінтанулық ақпараттар орта мектептен бастап, білім беру мекемелеріндегі «Тарих», «Алаштану», «Адам. Қоғам. Құқық», «Этносаралық келісімнің даму тарихы» секілді қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.

– Сөзіңіз аузыңызда, орта мектептерге дінтану негіздері пәні енгізілгеннен бері де біршама уақыт өтіпті. Қандай өзгерістер күтілуде?

– Бұл бағыт назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазіргі таңда аталмыш пәнді заман талабына сай жетілдіру мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Пәннің қоғамтанулық мазмұнын күшейте отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту мақсатында «Дінтану негіздері» пәнінің атын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгертуге шешім қабылданды. Жаңа бағдарлама жасақталып, мазмұнына өзекті толықтырулар енгізілді, бұл бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен бекітілді.

Қазір авторлық ұжымдар тарапынан жасақталған аталмыш пәннің оқулықтан, хрестоматия мен мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешеніне дінтану сараптамасы жүргізіліп, қайта толықтыруға жолданды. Сонымен қатар, жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында «Тарихшы-дінтанушы» мамандығымен педагог-кадрлар даярлау мүмкіндіктері қарастырылуда.

– Ал, дінтанулық білімнің жоғары оқу орындарындағы жай-күйі қандай?

– Дінтану пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің 1400-ден астам оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Еліміздің алты жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Атап айтсақ, олар – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университеті, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

– Орта мектептерде ішінара бой көрсетіп отырған діни себептермен сабаққа қатыспау немесе мектеп формасын сақтамау секілді іс-әрекеттер қаншалықты заңды?

– Зайырлы мемлекеттің қоғамдық қатынастарды реттеу саласы жекелеген топтардың немесе діни бірлестіктердің ұстанымдарына емес, жалпы қоғамның мүддесіне негізделеді.

Сонымен қатар, ата-аналар ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабына сәйкес, баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті екенін және ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабының нормалары бойынша білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті екендіктерін ұмытпауға тиіс. Яғни, заң қағидалары азаматтарға ар-ождан және діни сенім бостандығын берумен қатар, мемлекет алдындағы міндеттер мен  жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқан абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*