БІЛІКТІ ҰСТАЗ ҒАНА БІЛІМДІ ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕЙДІ, –

МЕКТЕП ИМИДЖІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Осыдан 22 жыл бұрын халықаралық ағылшын тілін жетік білетін жергілікті кадрларға деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында облыс орталығында ашылған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған техникалық мектеп осы талаптарды орындауда мақсатты да кешенді бағдарлама бойынша жұмыс істеп келеді. Казіргі таңда өнеркәсіп саласы кеңінен дамыған Атырауда шетелдік мамандардың орнын басатын, ағылшын тілін жетік білетін жергілікті оқушыларды дайындап шығаруға аталған білім ошағы үлкен септігін тигізуде.
Осы уақыт ішінде аталған білім ордасы қазір білікті мамандармен толығып, ұлағатты ұстаздар ұжымы қалыптасты. 1996 жылы облыс әкімінің шешімімен ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектеп ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия болып қайта құрылған еді.
Қазір аталмыш гимназия қаладағы ең таңдаулы, білімді шәкірттер тәрбиелейтін білім ордаларының бірі саналады. Бұл, ең алдымен, ұжым басшысының ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары, оқушылардың жан-жақты қабілеттілігін аша білудің нәтижесі екені сөзсіз.
Бұл гимназияның орта білім беретін мектептерден бір ерекшелігі сол, мұнда ағылшын тілі бірінші сыныптан, математика пәні 7-інші сыныптан, тереңдетіп, жоғары талаппен оқытылады.

ЖАҢА КӨЗҚАРАС,
ЖАҢА ТАЛАП

Ашылғаннан бері бұл білім ошағы мыңнан астам білімді түлектерді тәрбиелеп, оқытып шығарды. «Оқу орнының атақ-даңқы шәкірттерінің санымен емес, жақсы атағымен шығады деп» бекер айтылмаса керек. Ал оның жақсы атағының шығуы, содан түлеген ұстаздардың өте сапалы білімінен, кәсіби шеберлігінен анық көрінеді.
Гимназияда жас ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқарас таныту өз нәтижесін беруде. 2000 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша гимназия ең үздік 100 мектептің, ал, облыс бойынша он мектептің қатарынан көрініп келеді. Ал, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша, аталған білім ордасы рекордтық жетістікке қол жеткізді десек, артық айтқандық емес.
Республика бойынша өткен білім додасы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен жеті түлек 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берсе, соның ішінде болашақтың кілті білімде екенін бағамдап, мұндай көрсеткішке қол жеткізген атыраулық үш оқушы – осы оқу орнының түлектері.
Шекті 125 балды жинаған Ақ-Бөкен Сақтанов, Нұржан Қамзаев және Самал Құмарованың бұл жетістіктері – балалардың білімге деген оң көзқарасы, мұғалімдердің 11 жыл бойы берген білімі, үлкен қажыр-қайраты, маңдай терінің жемісі және ата-аналардың тәрбиесі. Қазір Нұржан мен Ақ-Бөкен – Назарбаев зияткерлік университетінің студенті атанса, ал, Самал – Ұлыбританияның жоғары оқу орнына қабылданды. Олар – гимназияның ғана емес, облыс мақтаныштары.
Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткер гимназия түлектері Самал Құмарова, Әйгерім Бектұрғанова, Нұржан Қамзаев, Ақ-Бөкен Сақтанов, Айтолқын Сәден, Айнаш Әубекерова, «Үздік аттестатқа» үміткер Айымжан Кушумова өз білімдерін толық дәлелдеп шықты. Айта кетсек, Айнаш Әубекерова 124 балл жинады. ҰБТ қорытындысы бойынша гимназияның үлгерімі мен сапасы 100% пайызды құрап, орта балл 106,6 деңгейге жетіп, Атырау облысы бойынша ең үздік нәтиже көрсетті.

БІЛІМ БАЙҚАУЫ –
ҮЛКЕН СЫН

Бұдан басқа да, бұл гимназия көптеген халықаралық, республикалық, облыстық білім байқауларында топ жарған талай шәкірттерімен мақтана алады. Атап айтсақ, халықаралық «ACCELS» бағдарламасының жеңімпазы С. Бекеш, халықаралық «FLEX» бағдарламасының жеңімпазы М.Салихов, республикалық ғылыми-практикалық конференцияның жеңімпаздары А.Бекқалиева, М.Мұратова, республикалық ғылыми жобалар сайысының жүлдегерлері Б.Сұлтанғалиева, Г.Зайденова, А.Жолдасқалиева, ағылшын тілі пәнінен республикалық олимпиада жүлдегері Д.Таушева, орыс тілі пәнінен республикалық олимпиада жүлдегері Д.Мұратов және тағы басқалар. Алыс, жақын шетелдерде оқып, ХХІ ғасырға лайық білім алып, тәуелсіз елімізді бүкіл дүниежүзіне танытып жүрген гимназия түлектерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ал, бұл гимназияда оқушыларды сол байқауларға дайындауға баса көңіл бөлінетінін көрсетеді.

ҰСТАЗ ШӘКІРТІМЕН МАҚТАНАДЫ
Жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу сапасын жоғары сатыға көтеру жолында жемісті еңбек етіп келе жатырған гимназия ұстаздарының бәрі де – жоғары категориялы, өз мамандықтарын жете меңгерген білігіне білімі сай тәжірибелі, оқушылар алдында беделдері жоғары жандар. Осы ұжым арасында бірлікті ту етіп ұстап, ұйымшылдықты қалыптастырып, шәкірттермен де қоян-қолтық араласып жүрген гимназия директоры Әлібаева София Ғинаятқызының еңбегі өлшеусіз. Гимназиядағы басшылық қызметінде оның басты мұраты – іздену, оқу үрдісін жаңарту арқылы білім сапасын арттыру, білімді, интеллектуалды, жан-жақты бәсекелестікке қабілетті тұлғаны қалыптастыру.
Ол нәтиже көрсеткішін көтеру арқылы мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруді алға міндет етіп қойған.
София Әлібаева 1976 жылы Ресейдегі Тамбов мемлекеттік педагогикалық институтын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Гурьев теңіз-балық шаруашылығы техникумында мұғалім болып бастады. Жоғары оқу орнын үздік бітірген жас маман бірден-ақ ізденгіштігімен, еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды. Кейін ол Атырау облыстық комсомол комитетінде мектептер бөлімі бастығы, Балықшы аудандық кәсіподақ комитеті төрайымы қызметінде, Балықшы аудандық және Атырау қалалық әкімдіктерінде бөлім басшысы, Атырау облыстық білім басқармасында жауапты жұмыстарда болып, өзінің іскерлік қабілетін жан-жақты танытты, қандайма болмасын жауапты қызметтерді үлкен сеніммен атқара білді.
Жас ұрпақ тәрбиесінің шын жанашыры София Ғинаятқызы игі істерімен ата-аналар, ұстаздар және әріптестері арасында зор құрметке ие. Ол Атырау қаласындағы №16, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептерде басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, ұстаздық талантын шыңдай түсті. Қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымында жүрген кезінде де жауапкершілік жүгін арқалап, облыс орталығы бойынша білім ұйымдарының оқу-материалдық базасын нығайтуға, оқу процесіне жаңа технологияларды енгізуге зор үлесін қоса білді.
Ұстаздық еңбек жолында өз тәжірибесін шәкірттері мен ұстаздардың бойына дарытып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін ізденімпаздылығымен іске асырып жүрген София Ғинаятқызы бүгінгі күні мерейлі 60 жасқа толып отыр. Күллі ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ол қала көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып келеді.

БАСШЫ – ОЛ БАС
ТӘРБИЕШІ

Жас ұрпаққа білім берумен қатар қазіргі заманға сай тәрбиелі, саналы,өнегелі шәкірт тәрбиелеу ісіне аса жауапкершілік танытатын София Ғинаятқызының ұзақ жылдарғы тынымсыз еңбегі лайықты бағаланып жүр. Ол 2005 жылы Астана қаласында өткен Елбасының білім қызметкерлерімен кездесуіне, 2009 жылы Елбасының іскер әйелдерімен және Елбасының Атырау облысына мемлекеттік сапарларында әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесуіне қатысты. Сонымен қатар енбектегі жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2005 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметтері» төсбелгісімен, 2009 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының Алғыс хатымен, Атырау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Өзінің қырық жылға жуық еңбек жолында ізденуге жалықпайтын, мамандығына деген сүйіспеншілігі мол, игі істерімен көзге түскен София Әлібаеваны ұжымдастары, әріптестері, шәкірттері өнегелі ұстаз, талапшыл басшы және білім беру саласының үздігі, майталманы ретінде біледі және құрмет тұтады.
Жалпы мамандандырылған техникалық гимназия – өте күрделі білім ордасы. Оның ұстаздарының оқушыларға қоятын талабы өте жоғары. Оқушылардың білімін бағалау әдіс-тәсілдерінде де ерекшелік бар. Мұндағы басты қиындық – гимназия үйі бөлмелерінің тарлығы. Бұрынғы балабақшаның бөлмелері оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де ыңғайсыз болса да педагогтар ұжымы білім беру ісінің бүгінгі өскелең талаптан төмендемеуіне күш салуда.
«Нұрсая» мөлтек ауданында қазір гимназияның жаңа үйі құрылысы жүріп жатыр. Ұжым оның тезірек бітуін тілейді.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дегендей, ұстаз – ел болашағын қалыптастыратын шәкірттер тәрбиелеп, рухын биікке көтеретін жауапты маман иесі. Шәкірттерге шуағын төккен ұлағатты ұстаз София Ғинаятқызын барша әріптестерімен бірге біз де мерейлі 60 жасымен құттықтап, шығармашылық табыс, отбасы амандығын, шәкірттерінің жетістіктерден көрінуін тілейміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*