Білікті кадр – заман талабы

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-кеңістікті дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысы

Жүйелі  жұмыс жүзеге  асты

Онда алдымен «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайы талқыланды. Бұл туралы филиал директоры Бауыржан Өтепбаев баяндады. Трансформациялау бағдарламасы аясында респу-бликалық кәсіпорынның барлық құрылымдық бөлімшеле-рінде, соның ішінде, Атырау облыстық филиалында соңғы жылдары жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, төрт аудан орталығында пошта байланысы тораптары орналасқан ғимараттар жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдық, құрылғы-қондырғылармен, қызмет көрсету нысандарымен жарақтандырылған. Хат-хабарлар мен сәлемдемелер желісі жаңа жүйеге көшіріліп, мұнда сауда-саттық нүктелері, авиа және теміржол билеттерін сататын орындар ашылды. Бұдан басқа да халыққа көрсетілетін қызмет түрлері көбейтіліп, сапасы мен мәдениеті жақсартылды. Осындай жұмыстар облыс орталығы – Атырау қаласындағы «Қазпошта» АҚ бөлімшелері мен кеңселерінде де жалғасын тапты. Филиалға қарасты мекемелер қызметтік және арнаулы автокөліктермен қамтамасыз етілді. Жақында қалада тағы да бірнеше бөлімше келушілерге есігін қайтадан ашпақшы.

Осыларды егжей-тегжейлі баяндаған кәсіпорын басшысы кейінгі кездері қолданысқа ен-гізіле бастаған терминалдардың қызметіне, мерзімді басылым-дарға жазылу барысына қатысты мәліметтерді келтіріп, ақпараттарды алға тартты. Бөлімшелердегі пошта индекстері мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы құрамындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы бірқатар жұмыстардың сандық жүйеге көшірілуімен байланысты қызметтер шеңберінің кеңейгенін, оның өз кезегінде салық салу базасының ұлғаюына септігін тигізгенін тілге тиек етті.

Екінің  бірі журналист  емес

Кеңестің күн тәртібіне енгізіл-ген екінші және ең маңызды мәселе – облыста журналист кадрларын даярлау барысынан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті орыс  филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашева хабарлама жасады.

Кеңес отырысы2

Мамандық ашылғаннан бергі 15-16 жылдың ішінде мұнда 300-ден астам жас дәріс алып, журналист мамандығын меңгеріп шыққан. Қазірде университетте осы мамандықта оқып жүргендердің саны 113 адамды құраса, биылғы оқу жылында жоғары оқу орнын 26 жас бітіріп, журналист дипломын қолдарына алғалы отыр. Бұл түлектердің басым көпшілігі қазақ тілді журналистер екен. Алайда, олардың бір бөлігі жұмысқа орналаса алмағандықтан, басқа кәсіпке қарай бұрылып кететінін де     баяндамашы жасырмады.

Дегенмен, болашақ журна-листерді тәжірибелік тағылымдамадан өткізіп, өндірістік тұрғыдан дағдыландыру, талабын ұштау мақсатында қолға алынған жұмыстар бар. Осы орайда, шығармашыл жастардан құралған «Жалын» бірлестігі жұмыс жасайды, «Жауһар», «Университет» газеттері тұрақты шығарылып тұрады. Студенттердің  теориялық білімін практикамен ұштас-тыру мақсатында «Атырау–Ақпарат» ЖШС-мен, облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттері редакцияларымен, «Қазақстан – Атырау» телерадиокомпаниясымен, өзге өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылған. Бұл өз кезегінде жемісін беруде.

Әрине, мұнымен барлық мәселе шешілді, ойға алынған іс оңғарылды  деуге де  болмайды. Әлі де болса, кеңесіп, бірлесіп шешер мәселе көп. Солардың ішіндегі ең бастысы, бүгінгі уақыт пен заман талабына сай журналист кадрларды, білімді де білікті мамандарды даярлау өзекті болып қала береді. Бұл бағытта игі бастамалар мен ізденісті қадамдар бар. Тек олардың нақты нәтижеге жетіп, жемісін беруі үшін мүдделі тараптар күш біріктіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» қажет. Сонда ғана істің алға басары кәміл. Айтпағын осылай түйіндеген баяндамашы осы реттегі идеяларымен бөлісіп, кеңес мүшелері мен әріптестерінің сұрақтарына да салиқалы жауап қайтарды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан  Бисембиев профессор Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімінің сыйлығын беру үшін үздік журналистік шығармаларды айқындау жөніндегі комиссияның құрамына өзгерістер енгізу және сыйақы көлемін қайтадан бел-гілеу туралы ұсынысын ортаға салды. Бұл ұсыныс кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Дәулетқали АРУЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*