БІЛІГІ КӨП БІТІМГЕ КЕЛЕДІ

 

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұйымдастырылған «Заңнаманы жаңғырту – заман талабы» атты «дөңгелек үстелде» аталмыш кодекске бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы әдісіне көшу, азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестеріне аудио-бейне тіркеуді енгізу, инвестициялық дауларды жаңа тәртіпте қарау туралы нормалар енгізілгені атап өтілді. 

Болатбек ЖҰМАБАЕВ, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

– Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің мақсаты – сот әділдігін сапалы, тиімді және жедел қамтамасыз ету. Кодекстегі жаңашылдықтар Ұлт жоспарында көзделген шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, соттың бастапқы отырыстарынан сот актісі жарияланған кезеңіне дейін  аудио-бейне жазбаға жазып алуға болады. Сонымен қатар, дауды тез және тиімді шешу үшін, істі қарап жатқан судьяның өзі тараптарды бітімгершілікке шақырып, жанжалды реттеуге сот медиаторы енгізілді. Бұл жаңашылдықтың ерекшелігі сол, судья тараптармен бірге дауды шешуге бағытталған шаралар жүргізеді. Оларды татуластырудың бағыттарын іздейді.

Бұған қоса, кодексте азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге, соның ішінде соттар қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы оңайлатуға бағытталған ережелер бар. Жеке және заңды тұлғалар сотқа келмей, интернет ресурстары арқылы сотқа талап-арыз, өтініштерін, құжаттарын тапсыра алады. Жоғары соттың сайты арқылы сот құжаттарымен танысуға, шақырту қағаздарын алуға және сот отырысының тағайындалған уақытын білуге мүмкіндік жасалған. 

Айсұлу ОМАРОВА, Атырау облыстық адвокаттар алқасының төрайымы:

– Кодекстің жаңа редакциясында бітімгерлік шараларына жеке тарау арналған. Менің пікірімше де, кез келген дауларды шешудің ең дұрыс қарастырылған жолы — тараптарды бітімгерлікке келтіру.  Дауды партисипативтік рәсім тәртібінде реттеу – біздің процессуалдық құқықтағы мүлде жаңа институт. Бірақ, бұл тағы да дауды  шешу тәсілдерінің бірі. Ол кәсіби адвокаттардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Партисипативтік шараны енгізу процестегі адвокаттың рөлін арттырады. Бұған қоса кодексте қалпына келтіретін сот төрелігін дамытуға ықпал ететін медиация институтын одан әрі жетілдіру көзделеді, тараптарды татуластыруға мүмкіндік артады. Мәселен, жекелеген санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеудің міндеттілігі көзделген. Бұл тараптарға дауды немесе шиеленісті қысқа мерзімде, материалдық және моральдық шығындардың көлемін барынша қысқартып, реттеуге мүмкіндік береді. 

Бағлан ЫДЫРЫСОВАтырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Жеңілдетілген өндіріс – соттың процессуалдық әрекеттерін жүзеге асыруға бөлінетін бюджеттік қаражаттарды, сот қызметкерлері мен процеске қатысушылардың жұмыс уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін азаматтық процессуалдық құқықтың жаңа институты.

Көбіне азаматтық істерді қарайтын бірінші сатыдағы соттарда даусыз болып табылатын, күрделілік тудырмайтын жайлар көптеп саналады. Аталған санаттағы істерді жеңілдетілген өндіріс тәртібінде шешу әуре-сарсаңды және істерді ұзақ уақыт бойы қарауды болдырмау мүмкіндігін береді. Яғни, оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде сот ісі бір ай мерзімде, тараптарды шақырмай қарайды. Бұл жерде тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды немесе дәлелдемелерді зерттейді де, осының нәтижесінде шешім қабылдайды. Мұндайда жауапкер оңайлатылған  іс жүргізу тәртібімен шығарылған шешімді алған күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. 

Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар бо-йынша 2231 әкімшілік іс қаралды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда, әкімшілік істің 70 пайызға артқандығын көрсетеді 

Айдын ӘДІЛОВ, Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:

Еліміздің Ата Заңы мен «Неке және отбасы туралы» Заңының 78-бабына сәйкес, егер ата-аналар мінез-құлқын, тұрмыс-салтын және бала тәрбиесіне көзқарасын өзгерткен болса, сот олардың ата-ана құқықтарын қалпына келтіруі мүмкін.

Және он жасқа толған балаға қатысты ата-ана құқықтары оның келісімімен ғана қалпына келтіріледі. Мәселен, талап қоюшы сотқа 2000 жылы туылған баласы «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі» мемлекеттік мекемесінде тәрбиеленіп жатқан баласын қайтаруды сұрап талап-арыз жолдайды. Ал, мекеме директоры анасының баласымен жақсы қарым-қатынаста екенін, баласын іздеп келіп тұратынын, оған қажетті заттарын алып беретінін айтып куәлік етеді. Сот отырысында қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі талап қоюшының мекен-жайы бойынша тұрмыстық жағдайын тексергенін, баланың мүддесіне сәйкес келетінін талапкердің талап-арызын қанағаттандыруға жатады деген қорытындысын ұсынған. Жалпы, ата-аналық құқықтарын қалпына келтіру туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады. 

Өткен жылы ювеналды сотқа 360 талап-арыз түсіп, 293 азаматтық іске шешім шығарылды. Сонымен қатар, 43 азаматтық іс тараптардың татуласуымен, ал 8-і медиациялық тәртіппен  аяқталды

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*