БІЛЕ БІЛСЕҢ, БИ ДЕ СӨЙЛЕЙДІ

 

1. Бидің де айтатын ойы, философиясы бар. Қазіргі көрермен биді толық мәнінде түсіну деңгейіне жетті деп айта аласыз ба? Жалпы, би өнеріндегі импровизация туралы не айтасыз?
2. Шетелдерде жиі болып жүрсіз. Оларда би өнері қалай қабылданады?
3. Соңғы кезде жастардың модерн стиліндегі аренби, брейк, хип-хоп би түрлері көп. Бұларға деген көзқарасыңыз қандай?
4. Көрермендеріңізді, оқырмандарды қандай жаңалықпен қуантасыз?

1. Көрермен сахнадан биді көргенде жүрегінің тереңінде жатқан ой-арманын көргендей әсер алады. Соған қол соғып, көңілін қосады. Билеген адамның мүсіні сұлу, бітімі түзу болатыны содан. Өйткені, бишінің дене қимылы ішкі рухани дүниесімен жалғасады. Жаны сұлу адамның тәні де сұлу болады. Сұлулықты көрудің өзі өнер емес пе? Бұл – табиғаттың заңы. Халық өзі ұнатқан биін, бишісін өзі тауып алады. Яғни, халық қана бағалайды. Би – тек дене сымбаты ғана емес, ішкі жан дүниенің нұрлануы үшін де маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.
Бүгінгі көрерменнің биге деген талғамы жоғары. Ал, импровизация – өнердің сапалық қасиеті. Музыка, театр, хореография импровизация болмаса дамудан қалады. Бидегі импровизация тәжірибеден туындайды. Ол ішкі ырғақпен әп-сәтте шығатын дүние, мазмұн-мағынасының ішкі жалғасы. Бидің өз «сөйлеу» мәнері болады. Мысалы, поэзияда, айтыста импровизация тың дүние ойлап табу болса, биде қимылды ойдан шығару, бұрын қолданылмаған тың әдісті ойлап табу есептеледі. Өзімнің тәжірибемде, импровизацияға қатты мән беремін.
2. ТМД мемлекеттерінен бөлек, АҚШ, Корея, Үндістан, Пәкістан, Малайзия, Сингапур, Финляндия, Швеция, Голландия, Чехословакия, Германия, Венгрияны араладым. Барлық елдің де көрермендері бір-біріне көп ұқсайды. Негізінен, олар қарапайым адамдар. Өнерде шекара жоқ, ұлтты таңдамайды. Оның тілі біреу ғана, ол – сезім, эмоция, көрерменнің табиғи, эстетикалық талғамы, ішкі мәдениеті. Мысалы, қазақтың «Қыз қуу», «Алтынай», «Еркебала» биі әлем халықтарының көңілінен шығады. Өйткені, ондағы қимыл, қозғалыс иірімі бүкіл ұлтқа ортақ. Көрерменді ұлтына қарап бөле алмаймын. Жалпы, менің түсінігімде нашар би жоқ, нашар орындаушы ғана болады. Дұрыс биді қай елдің де көрермені жақсы қабылдайды. Репертуарымда 50-ге тарта би бар. Бұлар мен үшін сәбиім секілді ыстық. Өйткені, барлығы көптің көңілінен шыққан билер.
3. Бидің түрлері көп. Ең кең тарағаны – халық биі. Халықтың, елдің ішкі жан дүниесін, дәстүрін, мәдениетін, салт-санасын көрсететін би түрі халықтың даму-дәрежесін, әлем өнеріндегі деңгейін көрсетеді. Ал, қазіргі заманғы модерн стиліндегі еркін пластикалы билер ішкі дүниенің іскерлігін, албырттылығын, жастардың жанданып, жанып тұрғандығын танытса, брейк-данс спорттық үлгіге жатады.
Бұл көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген би түрі болып қабылданып жүр. Спорттық-бал биі жақында спорт түріне енді, бірақ 70%-ы биден тұрады. Бидің ең қымбат түрі деуге де болады. Аренби, хип-хоп – бұлар еуропадан келген ағымдар. Оларды билеу оңай емес, өзіндік күрделілігімен, ырғағымен, суретімен тартымды болмақ.
4. Мен жеке орындаушымын. Қазіргі кезде көпшілікке биден шеберлік сыныптарын өткізіп, би саласында жүргендерге сахна, киім кию мәдениетін үйретіп келемін. Қарап отырсам, бұл уақытқа дейін жеке шәкірттерімді биге баулып, тәрбиелей алмаған екенмін.
Қазір бір кездері арманым болған жеке би мектебімді аштым. Мектепке келемін деушілер жас мөлшеріне бөлінбейді. Оған жастар ғана емес, барлық мекеме қызметкерлері, басшылары, кәрі ата-әжелер де қатысуға болады.
Мереке-тойда сіз өзіңіз бастап, вальс, «Қара жорға», «Ламбада», «Чарьлз тоунды» билеп жүрсеңіз, қандай жарасымды болар еді?! Жұртшылыққа биді кеңінен тарату, үйрету мақсатында ашылған мектепті өзім қаржыландырудамын. Би ақылы түрде өткізілуде. Биге қатысамын деушілер Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына келіп жазылуына болады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*