«Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған 14 адамның соты басталды

daish Жаңалықтар

Atr.kz/22 қазан, 2019 жыл.  Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты «ДАИШ» халықаралық террорлық ұйымына қатысты» деп айыпталған 14 адамның үстінен ЕЦ 166/10 тергеу изолтяорында сот процесін бастады.

Сот залына 13 адам жеткізілді, арнайы емдеу мекемесіндегі тағы бірі сот процесіне емдеу орнынан қосылатыны хабарланды.

Сот залына сыймаған бұқаралық ақпарат құралдары сот процесін басқа бөлмеден монитор арқылы көретін болды.

Сотқа тартылған 14 адам Қазақстанға Сириядан «Жусан» операциясы бойынша оралған. Қазақстан арнайы қызметі биыл, 2019 жылдың басынан бері бірнеше рет «Жусан» операциясын ұйымдастырып, Сириядағы ондаған Қазақстан азаматын алып келген. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар.

17 қазанда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда «Ислам мемлекеті» террористік тобының құрамында болған» 14 адамды тергеу аяқталғанын хабарлаған. Оларға «террористік топ әрекетіне қатысты», «терроризмді насихаттады» және өзге де ауыр қылмыстар бойынша айып тағылған.

«Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған бірнеше адам осыған дейін сотқа тартылып, бірнеше жылға сотталған.

ҰҚК-нің дерегінше, «өзге мемлекеттік органдармен және шетел серіктестерімен бірлесіп», «Жусан» операциясы (Сириядан Қазақстан азаматтарын қайтару) аясында Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылған. Олардың 400-ден астамы – балалар.

2018 жылы шілде айында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Қазақстанның 800-ге жуық азаматы Таяу Шығысқа кеткенін хабарлаған.

Дереккөз: «Азаттық» радиосы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз