Жұмыс берушінің жүгенсіздігі жауапкершіліктің төмендеуіне себепші болып отыр.

tco tendery pi Жаңалықтар

Аtr.kz/29 сәуір, 2019 жыл. Жұмыс берушілердің еңбеккерлерге қоятын талабы күшеюде. Оның бірқатары шектен шығады. Мәселен, Атырауда екі апельсин алып шыққан адам жұмысынан қуылыпты. Дұрысында апельсин соған тиесілі, аузынан жырып, балаларына апара жатқан дүниесі екен. Әлеуметтік жағдай жасау, жалақы өсіру туралы өтініштерді ескермейтін компаниялар осылайша жұмысшыларға қысым көрсетуде. Олардың еңбек қауіпсіздігіне жеткілікті маңыз бермейтіні байқалады. Мұның соңы өндірісте жазатайым оқиғалардың көбеюіне себепші болып отыр.

Келеңсіздік неге қайталанады?

Былтыр облыста 35 көлденең жағдай орын алды. Соның нәтижесінде бес адам қаза тауып, 40-ы ауыр жарақаттанды. Ал, биыл екі адамның өмірі үзіліп отыр, 5-уі жаралы. Жазатайым оқиғалардың түгелге дерлігі жұмыс берушінің кінәсінен орын алғандығы белгілі болуда. Олар қызметті дұрыс ұйымдастырмай, еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған. Жұмыс орындары талапқа сәйкес келмейді. Еңбек инспекторлары осы кемшіліктерді жою мақсатында жүйелі шараларды жүзеге асырып жатқанын айтады. «Еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздікті сақтау бағытында жұмыстанудамыз. Компания басшыларына талап қоюдамыз» дейді олар. Дегенмен, еңбекті қорғау ережелерінің орындалмауы, қайғылы оқиғалардың қайталануы неліктен?

– Өндірістегі жазатайым оқиғалардың 42,2 пайызы (19 адам) құрылыс саласында орын алды. Ал,10 адам мұнай, 16-ы экономиканың өзге салаларында еңбек ете жүріп, көлденең келеңсіздіктерге ұшырады, – дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Абеуов.

Елімізде инвесторлардың алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдай жасалуда. Салықтық, басқа да төлем төлеуде жеңілдіктер бар. Қажетті мамандарды тартуда артықшылық берілген. Осындай ерекше мәртебе иеленгендер мемлекет заңдарын аяқасты етуге құмар болып шықты. Мысалы, «Консолидейтед Контрактинг Инжиринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор» компаниясының басшылары шекара асып келген екі жұмысшысын басқа қызмет орнына орналастырып қойыпты. Олардың жұмыс жасауға берілген рұқсаттамаға сәйкес келмейтінін, заңсыз екенін білсе де айылын жимаған. Нәтижесінде, еңбек шарты бұзылып, рұқсаттамалар кері қайтарылып, шетелден келгендер елден шығарылды. Оған қоса компания 2 млн. теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Бұл анықталған деректің бірі ғана.

ТШО-ны жел шайқаса…

Әлемдік деңгейдегі «Теңізшевройл» компаниясы ғаламдық жобаларға мердігерлерді тартып отыр. Оларға тиісті талап қойып, жұмыс жасау үшін рұқсатнама береді. Бір сөзбен айтқанда, тапсырыс алушылар алып құрылымның айтқанына көніп, айдағанымен жүреді. Алайда, көлденең оқиға орын алса, ТШО барлық жауапкершілікті мердігерлерге ысыра салуға құмар. Айта кетейік, бұдан бұрынғы «Теңізшевройл» инженерінің өліміне қатысты жүргізілген арнайы тергеп-тексеру шарасы толықтай жұмыс
берушінің кінәсінен болғанын дәлелдеді.

– Біз үшін адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Бұл өте маңызды мәселе. Кейбір шетелдік компаниялар еңбек қауіпсіздігіне мән бермейді. Жауапкершілікті мердігер мекемелерге аудара салады. Мұндай келеңсіздікке жол бере алмаймыз. Талапты орындамағандардан жауапкершілік сұралатын болады, – деді жуырда өткен әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиясының отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Бүгінде еңбек қауіпсіздігін сақтау, келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында Парламентте Еңбек, Әкімшілік және өзге еңбек қорғау заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қабылданып жатса, жұмыс берушілерге талап күшейеді. Мәселен, Еңбек кодексіндегі басты ерекшелік, енді құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым жұмыс жасаған кезде олардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау талаптарының сақталуына бас мердігерлік ұйым жауапты болады.

Заңсыздық жиі кездеседі

Күнделікті өмірде жұмысшылардың еңбекақысын уақытында төлемейтін, еңбек шартын жасамай жұмысқа алатын, қосымша қызметтер үшін өтемақы бермейтін жағдайлар жиі кездеседі. Соның мысалы – «Эко Клиник» ЖШС-нің әрекеті. Серіктестік еңбек заңнамаларын сақтамай, өрескел заң бұзушылықтарға жол беріпті. Мұнда жұмысшылармен еңбек шарты жасалмайды, жалақысын, еңбек демалысының ақысын мезгілінде төлемейді екен. Қитұрқылықтың көбейгендігінен еңбек инспекторлары жұмыс берушіні сотқа беріп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты нұсқаманы орындамағаны үшін аталған құрылымға айыппұл салды. Осындай заңсыздық «Атырау-Автопарк» ЖШС жұмысшыларының арызы негізінде жүргізілген тексеру кезінде де белгілі болыпты. Мұнда да кейбір жұмыскермен еңбек шарттары жасалмаған. Олардың құқықтары мен міндеттері көрсетілмеген. Еңбекақылары кеш төленіпті. Сондықтан, серіктестік жауапкершілікке тартылып отыр.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Абеуовтің пікірінше, ірі компаниялар еңбеккерлерінің жалақысын көтеруге ынталы емес. Бұл ұжымның орынды наразылығын туғызады.

– Осы жылдың ақпан айында «ККССИЧИМ» ЖШС-нің Батыс Қазақстан облысы Ақсай жобасындағы 200-ге жуық адамы жалақы мөлшерімен келіспей, наразылық көрсеткен. Егер серіктестік басшылығы жыл басында еңбекақы көлемін өсіру мәселесін талқылаған жағдайда, мұндай келеңсіздік орын алмас еді, – дейді Думан Абеуов.

Ал, 4 мыңға жуық жұмысшы-қызметкері бар «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС-дегі ахуал да осыған ұқсас. Мұндағы еңбекақы өсіру мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Еңбек инспекторлары «ұжымның арыз-шағымына құлақ аспаған кәсіпорынмекемелерге талап күшейеді» дейді. «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшылары да еңбек дауларын шешу мақсатында жұмыстанып жатқандарын айтады. Осының бәрі жүгенсіз кеткен жұмыс берушілердің жауапкершілігін үстесе, қане?!

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз