Жоқ іздеген қазақ

Жаңалықтар Мәдениет

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының ұйымдастыруымен өлкетанушы, жазушы-публицист, «Құрмет» орденінің иегері Өтепберген Әлімгереевтің «Өнбойы өнеге Өтепберген» немесе «Жоқ іздеген қазақ» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев мерейгердің иығына шапан жапты, жұбайы Нәзира апайға да камзол кигізіп, құрмет көрсетті.

Тағдыр дегеніңіздің өзі кейде адамды тумай жатып сынайды екен. Оған дәлел – біздің кейіпкеріміздің өмірі. Дүние есігін ашар-ашпаста анадан айырылған шарананы әкесінің қарындасы Рабиға апа қойнына салыпты. Соғыстан соңғы уақыт, ел шаруашылығы тұралап қалған мезгіл. Шешесіз жетім өсіп, ананың айналайынын естімей, ана омырауынан уызын жарып ембестен жалған дүниемен арпалысқа түсіп өскен Өтепберген Әлімгерейұлы бүгінде балалық шағын мұңмен еске алады.

Арқалы ақын Мұқағалидың «Есімде жоқ бала боп өсіп пе едім,Болсам неге жылы сөз есітпедім» деген өлең жолдары еске түседі осындайда. Алты жастан асар-аспаста Рабиға апасы ауырып, баланы қайтадан әке үйіне әкелуге мәжбүр болады. Екінші анасының тәрбиесінде болған ол мектепке барып, одан аудан орталығында ашылған мектеп-интернатта жатып оқып, есейіп, өмірге жолдама алады. Шара Махамбет атындағы академиялық театр әртістерінің сахналық қойылымымен ашылды.

Шығармашылық кешке Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының баспа істері жөніндегі орынбасары Ғалым Қалибекұлы қатысып, Өтепберген Әлімгерейұлына Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулетовтың Алғыс хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровтың құттықтау хаты да арнайы табыс етілді.

Өтепберген Әлімгереев Атырау өлкесінің бұқаралық ақпарат құралдары саласында көп жылдар басшылық қызмет те атқарды. Қазақстан Ұлттық арнасы Атырау филиалының басшысы Қанат Әуесбай да мерейгерді құттықтап, Алғыс хат пен тартуын табыс етті. Бала кезінен журналист болуды армандаған кейіпкеріміз ең алғашқы журналистік жолын Кеңес өкіметі кезінде «Коммунистік еңбек» аталған облыстық газеттен бастаған еді. Сол бір жол кейін облыстық «Атырау» газетінде жалғасын тауып, бас редактордың орынбасарына дейін көтерілген Өтепберген Әлімгерейұлын облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов құттықтап, Алғыс хат арнап, сыйлығын табыстады.

Шараға Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова қатысып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің құттықтауын оқып, мерейін көтерді. Сонау Мақаш хакімнен бастап, ол жазбаған тақырып кемде-кем. Басы ноқтаға сыймаған талай ерлер өткен біздің нарында.

Соның бірі Құныскерей туралы жазған деректі повесінде кейіпкері туралы бұрын-соңды естілмеген деректерді келтірген. Құныскерейдің ізімен сонау Кушка қаласына дейін барып, мәліметтер тапқан, бейітіне топырақ салып, дұға оқыған. Қыздарымен сұхбаттасқан. Осының бәрі оның өзі зерттеген мәселеге бейжай қарай алмайтындығын көрсетсе керек.

Өзі қаузаған мәселелерді терең зерттеп, зерделеген ол 34 кітап жазса, оның 12-сі Атырау өңірінің күйшілеріне арналған екен. Сол кітаптарда 150 күйші туралы эссе-очерк жазыпты. Жиналған жұртшылық мерейгермен жүздесіп, қолтаңбалар алды. Шара соңында Өтепберген Әлімгерейұлы жиналған жұртшылыққа, шығармаш ы л ы қ к е ш т і ң ұйымдастырушыларына жүрекжарды алғысын айтты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *