Жазаңды өтесең, соттылығың жоқ

sot Жаңалықтар

Жұртшылыққа жеткізетін жаңалық бар: биылғы жылдың сәуір айынан бастап анықтамаға өзгеріс енгізіледі. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеп шыққан немесе онысы алынып тасталған жандарға енді қажетті құжат «соттылығы жоқ» белгісімен берілетін болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Семғалиев хабарлады.

sot

Бұған дейін сотталғаны туралы анықтамада өтініш иесінің қандай жазаны өтегені немесе алынып тасталғаны жөнінде толық мағлұмат көрсетілетін. Бұл арызданушының кейін жұмысқа тұруына, басқа да сұраныс берген орынға кері әсерін тигізетін еді. Басқарма бастығы  орынбасарының айтуынша, мемлекеттік қызмет түрлеріне өзгертулер осы ыңғайсыз жағдайдан шығарады. Ол жұртшылықтың ұсыныс-тілектері ескеріліп, өмірге енгізіліп отыр.

– «Мемлекеттік қызметтер туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес, жаңа стандарт тізімдемеге енгеннен кейін үш айдың ішінде әзірленіп, бекітіледі. Ол халыққа қызмет көрсету орталықтарында және электронды үкімет порталы арқылы беріледі. Анықтама алу үшін бір ғана құжат –  жеке куәлігі болуы міндетті. Стандарт жобасы бүгінде ресми сайтта талқылануда. Кез келген тұрғын оған қатысып, өз пікірін білдіре алады, – деді Жәнібек Семғалиев.

Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан соттылығы туралы анықтама алуға 97 мыңнан астам тұрғын ниет білдірген.

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз