Жауапкершіліктен қашатын шетелдік көліктер де бар

12002519 Жаңалықтар

Atr.kz/24 қаңтар, 2020 жыл. Президенттің шетелдік нөмірі бар көліктерді Қазақстан Республикасы аумағында уақытша мемлекеттік тіркеуден өткізу мерзімін 2021 жылдың наурыз айына дейін ұзарту жөнінде Үкіметке берген тапсырмасы көптің көкейіндегіні дөп басқан, халықтың көңілінен шыққан дұрыс шешім болды. Бұл – «Atr.kz» сайтына сұхбат берген облыстық мәслихаттың депутаты Айбек ҒАБДУЛЛИННІҢ пікірі.

– Мемлекет басшысының тапсырмасында атап көрсетілгеніндей, бұл тізімге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін сырттан әкелінген көліктер кіреді, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Атап өтілгеніндей, қазақстандық азаматтар көршілес Ресей мен Қырғыз мемлекеттерінен автокөліктерді сенімхат арқылы сатып алады. Содан кейін оны біздің елімізде тіркеуден өткізбей айдап жүре береді. Ал, қандастарымыз болса, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын бұзып, техникалық құжаттарды рәсімдеуді жүзеге асырады.

Осылайша, елге кіргізілген көліктердің басым бөлігі тіркелместен қолданыста жүреді. Мұның өзі, жол бойындағы тәртіпсіздіктер мен адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалардың жиілеуіне, тіпті көбейіп кетуіне септесуде. Оның үстіне, осындай жағдайлардың орын алуына себепші болған, бірақ та тіркеуден өтпеген шетелдік көліктердің иелері мен жүргізушілері жауапкершіліктен жалтарып, бой тасалап қашып кетіп жүргендерін тәжірибеден байқап жүрміз. Бұған тыйым салып, тосқауыл қоятын уақыт жетті.

Міне, сондықтан да Президент Бас прокуратураға елде қалыптасқан жағдайға құқықтық бағалау жүргізіп, Үкіметке бір ай мерзімнің ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен биылғы ақпан айының біріне дейін елге әкелінген көліктердің уақытша тіркеу рәсімін келер жылғы наурыздың біріне дейін қамтамасыз етуді қатаң тапсырып отыр. Осыған орай, заңда талап етілгеніндей, тиісті процудараларды техникалық регламент бекітілген тәртіп пен ережеге сай жүргізу керектігі ескертілген.

Оған қоса, бұдан әрі еліміздің заңнамасында атап көрсетілген шарттарға қайшы келетін шетелдік көліктерді республика аумағына кіргізуге болмайтындығы және оларды пайдалануға шектеу қойылатындығы қаперге беріліпті. Сайып келгенде, осының бәрі дер мезгілінде қабылданған және өте қажетті шара деп санаймын. Және де Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің мүлтіксіз орындалуына бәріміз де мүдделі болуға тиіспіз деп есептеймін.

Дәулетқали АРУЕВ

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/zh%d2%afrgizushilerdi-t%d3%99rtipke-keltiretin-kez-keldi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз