Жастарды ұлттық құндылықтарға баулудың мәні неде?

Жаңалықтар

  Atr.kz/6 қараша, 2019 жыл.    Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ­– жан дүниесі рухани бай, ұлттық рухты ұрпақ тәрбиелеп шығару.

Бүгінде елімізде лайықты азаматтарды ұлттық құндылықтарға және еңбексүйгіштікке баулу үшін көптеген іс-шаралар жүргізілуде.

    Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттердің рухани байлыққа жетуі үшін: «Айналаңды нұрландыр», «Ұлттық рух ұясы», «Тіл – ұлы байлық» тақыбындағы іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қазіргі құбылмалы заманда жастар еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынымыз туралы терең түсінуіміз кажет.

     Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Жаңа ұрпақты алдағы сын-қатерлерге дайындау қажет. Олар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары оқу орны студенттерін ұлттық рухани құндылықтарға баулудағы межелі мақсаттар желісін төмендегіше көрсетуге болады:

   – «Прагматизм» бағытының мақсаты: Ұлттық прагматизмді дамыту, төл тарихымыздағы, бабаларымыздың өмір салтындағы шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерінен тағылым алу, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерте келе толыққанды жаңғыруға баулу.

  – «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты: Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау, сипаттық тұрғыда өзгерту, ұлттық рухқа баулу, мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылуға баулу.

  – «Білімнің салтанат құруы» бағыты: Жаңа ұрпақты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылдыру, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін терең түсіндіру.

  – «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» бағыты: Тарихтан өзіңше тағылым ала білуге, өзіндік субьективтік көзқарастар қалыптастыруға баулу. Тарихтың сабағын айқын түсінуге, оның ащы сабағын тек түсініп қана қоймай қазіргі құбылыстардан ой түюге, пайым жасай білуге баулу.

  – «Сананың ашықтығы» бағыты: Дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге тырысуға, жаңа технологияның ағыны әкелетін өзгерістерге, өмір салтымыздағы түбегейлі өзгерістерге дайын болуға, өзгелердің тәжірибесімен танысуға, ең озық жетістіктерін бойға сіңіруге баулу.

  – «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру» жобасы: Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынына бойлату, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына неғұрлым дәйектілікпен, байыппен қарауға баулу, уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуға көз жеткізу.

  – «Туған жер» жобасы: Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға баулу, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздеуге жұмыстану.

  – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы: Жастардың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру, «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізуді қолға алу.

  – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы: ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға өзіндік үлес қосуға ұмтылу, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыруға баулу.

– «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы: Көпшілік санасындағы тарихи үдерістердің тұлғатану сипатына мән беру, өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтуға баулу, Ұлы даланың ұлы есімдерін, тұлғаларын, өнеге тұтып, олардан тағылым алу, жастар өнерінің креативті әлеуетін дамытуды жүйелеу, жандандыру, Ұлы Дала тұлғаларын кешенді формада насихаттау.

– «Түркі әлемінің генезисі» жобасы: Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін таныта түсу, жаңа ұрпақты түркілік ортақ туындылармен таныстыру, бүкіл түркі әлемі үшін қазақ елінің киелі орындарын насихаттау.

    Қысқасы, жоғарыда баса айтылған алғы мақсатқа қатысты тұжырымдардың күллісі де тұлғаның рухани жаңғыруын жүзеге асырмақ. Демек, Әйтеке бабамызға сүйене түйіндер болсақ, еңбексіз өткен өмір де бір, ерте келген өлім де бір. Еңбегің жанса қуанарсың, бірақ, қуаныш келсе таспа, қасірет келсе саспа! Сондықтан, жетпей жатып болдым деме, болмай жатып толдым деме. Жетпей жатып болдым деген төменде күйбеңдейді, төменде күйбеңдеген төбенің басын көрмейді. Тау болмаса да төбенің басын көрмегеннің ғұмыры зая. Қолдан келсе, асқақ ұш. Асқақ ұшсаң, абайлап қон. Өйткені, төбеге ұшсаң күндейтін, төменде қалсаң, жүндейтін жамағайынсымақтар толып жатыр. Ал, жақсы адам қашан да өзгеге шарапат тигізуге ұмтылар.

Айнаш ЕСЕКЕЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

заң факультетінің аға оқытушысы, құқық магистрі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *