ЖАСТАРҒА РУХАНИ АЗЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» деген атаумен жарық көрген сыр-сұхбат кітабын қалың оқырман жылы қабылдады. Өйткені, екі мың дана таралыммен шыққан шығармада Президент өзінің балалық шағынан бастап, қазіргі әлем таныған, дара кезеңіне дейінгі тұтас бір дәуірді тебірене отырып, оқырманға сұхбат түрінде әңгімелеп береді.

Автордың баяндау тілінің шеберлігі сонша, кітапты оқи отырып, ондағы оқиғалар желісіне еріксіз елтисің. Өмір мектебінен шыңдалған Елбасының қажыр-қайраты мол тұлға екендігі, еңбекқорлығы, өзіне үлкен талап қоя білетіндігі, тәуекелге бел буудан, жауапкершілікті мойынға алудан қашпайтындығы кітаптың өн бойынан білініп, сезіліп тұрады. Сондықтан да кітаптың жас ұрпақ үшін ғибраты, тәрбиелік мәні мол дүние екендігін атап өткім келеді.

Әрине, бұл ел Президентінің бірінші кітабы емес. Бір ғана «Тарих толқынында» еңбегін мысалға алар болсақ, онда елдің қалыптасу тарихы, экономикасы, саясаты көрініс тапқан еді. Жаңа кітаптың ерекшелігі сол, мұнда Президенттің бұған дейін оқырманға беймәлім болып келген тұстары, өмір жолдары жарық көрді. Тағы бір айта кетерлігі, туындыны құрастырушылар кітаптың тұсаукесері кезінде Президент сұхбаттары қағазға түсірілгеннен соң, оны Мемлекет басшысының өзі толық редакциялап шыққанын айтып, Елбасының стилистиканы еркін меңгергеніне тәнті болып жатты.

Президент «бұл кітапты еліміздің  болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, қорғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым» деп жазады. Расымен де, кітап кейінгі дәуір ұрпағына рухани азық болып қана қоймай, патриоттық сананы өсіруші құнды құрал бола алады. Еңбекпен тапқан нанның ғана тәтті болатындығы туралы қағиданы кітап оқырманына шебер жеткізе білген.  Тіпті, болашақта режиссерлық шеберлікті қоса отырып, кітап желісінде деректі фильм түсіруге болатын да сияқты.

Тарихты мемлекеттік тұлғалардың күрделі дәуірі жасайтынын ескерсек, біз сол даралардың болмысын тану арқылы ішкі рухани мәдениетімізді қалыптастырамыз. Демек, ұғынықты, тартымды тілмен жазылған еңбек Елбасының болмысын жаңа қырынан аша түседі, әсіресе жас буынға жол көрсетуші бағдаршамға айналады деп ойлаймын.

               

                 Мұрат МАХАМБЕТОВ, химия ғылымдарының магистрі, Х. Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз