Жастарға ауыл керек пе?

c782a28ea820515de515914a07273be8 big Жаңалықтар

Өз заманында Мағжан Жұмабаевтың айбатты арыстан, қайратты жолбарыс пен қанатты қыранға теңеген жастарымыздың бүгінгі сиқы қандай? Олар ертең артылған сенімнен шыға ала ма? Кемел келешек пен баянды болашақтың жарқын үлгісі бола ала ма?

c782a28ea820515de515914a07273be8_big

Жас буын өкілі болған соң, осы сауалдармен өзімді де күнделікті қамшылап отырамын. Өйтпегенде ше? Елбасы жүктеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын – басқа емес, біздер. Сондықтан, уақытты тиімді өткізіп, қоғамның дамуына үлес қосу керек. Осы орайда, соңғы кезде жастар арасында қалыптасқан теріс үрдістерге де көз жұмып қарауға болмайды.

Мәселен, күнделікті өмірде сыртқы келбеті ересек адамға ұқсайтын жастарды жиі кездестіруге болады. Себебі, мектеп жасындағы ұлдар кітапхананың емес, тренажерлік залдардың табалдырығын тоздырады. Бұлшық етті жасанды түрде өсіретін «протеин» деп аталатын препаратты қабылдап, өздерінің тілінде «спортик» болғысы келеді. Сонда, оның денсаулыққа зиян екенін және ағзаның жас ерекшелігіне қарай дамитынын биология пәнінің мұғалімдері мен психологтар түсіндірмей ме? Ал, шынашақтай қыздарымыз болса, кәмелеттік жасқа толмай боянып, табиғи сұлулығына балта шабуда. Қиылған қасы мен кірпігін жұлып, орнына жасандысын жапсырады. Олардың тәрбиесіне ұстаздан бұрын жауапты анасы қайда қарап отыр?

Екінші мәселе, жастардың рухани әлемі жұтаңдап барады. Мұны олардың қоғамдық жұмыстарға араласпауынан айқын аңғаруға болады. Нарық заманында өмір сүрген соң ба, бүгінде ешкім тегін жақсылық жасағысы келмейді. Бір мысал келтірейін, Америкада бір әжейдің ауыр жүктерін көтеріспек болып көмектескісі келген «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан ауыл қазағының басы дауға қалған деседі. Әлгі мұны ұры деп ойлап, полиция бөлімшесіне шағым түсіріпті. Өйткені, ол жақтағылар қазақтың қанына сіңген адамгершілік қасиеттерден жұрдай екен.

Міне, Елбасының өз мақаласында: «Ұлтымыздың өзіндік кодын сақтап қалу үшін ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өтуі де сондықтан. Тағы бір мысал, БАҚ пен ғаламторда «ағаш отырғызып жатырмыз» деп жар салатын жастар сол егілген талдарға кейін күтім жасай ма? Әттең, оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Өндіріс орындарының зиянды қалдықтарына тұншыққан қала орталығын жасыл баққа айналдырғымыз келсе, сөзден іске көшіп, бұрынғы «Тимуршылар қозғалысын» қайта жандандыру керек сияқты.

Үшіншіден, жастар қара жұмысқа құлықсыз. Бұл мәселені де жырлай-жырлай жақ талды. Әсіресе, тұрғындары екі-үш мыңнан аспайтын ауылда балабақша, мектеп, емхана, дүкеннен басқа жұмыс орны да қалмады. Осыдан кейін, «урбандалу үрдісі жүріп жатыр» деп дабыл қағамыз. Естеріңізде болар, Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Көршінің қызы» әні (сөзі Бекжан Әшірбаевтікі) бір кездері қазақ жастарының арасында хитке айналған еді ғой. Сонда «ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?» деген жолдар бар. Бұл жолы жастарға ауа райы емес, әлеуметтік ахуал жақпай отыр.

Ал, санақ көрсеткіштерінде егіншілік секілді маусымдық кәсіппен шұғылданушылар есепке алынады. Бұлай «ауруды жасырғаннан» не ұтамыз? Көптеген оқу орындарында жастар сұранысқа ие емес мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бүгінгі еңбек нарығы есепке алынбайды. Бұл – білім жүйесіндегі кемшілік. Осы орайда, жұмыссыздықты жоюмен айналысатын бір жауапты орган құру қажет сияқты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз