Жас журналистер жұлдыздардан дәріс алды

67094120 1244223482415545 1722030257600491469 n Жаңалықтар

Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Атырауда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Қазақстан жастарының конгресі ұйымдастырған республикалық «Жас қалам» жобасы бастау алды. Оның аясында «Инстаграм» секілді әлеуметтік желі арқылы кеңінен танылған блогер, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай, «Таңшолпан» бағдарламасының жетекшісі Жансерік Бейсеев, «Аikyn.kz» сайтын құрастырушы Асқар Беков жүзден аса қатысушыға шеберлік сабақтарын өткізді.  

Аталған конгрестің атқарушы директоры Тоқтар Болысовтың айтуынша, журналистика бағытында форум, семинар секілді көпшілік шаралар өте аз өтеді.

– Бүгінде зор жетістіктерге жеткен журналистика майталмандары мен интернет-блогинг жұлдыздары өз тәжірибелерін жастармен бөліскісі келеді. «Жас қалам жобасы» арқылы біз 16 мен 29 жас аралығындағы журналистерді бір платформаға біріктірдік десек те болады. Сөйтіп, алдағы уақытта да дәріс алған жастармен берік байланыста боламыз деп ойлаймыз. Бұл – болашағын осы саламен байланыстырғысы келетіндер үшін мол мүмкіндік, – дейді ол.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тұсауын кескен жобаға журналистика мамандығында оқып жатқан студенттер қатысып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Одан әрі олар теориялық біліммен қатар тікелей эфир жүргізу, сюжет құрау, мақала жазу, сұхбат алу, жеке блог жүргізу, әлеуметтік желіде акаунттар ашу, сторителлинг, копирайтинг, иммидж бен бренд қалыптастыру машықтарына үйренді.

67094120 1244223482415545 1722030257600491469 n

Расымен де, қазір баспасөз, телеарналар мен әлеуметтік желіде бұқаралық ақпарат құралдары өте көп. Бірақ сапалы контент аз. Әзірге журналистер мен блогерлердің көбісі тек жедел мәлімет таратумен ғана шектеліп отыр. Ал, бұл тек уақытша ғана құбылыс екенін аңғармайды. Сараптамалық материалдар аз. Газет пен телеарна халықтың мұң-мұқтажын жоғары билікк жеткізетін құрал болып қана қоймай, тұтас қоғамды тәрбиелей алатын алапат күшке де ие. Міне, осыны жастарға ұғындыру қажет. Форумның негізгі идеясы да – осы. 

Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды, Көкшетау және Петропавл қалаларында өткен форум бұдан әрі Ақтөбе мен Шымкентте жалғасын тауып, Талдықорған қаласында мәресіне жетеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз