Жардай атанды жығатын жел электр энергиясына жарамай ма?

bg04 Жаңалықтар

Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Бүгінде әлемде, соның ішінде Қазақстанда да, қалпына келтірілетін энергия көздеріне деген ұмтылыс басым…

Алдымен, жел диірмендерін сатып алушыларды көтермелеу шарасы жеткіліксіз секілді. Жалпы, мұндай жабдықтарды о баста шағын ауылдарда орнату көзделген-ді. Соған сәйкес қуаты бес киловаттық қондырғыларға субсидия да қаралған. Әрине, бұл өндіріс ошақтарына жеткіліксіз. Тек үйлерді жарықтандыруға ғана жарайды. Үлкенірек тұрмыстық құралдарды қосуға да жетпеуі мүмкін.

Бірақ, бірнеше үйі бар кішкене елді мекендерге қыруар қаржы шығарып, электр желісін тарту тауқыметінен құтқарады. Әйтсе де, қолданыстағы заңдылықтарға орай, мемлекет тарапынан тек отандық жабдықтарға ғана 50 пайыздық субсидия алуға болады. Ал, қазақстандық қондырғылар шетелдік сәйкес бұйымдармен салыстырғанда анағұрлым қымбат.

Жарты бағасы өтелгенде де ауылдағы адамдардың ақшасы ауыспауы ықтимал. Өйткені, 2015 жылы осы құралдың әрқайсысының бағасы 4,4 млн. теңге болса, бір жылдан соң 5,5 миллионға бірақ секірген. Мұндай қаражат кімнің қалтасынан табыла қояр? Сол себепті бағдарлама белгіленген 2014-2016 жылдары республика бойынша небәрі бес-ақ қондырғы қондырылған.

Ел бюджетінен субсидияға бөлінген 118 млн. теңгенің тек 11 миллионы ғана игерілген.

Ендеше, бағалы бастаманы баянды деуге әлі ертерек. Одан әрі, тағы да қаржы мәселесін қозғасақ, бүгінде Энергетика министрлігі қалпына келтірілетін энергия көздерін тұтынушыларды қаржыландырудың тың тәсілін ойластырып жатқан көрінеді.

Араға осыншама уақыт өткізбей, о баста неге озық әдіс енгізбеген? Себебі, бағдарлама қолға алынғанда бұл электр жарығы мүлдем жоқ немесе оны жүргізу тиімсіз елді мекен тұрғындарына арналыпты. Өз күштерімен энергетикалық қуатқа қол жеткізсін дегендік шығар.

Бірақ, мұндай ауылдар әдетте 10-15 түтіннен тұрады. Алдарындағы азын-аулақ малын бағып, өз шаруасымен отырған
жандар. Бұларда бес-алты миллион теңге қайдан болады? Демек, мемлекеттік қолдау тетігін түбегейлі қайта қарау қажет. Немесе, неге бес киловаттық қуатпен шектелеміз?

Мәселен, 10-20 КВт қондырғыларға қолдау көрсетілсе, ауылда мал өнімдерін өңдейтін шағын цехтар ашуға жол ашылмас па? Оны село еңбеккерлері өздері тұтынып, артылғанын қалалықтарға сатар еді. Экологиялық таза азық-түлік алуға әркім-ақ ұмтылар.

Ақырында, субсидия бұрын қолданыста болған жабдықтарды сатып алушыларға берілмейді. Бізде қайдам, республиканың кейбір өңірінде осындай қондырғыға қол жеткізгендер оны қазірге дейін қолданысқа енгізбеген көрінеді. Өйткені, заң бойынша тыйым салынған. Мұндай құралдар тұтынушыларға арзанға түседі. Әрі әлі де біраз жыл жұмыс жасайды. Халыққа тиімді екенінде дау жоқ.

Қазақстандықтар өзге елдің көне көліктерін мініп жүрген жоқ па? Әйтсе де, бұл ретте Энергетика министрлігі басшылығының өз пікірі бар екен. Мұндай қондырғылар негізінен Германиядан әкелінеді. Бұл елдің заңы бойынша қолданыстан қалған құралдар жойылуы шарт. Оның құнын иесі төлейді.

Міне, ақша санап үйренген немістер бұған қаржы шығарғанша, аз-мұз жөндеген соң бізге асырып жіберетін көрінеді. Мұнда әрі кеткенде тағы төрт-бес жыл пайдаланғаннан кейін бәрібір кәдеге аспайды. Қайта сатуға да жарамай қалады. Егер осындай сырттан келген қондырғыларға субсидия төленсе немесе аукционға қатысуға рұқсат берілсе, онда соңынан қолданыстан шығарғанда оларды жоюға мемлекеттен қаржы бөлуге тура келеді екен.

Әрине, отандық өнімді қолдау жолында бұл – маңызды шара. Тек қазақстандық тауардың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Әйтпесе, қымбат құралдар қоймаларда қордаланып тұрса, бұдан зауыттарымыз пайда көрмейді.

Қайта қалпына келтірілетін энергетикалық қуаттарды көбірек қолдану экологиялық талаптардан да туындап отыр.

Қазір әлем мемлекеттері жаһандық жылыну процесіне қатты алаңдаулы. Қазақстан да Париж келісіміне қол қойды. Демек, атмосфераға улы газдарды таратпау жөнінде міндеттемеміз бар. Ал, бізде электр энергиясын өндіру үшін негізінен көмір пайдаланылады екен. Тіпті оның үлесі 70 пайызға жетіпті. Яғни, халық тығыз қоныстанған республиканың орталық және солтүстік аймақтары отынның осы түрін тұтынады.

Бұл ретте табиғи газдың мол қорына ие еліміздің батыс бөлігіндегі тұрғындар озық саналады. Атыраудағы тариф та өзге өңірмен салыстырғанда едәуір төмен.

Соңғы жылдары бәзбіреулердің «көгілдір отын» құнын бірдейлендіру керектігін айтып жүргені де содан шығар. Мұнайлы мекенде экологиялық ахуалдың ауырлығы олардың қаперіне де кірмейді. Оның үстіне, өнімнің өзіндік құны болмас па? Батыстағы газды республиканың басқа өңіріне тасымалдау едәуір шығынды керек етеді. Ал, бізде мұндай қажеттілік жоқ. Ендеше, теңгермешіліктен ұтылып қалмаймыз ба?

Әрине, оны уақытында көрерміз. Атыраулықтар инновациялық саналатын қалпына келтірілетін энергия көздеріне үлес қоса ала ма? Бізге белгілі деректерге қарағанда, Нарын құмында алғашқы жел диірмендері салынуда. Мүмкін қуаты шектеулі шығар, бірақ, бастапқы қадам жасалды. Қайткенде де, бұл қоршаған ортаны қорғауға өзіндік үлес қосар еді.

P.S.

Бұрын Гурьевте жел диірмендері болған. Жайық жағасындағы олардан тұрғындар бақшасына су соратын. Қазір кейбірінің қаңқалары әлі кездеседі. Бірақ, әрине, жұмыс жасап тұрған жоқ. Электр энергиясы жеткілікті, ешкім бұларға қажеттілік танытпайды. Енді ше? Жаңашылдықты жақтырмай жатырқаймыз ба, әлде оған құшағымызды айқара ашамыз ба?

Мырзабай СӘЛІМГЕРЕЕВ,

Жылыой ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз