Жаһан назарындағы көрме

Астана – центр притяжения всего мира Жаңалықтар

Астанада өткен аптаның соңында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жұмысын бастады.  Қазақстан ТМД елдері  және Шығыс Еуропа елдері арасында алғашқы болып халықаралық деңгейдегі ауқымды шараны өткізу мәртебесіне ие болды. Сөйтіп, тәуелсіз еліміздің халықаралық беделін арттыра түсті. Көрменің ашылу салтанатына 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысып, мемлекетіміздің асқақ беделі мен қазақ халқының жасампаз қасиеттерін жаһан жұртшылығына паш еткен тарихи сәтке куә болды.

Астана-–-центр-притяжения-всего-мира

Саясаткерлердің мәлімдеуінше, бұрынғыларға қарағанда бұл – әлемдегі көптен күткен және ең көп мейман қатысатын ең салиқалы көрме. Өйткені, оның тақырыбы – бүгінгі таңда жаһандық ауқымдағы ең өзекті мәселе. Ал,  оның оңтайлы шешімін табу  экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен  қоршаған ортаға келер зиянды төмендетуге септігін тигізеді.

«Бұл – еліміз үшін емтихан ғана емес.  Көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік, республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО тақырыбына «жасыл энергияны» ұсынды. Осылайша, халықаралық қоғамдастықтың назарын энергия тұтыну проблемасына аударды. Көрменің басты мақсаты – жауаптылыққа шақыру, пікірталастар тудыру және адамдардың табиғатқа төнетін зиянды барынша азайтып, энергия тұтынуды жоспарлап бақылай білуге үйрету.

«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектарды құрайды, мұнда 36 нысан орналастырылған. Атап айтсақ, ұлттық, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық нысандары, ал, көрме аймағынан тыс аумақта конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қалашық, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер орналасқан. Еліміздегі ең ірі көрмеге 120-ға жуық ел – Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Үндістан, Вьетнам, Куба, Сент-Китс, Невис, Либерия, Румыния және тағы басқа мемлекеттер қатысуда.

ЕАС 643

Түркіменстанмен тиімді әріптестік

Көрме жұмысы басталған соң қатысушы мемлекеттердің ұлттық павильондарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шаралар  мемлекет  басшыларының  қатысуымен ұйымдастырылды. Мәселен, Түркіменстан павильонының ашылу салтанатына Президент Гурбангулы Бердімұхамедов пен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин қатысты.

Ұлттық киім киген қыздар жылы шыраймен қарсы алып, зал көрме  қонақтарына толды. Түркіменстанның  басшысы Ғ.Бердымұхамедов Қазақ елінің Президентіне көрмеге қатысуға шақырғаны үшін алғысын білдірді.

– Бұл көрме елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға кең жол ашады. Мұнда айтылған мәселелерді шешу геосаяси жағдайлардың және макроэкономикалық процестердің тұрақтануына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Көрменің басты мақсаты – табиғатқа зиян келтірмей, баламалы энергия көздерін дамыту. Шараға дайындаған біздің ұлттық экспозициямыз бұл ұранға сәйкес келеді. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, ұсыныстарымызды да ортаға салуға дайынбыз. Түркіменстан  энергия тасымалдаушы транзиті жүзеге асатын құрлықаралық сауда жолының кіндігінде орналасқан, – деп атап өткен Түркіменстан Президенті электр энергиясын жеткізудің тиімділігіне тоқталды.

Қазақстан Републикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин өз сөзінде бұл павильон ең үлкен аумақты – 1000 шаршы метрді алып жатқанын мәлімдеді. Түркіменстан павильоны ашылған соң қонақтар аталған  елдің әлеуеті мен мүмкіндігіне, ұлттық мәдениетіне қанықты.

Қостанайда құрастырылған электромобильдер

Павильондар арасына орналасқан қостанайлық электромобильдер туралы білуге асықтық. «AllurGroup» компаниясы стратегиялық маркетинг бөлімінің жетекшісі Юлия Кронгардтың мәлімдеуінше, өткен жылы 12 автокөлік жинақталып, қазіргі таңда олар тестілеу жүйесінен өтуде.

– Қуаттандырудың үш түрі бар – қарқынды – 15 минут, стандартты – 1 сағат  және  түн бойы. Бұл көліктермен 250-300 шақырым жол жүруге болады. Әзірге олар жаппай сатылымға түскен жоқ. Өйткені, мұндай көліктерді сатылымға шығару үшін арнайы инфрақұрылым қажет. Яғни, электр станциялары мен электр бекеттері сынды қуаттандыру станциялары ашылуы тиіс. Орташа есеппен алғанда, бір ірі қалада 40 қуат көзі болғаны жөн.  Сондай-ақ, қалааралық жолдарда да қуаттандыру нүктесі  болғаны абзал. Бұл қиял-ғажайыпқа толы бос сөз емес, мұндай станциялар жуық арадағы жылдарда салынады. Себебі, мұндай автокөліктердің экологияға пайдасы орасан зор, – дейді Юлия Кронгард.

ЕАС 624

Жаңа үлгідегі BMW

Мұндай автокөліктер  Германияның павильонына да қойылған.  Бұл – BMW i8 маркалы автокөлігі. Сонымен қатар, Германия жаңашылдары  электровелосипед, электромопед, «электр дөңгелегі», электромобильдерге арналған қуаттандыру станциясы функциясы бар көше шамдарын да көрме келушілеріне ұсынып отыр. Осылайша, неміс өнеркәсібі мен ғалымдары баламалы қуат көздеріне көшу үшін жаңа технологияларды жетілдіруге зор үлес қосуда.

Қасбеттік панеліне балдырлар орналастырылған үй де көрме туристерінің назарын аударады. Мұндай үй шын мәнінде Гамбургте тұрғызылған. Павильон өкілдерінің айтуынша, үйдің тетрапакеттен жасалған қабырғаларына су құйылып, балдырлар өсіп шығады. Осылайша, үйдің кейбір қабырғалары жасыл реңк алып, аквариумда қалғандай күйге түсіреді. Балдырды фотосинтездеу процесінің нәтижесінде үйге жылу беріліп, тіпті тамақ пісіруге де мүмкіндік туады. Кейін бұл балдырларды, яғни, биомассаны бетті әрлеуге пайдалануға да болады.

Германия ескірген жанғыш заттар мен отын импорттаудан арылу мақсатында энергияның жаңғыртылған көздерін өңдеу сатысына қадам басты. Енді оның көзі – жел мен су. Дәл осылай болуы мүмкін. Айтпақшы, болашақтың энергетикасында су көзі жел және күн энергиясына қарағанда үздіксіз қолданылуы ықтимал. Германияда электрмен қамту «жасылданып» барады. Жаңғыртылған энергия көзі де артып келеді. Көрмеге қойылған осындай баламалы жобаларды пайымдап қарасақ, 2025 жылға дейін бұл мемлекетте электрдің 45 пайызы жаңғыртылған энергия көздерінен алынбақ.

«Нұр әлемнің» жеті кереметі

«ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр әлем» деп аталады. Алып шар тәрізді ғимарат – әлемдегі ең үлкен нысан.  Шардың биіктігі 100 метрге созылса, диаметрі 80 метр болады.

Осы ғимаратта орналасқан Қазақстанның ұлттық павильоны табиғи ресурстарды пайдалану үлгісінен «жасыл» экономиканың жаңа үлгісіне көшудегі Қазақстанның балама пайымын білдіреді.

Сәулеті мен инженерлік тұрғыдан қарағанда, бұл – керемет нысан. 13 мың тоннадан астам, 2824 әйнектен құралған. Бұл әйнектердің ерекшелігі – екі тұрғыдан иілуінде. Сондықтан, олар еш бұрышсыз сфера үлгісінде құрастырылды. Олар үрленген шар секілді өте тегіс және мұндай нысан әлемде мүлде жоқ. Бұл  павильон энергия пайда болғаннан бастап, оның қазірге дейінгі кезді, яғни, көрме тақырыбын ашады. Егер Парижде Эйфель мұнарасы болса, «Нұр әлем» Қазақстандағы басты ғимаратқа айналмақ. Көрме аяқталған соң бұл ғимарат жаңғыртылған энергияның 20 нұсқасы бар музей ретінде қызмет көрсетеді.

Сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал, сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы-2050» экспозициясына арнайы бөлінген.

Астанадағы медицина академиясының студенті Аида Қалиеваның айтуынша, жалпы ауданы 5 000 шаршы метрлік ұлттық павильон Қазақстан рухының бейнесі болып, «Болашақ энергия – бұл адамзат» пайымын ашатын пернелі саяхатқа айналады. Ұлттық павильонның миссиясы – Қазақстан халқының және елдің өзінің әлеуетін ашып көрсету.

Мұндағы анимациясы қоса жасақталған стенд те ерекшелігімен назар аударады. Қазақ халқының ұлттық салтының атауын бассаңыз (мәселен, қонақасы, сарқыт, ерулік, қонақкәде және т.б.), сол дәстүрге сай әуен жүріп, үш тілде ақпарат беріледі. Әсіресе, ғарыш энергиясына негізделген қабат ерекше әсерге бөлейді.  Құдды бір ғарыш әлемінде жүргендей күй кешесің. Тіпті, ғарышкер де қасыңнан табылады.

Су энергиясы павильонында су сарқырамасының астында жүргендей боласың. Жағаға соққан толқынның дауысы да құлаққа естіледі. Ал, бейнекөрсетілімде су арқылы энергия көзін алу жолдары жөнінде деректер келтірілген.

ЕАС 944

Туристің дені – ТаЙландта!

Бұл елдің павильонына туристер көбірек бас сұғады. Өйткені, олардың назар аударатын ерекшеліктері басым. Өз елдерін таныстыру мақсатында қонақтарға арнайы сыйлықтар табыс етіп қана қоймай, павильонда суретке түсіп, әлеуметтік желіге жариялаған әрбір адамды тегін тай массажымен қамтамасыз етеді.

Бұл  елде де экологиялық энергия көздері қолданылуда. Олар жайлы арнайы бейнекөрсетілімде кеңінен баяндалған.

Күннен қуат алатын ел

Үндістан павильонының негізгі тұжырымдамасы – күн сәулесі.  Өйткені, күн жылына 365 күн бойы шуағын төгеді. Павильон өкілдерінің айтуынша, ғаламшар болашағының энергиясы күнге тікелей байланысты болуы керек. Павильонда теңіз суын тұщыландыру және жылуды жинақтау мақсатында күн қондырғылары таныстырылды.

Жарты тәулікте – 10 мың адам

Көрменің екінші күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен департамент директорлары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді.

– Алға қойған мақсат орындалды.  Он жеті мемлекеттің басшылары мен 115 елдің, 22 халықаралық ұйымның өкілдері Қазақстанда бас қосып отыр. Ал, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне өткен жылы 30 ел қатысуға ниет білдірген еді. Яғни, қызығушылық айтарлықтай өсті.  Бізде күн сайын баспасөз мәслихаттары өтеді, онда түрлі павильондардың өкілдері болашақтың энергиясы туралы жан-жақты сыр шертеді. Сол шараларға қатысамын, сұрақ қоямын, жалпы жаңалықтармен танысамын деген адамдарда есеп жоқ. Осының бәрі Елордада ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік көрменің мән-маңызы жоғары екенін көрсететіні талас тудырмайды деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, 87 павильон жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта тағы екі павильонды ашамыз, – деді Ахметжан Есімов өз сөзінде.

Көрменің ашылу салтанаты үшін арнайы 2000 орынға негізделген Конгресс-холл салынған. Ал, театрландырылған көріністе Қазақстан мен Ресейдің әртістері өнер көрсетті. Он екі мың адамға арналған амфитеатрдың ені – 100, биіктігі – 30 метр.  Бұған дейінгі көрмелердің ашылу салтанатында мұндай тәжірибе болмаған.

– Көрме салтанатты жағдайда ашылған соң 14 сағат ішінде 9822 адам келіп тамашалады. Барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Құрылыс жұмыстары мен ашылу шарасына 400 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деп жауап берді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, халықаралық серіктестікке жауапты өкіл Илья Уразаковтың мәлімдеуінше,  көрмеде экспозициялардың аз болуының өзіндік себебі бар. Өйткені, әр экспозиция графика және 3Д форматында жасақталған. Олар жайлы кең мағлұматты экранды шерту арқылы ғана алуға болады.  Бұл ЭКСПО көрмесінде заманауи-ақпараттық технологияның басым тұстары кеңінен қолданылғанын аңғартады.

P.S. Көрменің  әсері қандай? Енді өткеннің энергиясымен қоштасатын уақыт келді деуге  болады. Өйткені, жердің, ауаның, судың, атмосфераның ластануы шегіне жетті. Болашақ – энергияның баламалы көздерін пайдалануда. АҚШ павильонындағы бейнекөрсетілімде өмірдің энергиясы адамда екені баса айтылған. Себебі, біз отбасымызда, жұмыста жағымды энергияны таратамыз. Қоршаған орта бізге жылуын тегін береді. Енді соны пайдалану, жүзеге асыру – біздің еншімізде.

Көрмені бір рет келіп, тамашалап кеткен адамның өзі болашақ энергиясы, оның баламалы көздері туралы мол мағлұматпен танысады. Әрі заманауи, жаңашыл инновация әлеміндегі өзгерістердің болып жатқанынан мәлімет алады. Ал, инновация кез келген елде – экономиканың қайнар көзі.

Халықаралық шара 10 қыркүйекке дейін өтеді. Қысқасы, Елбасы Қазақстанның шежіресінде алтын әріппен жазылатын тарихи оқиға деп баға берген «ЭКСПО-2017» көрмесін көрген де арманда, көрмеген де арманда!

 Гүлжан ЕЛЕШЕВА, Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Атырау – Астана – Атырау.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз