Жаңа  жыл  жаңалығы: Мұғалімдер мәртебесі арнайы заңмен айқындалмақ

EAS 068 Білім

Биыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет мұғалімдер мәртебесі туралы заң қабылданбақ. Елді елең еткізген бұл жаңалық жұртшылыққа жағымды көрінді. Әсіресе, мұғалімдер қауымы бір серпіліп қалғаны анық. Өйткені, олар осы өзгерісті көптен күтіп жүрген еді. Педагогтар мәртебесін көтеру жөніндегі заңға ұсыныстар 2019 жылдың мамыр айына дейін түсуі қажет. Сондықтан, біз бір топ сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

 

ЕАС 068

Майра АМАНТАЕВА,

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы»

қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Бәсекеге қабілеттілік – заман талабы

Мұғалім мәртебесін көтеретін заң не үшін керек? Әрине, елдің болашағы үшін, келешек жас ұрпақ үшін! Заңды жүзеге асыру үшін мықты маман керек. Бұл да ойланатын мәселенің бірі. Еліміздегі педагог кадрлардың жағдайы қандай? Мұғалім мәртебесі – ел мәртебесі. Олай болса, біздің мамандарымыз мықты болуы қажет. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мұғалім мамандығына ҰБТ-дан төмен ұпай жинаған, өзі тапсырған мамандығына өтпей қалған жастар келеді. Ал, ұстаз – мектептің жүрегі. Жүректің соғысы мықты болса, бүкіл ағзаға қан тарап, жақсы жұмыс жасайтыны сияқты, оқытушы өз ісін жан-тәнімен сүйетін, баланы сүйетін, мектепті сүйетін болса ғана мектептегі білім беру ісі алға басады. Сондықтан, мұғалімдік мамандыққа білікті жастардың келуіне жол ашып, жағдай жасаған дұрыс.

Барлық қызметте де бәсеке еңбек өнімділігіне жол ашатыны тәрізді, мектепте де мұғалімдер арасында бәсеке болуы тиіс. Жаһандану заманында білімді ұрпақ даярлау мықты, білікті мұғалімнің қолынан келетіні анық. Ол үшін халық арасында мұғалім беделін де көтергеніміз жөн. Біріншіден, мұғалім еңбегіне лайықты еңбекақы алуы керек, сонда ғана білімді жастар бұл салаға мойын бұрады. Екіншіден, мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Мәселен, жарық, су, газ сияқты коммуналдық төлемдер тегін болса, үймен қамтамасыз етілсе, мемлекет тарапынан басқа да қамқорлықтар жасалса дейміз. Үшіншіден, мұғалімдік қызметке ерлерді тартуға аса мән беруге тиістіміз. Қазір мектеп ұжымының дені – қыз-келіншектер. Ер-азаматтың айбыны, талап қоюы, сабақ беруінің өзі де үлгі емес пе?!

Сонымен қатар, аталған заңда мұғалім құқығы, ата-ана құқығы, оқушы құқығы арнайы пункттер арқылы белгіленбек. Әлеуметтік желіден қарап отырсаңыздар, кейбір ата-аналар балалары түсіріп әкелген телефондағы мұғалім беделін төмендететін бейнежазбаларды желіге салып жібереді. Осының өзі – сауатсыздық. Ата-ана мұғалім беделін көтеруге мүдделі екенін ұмытпауы тиіс, сондықтан, ата-аналарға арнайы талап қойылуы керек. Дамыған елдерде осындай тәжірибе бар.

 

Самал ТӨЛЕПОВА,

34 көпсалалы гимназияның

химия пәні мұғалімі

Бұл – үлкен стимул

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Алдағы жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажет. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге стимул болуы қажет» деп нақты көрсетілгені – мұғалімдердің көңіліне қуаныш ұялатты. Шындығында, қоғамда беделі жоқ, науқандық жұмыстар мен сайлау кезінде өз жұмысын қоя салып, ел аралап, насихат жұмысын жүргізетін де мұғалімдер екені ащы да болса, шындық. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп өксіген екен бір жетім бала. Сол сияқты ұстаздардың да қоғамға айтары көп. Олай болса, мәселе ақшаның, жалақының көтерілуінде де емес, абырой-беделдің артуында екені де рас.

Аталған заңда ата-ана мен мұғалімнің, оқушының  құқығы туралы да арнайы бап болса екен. Әйтпесе, әр ата-ананың ұстазды қоғам алдында масқаралап, үстінен арыз жазып, сотқа сүйреп жүретіні де көңілге қаяу салады. Дамыған елдерде мұның бірі де жоқ. Ал, бізде әлі де осы жағы олқы соғып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, мұғалім беделі – елдің беделі. Мұғалім мәртебесін арттыру арқылы білім саласындағы көптеген түйінді мәселені шешуге болады.

 

Гүлжан МҰСАЛИЕВА,

математика пәні мұғалімі, Атырау қаласы

Әлеуметтік жеңілдік керек-ақ…

Елбасының Жолдауында айтылғандай, 2019 жылы көптен күткен өзгерістер болса, мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданған жағдайда әлеуметтік жеңілдікті назардан тысқары қалдырмаған абзал. Ең болмаса, электр энергиясына, жылу мен «көгілдір отын», су тұтынуға үкімет белгілі бір пайызда жеңілдік берсе, тұралап қалған мұғалім мәртебесінің көтерілуіне ықпалы тиері сөзсіз. Өйткені, аталған көмектер орын алса, елдің көбі мұғалім мамандығын таңдар еді. Жастардың да ұстаз болуға құлшынысы артар еді. Көбінесе, бәрін шешетін қаржы екені рас. Кейде мектепті өте жақсы бітіріп, ҰБТ-дан жоғары ұпай алып тұрып, мұнай-газ саласына неге оқымағаныма осы күні өкінетінім де жасырын емес. Өйткені, нарық билік құрған заманда сананы материалдық игілік билейтінін бәріміз де жақсы түсінеміз. Сондықтан, заң тезірек қабылданса екен…

 

Гүлфара ҚҰБАЕВА,

Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы

Елбасы берген мүмкіндік

Елбасы Жолдауында: «Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бір нәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Сол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан оларды босату керек. Олар сабаққа дайындалуы керек қой…» деген жолдар бар. Осыны алғаш Елбасының аузынан естігенде шындығын айтсақ, қатты толқыдық. Мұғалімдердің еңбегінің ескерілетін уақыты да келеді екен ғой! Осының өзінен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі, ел мен жұрттың қамын ойлап, бар өмірін қазақты қазақ ету жолында сарп еткені көрініп-ақ тұр.

Осы уақытқа дейін мұғалім қоғамның қолбаласы болып келгені рас. Ата-ана да, өзі білім алып отырған шәкірттер де мұғалімді кісі құрлы көрмей, үстінен арыз жазып, басын дауға қалдырып жүргенін әлеуметтік желіден күнде оқып отырмыз.

Ендігі жерде соның бәрі заңмен қадағаланатын болғанына қуаныштымыз. Сондай-ақ, бір жерде жиырма бес-отыз жыл қызмет жасаған ұстаздарды еңбек өтілімен зейнетке шығарса, әлеуметтік көмек берілсе, онда бүгінгі таңда мұғалімдік қызметтен ат тонын ала қашып отырғандар кері оралар еді. Дәл қазір білім саласында қызмет жасап жүрген жандарды өз мамандығының шын берілген фанаттары деуге болады. Өйткені, жалақысы да, абыройы да төмен мамандыққа бел шешіп бару үшін жанқиярлық қана қажет емес пе? Ал, осы өз ісін жанымен сүйетін мұғалімдерді неге бағаламасқа? Ел Президенті мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдауды дер кезінде қоғам алдына қойып отыр. Бұл – мұғалімге берілген мүмкіндік, осыны қолдан шығарып алмайық!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз