Жаңа Кодекс жер қойнауын пайдаланушыларға тың серпін береді (ФОТО)

ЕАС 270 Жаңалықтар

Елімізде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданбақшы. Жаңа заңнама оны пайдаланушыларға тиімді ықпал етеді деп күтілуде. Мұнайлы өлкеде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен өткен экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысына осы тақырып арқау болды. Жиында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, мұндай маңызды қадам қазыналы аймақтағы кен орындарын игеруші кәсіпорындарға тың серпін беретінін атап айтты.

ЕАС 270

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Атырау облысында жалпы құны 3 млрд.теңгеден асатын 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сол арқылы өңірде 5650 жұмыс орны ашылып, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына оң ықпал етеді»,-деді облыс әкімі.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельскийдің айтуынша, жаңа Кодекс мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарында айтылған тапсырмаларына сай жасақталып отыр. Әсіресе, 74,75 қадамдарда көрсетілген жер қойнауын пайдалану үшін келісім-шарт жасақтауды жеңілдету, пайдалы қазбалар қорының есептілігіне халықаралық стандарттарды енгізу жайы басты назарға алынған. Елбасы Қазақстанның әлемдегі геологтық барлау нарқына шығу керектігін, бұл салаға заңдылықтарды оңтайландыру арқылы инвестиция тарту қажеттігін қадап айтқан болатын.

ЕАС 313

Экономика күретамыры саналатын мұнай-газ және тау-кен секторы әлі күнге ел қазынасына қаражат құятын салалардың бірі саналады. Мәселен, бюджеттің басым бөлігі өндіруші компаниялардың есебінен құралады.

ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев, геологиялық барлау саласында әлі де атқарылар жұмыстар жеткілікті екенін атап өтті. Сапалы шикізаттың жетіспеушілігі – әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеттің төмендеуіне әкеп соқтыруда. Сондықтан, кен орындарын тереңдетіп игеру – маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Демек, геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын арттыру үшін инвестиция тарту қажет.

ЕАС 343

«Жаңа Кодекс кейбір олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз. Заңдылық саланың дамуына оң ықпал етпек»,-деген ол, оңтайландырылған заңнама жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторларға тиімді, нақты әрі айқын болатынына баса тоқталды. Мәселен, бұрын жер қойнауын пайдалану үшін аукционға қатысу, құжаттар жасақтау мерзімінің тым ұзақтығы түрлі-түсті металды заңсыз игеруге әкеп соқтырды. Тіпті, соңғы кездері мұндай деректер тым көбейіп кеткен. Жаңа заңнамада бұл келеңсіздіктер ескерілген. Құрал-жабдықты қолдану, тереңдікке шектеу қою, жер қойнауын игеру мерзімі, құжаттар мен келісім-шарттарды халықаралық стандартқа сай келтіру және тағы да басқа мәселелер анық көрсетілген.

«Кодекс жобасы Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Ол әлі де талқыланып, жыл соңына дейін қабылданады. Ешбір ұсыныс ескерусіз қалмайды»,-дейді Тимур Тоқтабаев.

ЕАС 371

Көшпелі отырысты жүргізген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Бақытгүл Хаменова, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов және тағы басқалары Кодекстің тиімді тұстарына кеңірек тоқталды.

Ал, облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов, мұнайлы өңірдің экологиялық ахуалын баяндады. Сондай-ақ, халық қалаулылары Атырау мұнай өңдеу зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

ЕАС 243

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз