Жаңа ескерткіштер бой көтереді

2018 10 31 111238762500 Жаңалықтар

Облыс орталығында қазақ мәдениетінің белгілі корифейлері – Әбу Сәрсенбаев пен Қаршыға Ахмедияровтың, ал, Исатай ауданында Хамит Ерғалиев пен Исатай Таймановтың ескерткіштері орнатылады. Сондай-ақ, облыстық және қалалық мемлекеттік архивтерінің, жаңа кітапхананың типтік ғимараттары бой көтереді. Оны салуға Атырау қаласында арнайы жер телімі бөлініп, жобалық сметасы жасақталуда. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабырдың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

2018_10_31_111238762500

Басқарма басшысының айтуынша,  мәдениет және архив саласын қаржыландыруға 4,5 млрд. теңге бөлінді. «Шығармашылық ұжымдардың киімдері мен музыкалық аспаптары жаңарып, заманауи құрал-жабдықтар алынды.  Сарайшық қалашығының Жайық өзенінің арнасын шайып кетуінен сақтап қалуда жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Атырау қаласындағы Томарлы елді мекенінен – 400, Жаңаталап ауылынан –200, Махамбет ауданындағы Береке және Ақтоғай ауылдарынан 200 орындық мәдениет үйлері тапсырылды. Бұдан басқа сегіз мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс көлемінде жүзеге асқан ауқымды шаралардың барлығына өздеріңіз куәсіздер» деген Саламат Сағымпазұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Көптен бері сұранысқа ие болып жүрген облыстық шығармашылық орталықтың құрылысын салу қолға алынады. Бұл орында барлық қолөнер шеберлері бас қосады. Суретшілер мен мүсіншілер, тігіншілер, басқа да қолөнер иелері осы орында өз жұмыстарын жандандыратын болады. Бұдан басқа,  800 орындық концерттік залдың да ғимаратын қайта жасақтап халық игіліне жарату міндеті алға қойылды, – деді Саламат Сабыр. Оның айтуынша, облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының жанынан құрылған Жастар театры бөлек ұжым болып бөлініп, жас таланттардың жеке дара жұмыс жасауына жағдай жасау жоспарланды.

  • Бүгінде 289 мәдениет ұйымы мен 9 мұрағат мекемелері қызмет етеді. Архивтегі құжаттарды цифрлық форматқа көшіруде аса құны 40 қор 1754 сақтау бірлігі, 178 785 парақ цифрланды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. ainaw

    Атырау қаласында мәдениет саласындағы жұмыстар қолға алынып, серпінді дамып жатырғаны қуантады әріне.