Жұртшылық жадына «жабысқан» жаңалық

1 zhur Жаңалықтар

            Қарапайымдылық, тосын, нақтылық, сенімділік, эмоция және оқиға. Бұл – мақаладағы ойды сапалы етіп қалыптастырудың алты қағидасы. Оны әр журналист  жетік, әрі ұтымды пайдалана білсе, оқырман жүрегінен жол табар дүние жазады. Бұл туралы Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің баспасөз клубында өткен жиында мәлімдеді.

1-жур

Спикер «Жабысқақ» деп аталатын семинар-тренингте аталған алты қағиданы тереңірек талдап, мақаланың идеясы қарапайым, әрі терең болу қажеттігін айтты. «Мақаланың негізгі идеясы бірінші сөйлемде ­– лидте жазылады. Одан әрі ойлар төңкерілген пирамида іспеттес жалғаса береді. Сондай-ақ, баспасөздің оқылымды әрі оқырман санының артуы үшін оның әр бетінде адамдардың аттары жиі аталуы тиіс. Мәселен, бір мақалада тақырыпқа байланысты дүкен сатушысының, қала тұрғынының, мекеме басшысының, болмаса басқа бір мамандардың аты-жөнін келтіріп, олардың пікірлерін жазып отырған жөн» деді Шыңғыс Мұқан.

Оның айтуынша, шетелдік баспасөздер осы қағиданы жиі  қолданады. Сондай-ақ, жазба адам ойында жатталып қалуы үшін тілі қарапайым, идеясы тосын болғаны жөн. Күнделікті бірқалыптылықтан шығып, таң қалдыратындай ой тауып, жақсы дүниелер  ұсынған жөн. «Журналистің жазған дүниесі оқырманға ерекше әсер етіп, оны көз алдына елестететіндей болуы қажет. Материалдардағы ой нанымды болуы үшін нақты мамандарды сөйлету маңызды. Ішкі-сыртқы сенім көздерін пайдалануға болады. Адамдардың жеке мүддесіне де назар аударылады» деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз