Ыстамбұл ғажайыптары (жолжазба)

Жаңалықтар Жолжазба

Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Жаз айларында кейбір адамдар жанына дауа болар ем іздеп шипажайларды жағаласа, кейбірі әлемнің таңғажайып жерлеріне саяхат жасауға бел буады. Соңғы жолды таңдап мен де таяуда Түркияның жүрегі атанған Ыстамбұл қаласына сапар шектім. Осыған дейін 2016 жылы Антальяда Қожа Ахмет Яссауи жылына арналған халықаралық конференцияға баяндамашы ретінде қатысқаным болмаса, тарихшы-журналист ретінде атағы жер жарған қаланы алаңсыз аралау арманым еді…

Ыстамбұл – ертеде Византия, Жаңа Рим және кейіннен Константинополь деген атауға ие болған Түркияның аса ірі сауда-қаржы, өнеркәсіп және мәдени-ғылыми орталығы, елдің басты портты қаласы. Бір-бірімен көпірлер және туннельдер арқылы байланысып тұрған, Босфор бұғазының жағалауында орналасқан. Жалпы шаһарда соңғы деректер бойынша 15 миллионнан астам тұрғын бар десек те, туристік және сауда-қаржылық жайымен келетіндер саны ұзын-сонар. Демалыс күндері ірі сауда орталығы аталған Истикаль алаңына 3 миллионнан астам адамдар келеді екен.

Осыдан-ақ қаланың атағы шартарапқа мәшһүр екенін аңғару қиын емес. Сонымен бірге, Ыстамбұл – түрлі елдерден келген мигранттарды қабылдаған босқындар мекені. Қалада көне ескерткіштер өте көп. Олар үш дәуірдің 395-1453 жылғы Византия мемлекетінің, 1453-1918 жылғы Осман сұлтандығының және 1918-1923 жылғы Түркияның астанасы болған уақыттың шежіресі. Византия кезеңінен қалған император сарайлары мен ғибадатханалар, қасиетті Ирина, Айя София музей ғимараты (іргетасы 325 жылы қаланған), қасиетті Килисе–Димаси (ХІ ғасырдың ІІ жартысы) шіркеуі сақталған.

Сонымен қатар, ортағасырлық түрік өнерінен Анадолухисары, Румелихсары (1452), Едлкуле (1457) қамалдары, Шахзаде (1548), Фатих–Исами, Баязит, Сүлеймание (1550-1557), Енисали, Ахмадие (Көгілдір мешіт, 1609-1617) мешіттері сақталған. Қазір мұражай саналатын Топкапы сұлтанның кешен-сарайы және өзге де көптеген кесенелер мен фонтандар – қала сәулетінің құрамдас бөлігі. XVIII ғасырдан бастап Ыстамбұл сәулетіне Батыс Еуропа стилі ене бастады.

Ыстамбұлға келген жиһангердің сапары алдымен «Көгілдір мешіт» аталған Сұлтан Ахмед І діндарлар үйіне кіруден басталды. Бұрынғы Ипподром орнына тұрғызылған ғимарат барша мұсылмандар үшін қасиетті орын болуымен қатар, әлемдік сәулет өнерінің әсем келбеті ретінде де аса танымал. Біз барған тұста 10 000нан аса адам қатысқан екінді намаз басталып, олардың арасында қасиетті Меккеге құлшылыққа аттанғалы тұрған әр елден келгендер де бар болып шықты.

Ал, мешіт құрылысы туралы қысқаша төмендегідей мәліметтер бар: Сұлтан Ахмед І басқарған Осман империясы тұсында Австриямен болған жорығы сәтсіздікке ұшырап, оның соңы 1606 жыл 11 қараша күні Житватор келісім-шартына қол қоюымен аяқталады. Сондай-ақ, Ардақты Сұлтан Сүлеймен өмірден озғанынан кейін 40 жыл өтсе де ешқандай мұсылмандар үйі тұрғызылмаған болатын. Сұлтан Ахмад І осы күнәларының орнын толтыру мақсатында Алладан кешірім сұрағандай болып зәулім құрылысты 1609 жылдың тамыз айында бастайды.

Мешіттің 6 томдық сызбалары атақты Топкапы сарайының кітапханасында сақталған. Авторы – сәулетші Седефкар Мехмет, мешіттің құрылысы осман-византиялық стилінде жүргізілді. Аңыз әңгіме бойынша, сәулетшілер Сұлтанның бұйрығын қате түсініп 6 алтын мұнара тұрғызған, алайда ондай құрылыс
қасиетті Меккеден басқа жерде болмауы тиіс болатұғын.

Сөйтіп қосымша 7-ші мұнараны тұрғызбасқа амалдары қалмайды. Қасиетті үйдің күмбездері ақ-көк түсті керамикамен қапталған, биіктігі 43 метр, диаметрі 23,5 метр болатын күмбезді бес метрлік алып коллонна тіреп тұр. Мешіттің дәл түбінде Сұлтан Ахмед І және отбасының мүшелері жерленген ғибадатхана бар. Дәл осы алаңда «Көгілдір мешітке» қарсы көне сәулет өнерінің сарқыны ретінде атақты «Айя София» музей ғимараты тұр.

Құрылыстың алғашқы ірге тасы император Констаниннің бұйрығы бойынша 325 жылы қаланған. Тарихи деректерде көрсетілгендей, үлкен құрылысты 10 мың жұмысшы 5 жылда салып бітірген. Алайда талай рет соғыс зардабынан қиратылса да қалыпқа келтіріледі. Император Юстинианның заманында жаңғыртылған ғимараттың жұмысына Анфимий және Исидор атты сәулетшілер басшылық жасаған.

Алайда олардың ерекше зәулім етіп салған күмбезі 20 жыл өткен соң құлап, 563 жылы Родос аралы топырағынан жасалған жеңіл кірпіштен жаңа күмбез орнатылады. Оның биіктігі – 55,6 метр, диаметрі – 31,4 метр. Күмбездің 40 терезесі бар. Айя София ғибадатханасында Византия империясының діндарлары шоқынатын орын екенін айғақтайтын «Әулие құдайлардың» фрескасы сақталған.

Ғимарат 1453 жылдан мұсылмандар үйіне айналады. XVIXVIII ғасырларда кең көлемде мешіт мұнаралары мен қосымша құрылыстар жүргізіледі. 1935 жылы ел басшысы Мұстафа Кемаль Ататүрік аталмыш ғимаратты музейге айналдырады. Ыстамбұлдың ең көне тарихи сарайларының бірі – «Топкапы». Аталған ғимарат 1479 жылы Сұлтан Мехмедтің бұйрығымен салынған.

Мұнда сан жылдар бойы сұлтандардың жұмыс орындары мен отбасылары қоныстанған. 700 000 шаршы метр жерді алып жатқан сарайлар 4 үлкен бөліктен тұрады. 1923 жылы Мұстафа Кемаль Ататүріктің бұйрығымен бұл ғимарат та музейге айналған. «Археологиялық музей» мен ақша сарайындағы көне заманды айғақтайтын жәдігерлер мен монеталар келушілер назарын өзіне еріксіз аударады. Ал, «Сарай асханасынан» сұлтандар мен олардың отбасылары қолданған ыдыс-аяқтарды, ас ішетін құралдары мен теңдесі жоқ қытай фарфорынан жасалған әсем бұйымдарды көрдік.

Олардың арасынан VII ғасырда Танг династиясы кезінде жасалған құнды жәдігерлерді байқау қиын емес. Аталмыш кешеннің келесі сарайларынан сұлтандар қолданған түрлі қару-жарақтар мен діни кітаптарды, асыл тастардан жасалған әшекейлерді, құнды тастармен қапталған сағаттарды көруге болады. Мені қатты қызықтырған жәдігерлер – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қылышы, ас ішетін ыдысы мен сақалы сақталған сауыт, Фатима қызының киімі және Қағбаның бұрышындағы алтын сауыттың бір данасы.

Ыстамбұл қаласының көркі – Галат көпірі. Алып нысан Алтын мүйіз бұғазындағы Фатих пен Бейоглы (Пера)
аудандарын жалғастырады. Оның ірге тасы 1453 жылы император Юстинианның кезінде қаланып, құрылысы 1503 жылы Сұлтан Баязид ІІ кезінде жалғасты. Ол атақты Леонардо да Винчи мен Микеланджелоны арнайы шақыртып, жаңа көпірдің сызбасын жасатады.

Өкінішке орай, Леонардо да Винчидің ені 24 метр, ұзындығы 240 метр болатын көпір жобасы іске аспай қағаз күйінде қалады. Тек 1836 жылы Сұлтан Махмұд ІІ жетекшілігімен 540 метрлік жүзбелі көпір, 1845 жылы Сұлтан Абдулмеджид І тұсында ағаштан жасалған көпір іске қосылады. 1992 жылы қайта жаңартылған көпірдің ұзындығы 484 метр де, ені 142 метрді құрады. Бүгінде жаңа үлгімен бой түзеген алып көпір – шаһарға келушілердің бас қосатын демалыс орны.

Әсіресе жаңа ауланған балық өнімдерінен пісірілген түрлі ас мәзірін ұсынған мейрамханаларға еріксіз бас сұғасың. Осман империясы кезіндегі атақты сұлтан сарайы – Долмабахче. Сарайды 1839- 1861 жылдары Сұлтан Абдулмеджид І еуропалық сәулеттік өнерге еліктеп тұрғызады. Нысан құрылысын армяндық сәулетшілер жүргізген. Сарайда 1856 жылдан бастап Абдулмеджид, Абдуазиз, Мұрад, Абдулхамид ІІ, Мехмед Решад V және осы алты сұлтанмен қатар ең соңғы болып Халифа Абдулмеджид де өмір сүрді.

Республика болып жарияланған соң Мұстафа Кемал Ататүрік те осы сарайда қызмет етіп, келіп-кетіп жүреді және осы жерде дүние салады. Осы сапарымда түрік елі басшысының ертедегі сұлтандардан қалған алтындатқан жиһазға толы бөлмелерімен танысып, ақтық демі таусылған төсек орнын да көруге мүмкіндік алдым. 1949 жылға дейін Исмет Инөнү кезінде президент резиденциясы ретінде қолданылып, 1984 жылдан Осман империясы кезінде қолданылған жиһаздарымен музей ретінде көпшілікке есігін ашты.

Долмабахчеде теңіз жағасын жағалай негізгі ғимаратпен қатар шыны өңдеу, темір балқыту, құс асырау, мал қора сияқты шаруашылық ғимараттары орын алған. 285 бөлмесі, 44 залы, 68 әжетханасы және 6 моншасы бар бұл сарай – 14595 шаршы метр жерді алып жатқан Түркияның ең зәулім ғимараты.

Сарай қабырғаларындағы нақыштар мен декорациясында қолданылған Хереке кілемдері, Баккара және Богем хрусталі, Севр мен Йылдыз фарфорлары, әртүрлі елдердің билеушілері тарапынан жіберілген сыйлықтар мен Батыс суретшілерінің қаламдарынан туған туындылар көз жауын алады.

Осы сапарымда атақты Сұлтан Сүлеймен мешітінде, су қоймасы атанған жер асты Базелейкасында, Қыз күлесі мұнарасында, Түрік Ислам әлемі мұражайында, Миннатюрк панорама паркінде, Капалы Чарши жабық базарында, Таксим және Истикляль сауда алаңдарында, Галат мұнарасына көтеріліп қала көркін қарап, Босфор бұғазына теңіз кемесімен саяхат жасадым. Естен кетпес әдемі де әсерлі сапар осылай тәмамдалды.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

АТЫРАУ – ЫСТАМБҰЛ – АТЫРАУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *