ЫНТЫМАҚ ҰЯЛАҒАН ЫРЫСТЫ МЕКЕН

Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында жыл сайын аталып келе жатқан 18 қазан – Рухани келісім күнінің орны бөлек. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, келісімнің киелі бесігіне айналған Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық байланысты нығайтуда қол жеткізген бірегей тәжірибесіне қызыға қарап, одан үлгі алғысы келетіндердің қатары көбейді.

 

Әлем елдерінің дінбасылары мен саяси көшбасшыларының Еуразия жүрегіндегі қазақ жерінде рухани келісім негізі қаланғандығы туралы ортақ пікір ұстануы Елбасының саяси көрегендігінің арқасы екені даусыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі әлем халықтары арасында бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу мақсатында саяси және діни көшбасшылар арасында үнқатысуды дамытуға Қазақстан Президентінің үлесін ерекше атап өткен болатын. 1992 жылғы қазан айында Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші конгресін өткізуде Елбасының рөлі ерекше болды. Аталған конгреске қатысқан танымал діни және қоғам қайраткерлері осы күнді адамдар арасындағы түсіністікке қол жеткізу және бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған.

Бүгінде рухани келісімнің биік тұғырына көтерілген еліміз бұл мерекеге ерекше ықылас танытады. Айтулы күн қарсаңында кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Қазақстан – бәрімізге ортақ Отан» атты салтанатты шара өтті. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.

– Рухани келісім күні – Елбасы Жарлығымен белгіленген ұлттық мереке. Мемлекет басшысы осыдан 23 жыл бұрын руханияты тапшы елде береке де, байлық та болмайтынын атап айтқан болатын. Қоғамдағы зорлық-зомбылық, дінге, ұлтқа бөліну тек рухани келісім жоқ жерде ғана орын алады. Сондықтан, Қазақстанның болашағы рухани келісімге тікелей байланысты, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ол бұдан кейін ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың нығаюына өзіндік үлес қосып, үлгілі еңбегімен танылып жүрген бір топ атыраулықты облыс әкімінің Алғыс хатымен құттықтады.

Олардың қатарында Атырау облыстық халықтық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев, Атырау қаласының соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің мүшесі Орынбасар Мұхтаров, Махамбет аудандық мәслихат хатшысы Асқар Құрманбаев, Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Баян Жанұзақова мен «Мұнайлы Астана» газетінің тілшісі Арайлым Нұғманова және басқалар бар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз