Үрейлі дерт неге үйретті?

1 25 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. Өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат сол – суға батып бара жатқан кісі тал қармап жағаға жетеді екен. Немесе қараңғыда орманда адасқан адам ағаштардың арасынан да жол табатын көрінеді.

ІНДЕТ пен МІНДЕТ:

3.Шыңдалу сынағы

Яғни, қазақ айтқан «басқа түссе – баспақшыл» демекші, қандай жағдайдан да шығудың амалы ойластырылады. Демек, қаншама
қиындық кездессе де, жанды тұлға оны еңсеруге ұмтылады.
Сыннан сүрінбей өтіп, толымды тәжірибе жинақтайды.

 Бұл жолы да солай болды. Төбеден түскендей көрінген тажал түбіне тартып кететін тәрізді еді. Қалыпты тірлікті тас-талқан етіп, енді оңалмастай көрінген. Бірақ, басталған істің соңы да бар. Бұл індет те ініне кірер. Ақыл иесі адамзат оны да ауыздықтар. Аты жаман ауру, шын мәнінде, шыңдалу сынағы ретінде есте қалар.

Расында да, қазір қалыпты тірлікке біртіндеп оралып жатырмыз. Бос қалған көшелер тұрғындарға то­луда. Аулада қаңтарылып қалған көліктер шаһар нөпіріне қосылуда. Сауда орындары, сұлулық салондары мен шаштараздар тұтынушыларын қабылдауда.

Бір сөзбен айтқанда, тіршіліктің түтіні түзу ұша бастады. Әрине, қауіп толық сейілген жоқ. Деген­мен, індет ішін тартқандай. Жалпы, әлем мамандарының айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың 80 пайызы сауығады екен. Бізде де жаңа сырқат жұқтырғандардан гөрі жазылғандар саны өсіп келеді. Осы көңілге демеу. Әйтпесе, қатерлі дерттің өзінен ғана емес, сол туралы тараған сыпсың сөзінен сескеніп қалған едік.

Ендігі қаракет қандай болмақ? Үкімет мойындап отырғанындай, алдымен, санитарлық-эпидемиологиялық салаға тым салғырттық танытыппыз. Оның маңызы екінші орынға сырғыпты. Шындығында, тұтас елдің тағдыры таразыға тартылғанда осы қызметтің қауқары сынға түспей ме? Оның ата­уын өзгертіп, қоғамдық денсаулық сақтау деп атағаннан не ұттық? О бастағы санитарлық бағытынан бұрылып кетті ме? Жаппай эпидемияға қарсы тұратын қайраты қайда? Тіпті мораторий жарияланғанын алға тартып, кәсіпкерлік нысанда­ры табалдырықтан аттатпаса, сала қызметкерлерінің беделіне нұқсан емес пе? Жалпы, адам саулығына, сол арқылы күллі мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін нысандарды аратұра құзырлы орындардың кешенді тексеріп тұруын ережеге енгізген жөн. Алда ыстық жаз айлары келеді. Сол уақытта жаппай улану фактілері кездесіп қалатыны жасырын емес қой.

Одан әрі, медицина жүйесінің осал тұсы көрініп қалды. Мемлекет басшысы мұны да жасырмай отыр. Өзгені емдеуге тиіс дәрігерлердің өздері сырқатқа шалдықты. Сөйтсек, олар бастапқыда қажетті қорғаныш құралдарымен де қамтамасыз етілмеген екен. Күнделікті киіп жүретін бетперде сенімді бола алма­ды. Демек, бұл да – алдағы уақытқа ащы сабақ.

Жалпы, пандемия кезінде осы сала қызметкерлерінің әдетте аңғара бермейтін шыдамдылығы мен жанкештілігіне куә болдық. Күнделікті жұмысынан соң отбасына оралатын олар бұл жолы тәулік бойы тынбастан еңбек етті. Президенттің пәрменімен адам жанын арашалап, алдыңғы шепте жүрген жандарға тиісті төлемақы төленбекші. Тек сол көлденең көк аттының қоржынында кетпесін. Әйтпесе, қызыға қарап, көз тігетіндер бар. О баста осы қосымша қаржы кімдерге және қалай берілетіні туралы түсіндірілмеді ме, кім білген – әйтеуір, өзіне тиесілі екендігін айту­шылар көбейді. Бұл, бір жағынан, осы саладағы оралымсыздықты да көрсетті. Ақ желеңді жандардың жарытусыз жалақысы сын шақта сыр берді. Енде­ше, Мемлекет басшысы айтқанындай, «дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталан­дыру жүйесін жетілдіру қажет». Екіншіден, дәрігер мамандығын ақылы оқу тізімінен шығарып тастау қажет. Елге керек мамандар ел бюджетімен даярлануы тиіс!

Со н ы м е н қ а т а р , б и з н е с нысандарының қызметін қайта қараған жөн шығар. Оларға барынша қолдау көрсетілді. Республикада 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Әйтсе де, соның бәрі қамқорлыққа зәру ме? Шаһарда да, ауылда да қаптаған кішкене ғана дүкендер ел экономикасына үлес қосып жа­тыр ма? Орталық базардан тиеп әкелген тауарын үстемесімен қайта сату да кәсіпкерлік болып па? Одан да өзі өндірген құрт-майын саудалап жүргендерге жәрдемдескен жөн емес пе? Тапқан табысына тағы төрт-бес сиыр сатып алып, соның сүтін тұтынушыға ұсынса, тиімдісі сол шығар.

Тағы таң қалғанымыз – бизнес иелерінің шетінен тым кедейлігі. Ширек ғасырдан бері кәсіпкерлік көрігін қыздырып жүргенінде ай­налымда ақшасы жоғына сенер- сенбесімізді білмедік. Себебі, сәл қиындық туып еді, алақан жайып шыға келді. Шаш-етектен шығынға батқанын, жұмысшыларына жалақы төлей алмайтынын айтып, жан- жақтан шулады. Ау, артында бірер айлық қаржылық қоры жоқ бизнес құрылымы болушы ма еді? Үкімет солардың бәріне тегін теңге тауып беруге міндетті ме? Жалпы, елімізде бизнес сауда сөресінен әрі аса ал­май жүргенін ескерсек, бұл бағытта әлі де біраз іс тындырылуы керек. Бірақ, алыпсатарлыққа емес, өңдеу бағытына басымдық берілуі шарт.

Сондай-ақ, республикадағы а л ы п к е н о р н ы с а н а л а т ы н Теңіздегі асқынған ахуал мердігер құрылымдардың кем-кетігін де көрсетті. Мұндағы қызметкерлердің көбі шығарылғанымен, ауру ауыздықталмай отыр. Сондықтан Премьер-министр орынбасарының мұнайлы мекенге ат басын бұруына тура келді. Облыс басшылығы баруға мәжбүр болды. Ең сорақысы – кеніште еліміздің әр түкпірінен келген кісілер еңбек ететіндіктен қатерлі дерттің жан-жаққа тарап кету ықтималдығы жоғары. Қазірдің өзінде осындай бірнеше дерек тіркелді. Пандемия басылған соң мердігер мекемелер мамандарды ат арытып алыстан алдырғанша, іргеден іздестіруді ойластыратын шығар. Тіпті экономикалық тұрғыдан таразылағанда да осы тиімді емес пе?

Ақ ы р ы н д а , ж о ғ а р ы д а а й т қ а н ы м ы з д а й , ә л е м ғ а л ы м д а р ы с ы р ы б е й м ә л і м сырқатқа қарсы дәрі-дәрмек іздестіріп жатқанда, бұл дүрмекте қазақстандық мамандар да бар. Олар да көз майын тауысуда. Түбі бір нәтиже шығатын шығар. Әрі дүние жүзі дәрігерлерінің пікірінше, осы ауру айналып соғуы да мүмкін. Тіпті, қарапайым тұмау тәрізді науқандық сипат алуы да ықтимал. Тек соған адам ағзасы дағдыланып кетер ме екен? Бойымызда берік иммунитет қалыптаса ма? Әлде қорқынышы басым болып, тағы дүрлігеміз бе? Мәселе сонда. Әйтпесе, саулығымыз сыр бергенде емделіп кете алсақ, онда, әрине, түк қаупі жоқ. «Ауырып тұрдым – аунап тұрдым» деп жүре беретін қазақ емеспіз бе?..

 P.S. Сонымен, кейбір жекелеген жағдай болмаса, пандемия қатері де сейіліп келеді. Адамзат жаралғалы оның басынан талай дүрбелең өткенін ескерсек, бұл да ертең тарихтың бір қатпарында қалар. Рас, біраз қиындық тудырып кетті. Кесірлі кеселмен қосарланып азулы мемлекеттердің өзара сауда соғысы, «қара алтын» құнының құлдырауы, теңгенің тұрақсыздығы, қымбатшылық құрсауы белең алды. Шын мәнінде шыдамдылық сыны бұл. Төзімнің таразыға тартылар тұсы. Белбеуді бекем буып, бірлігімізді бекітетін сәт. Содан сүрінбей өту бәрімізге де шарт.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/investici%d1%8flyq-zhobalarga-100-mlrd-tenge/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз