Ұлтқа керек үш негіз қандай?

10 Жаңалықтар

Atr.kz/30 қараша, 2019 жыл. Белгілі қоғам қайраткері Оразкүл АСАНҒАЗЫ қазақты қазақтың тілі біріктіреді деп есептейді.

Яғни, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын біз ең алдымен ұлттың тілін ұлықтауға, ұрпақ тәрбиесінде ана тілін дәріптеуге пайдалануымыз керек. Әрі қарай біз қоғам қайраткері ұсынған негізгі үш триада мәселесін кеңірек тарқатқанды жөн көрдік.
«Қазақтарды біріктіретін ең негізгі құндылық бар. Ол – қазақтың тілі. Бүгінде қазақтар әлемнің 44 мемлекетінде тұрады. Міне, сол қазақтарды ұлттық тіл ғана біріктіруі тиіс. Әлемде қандастарын өз еліне шақырып отырған үш қана мемлекет бар. Олар Израиль, Германия және Қазақстан. Осы үштіктің қатарында Қазақ елінің болуының өзі үлкен мақтаныш. Ал, тікелей «Нұрлы көш» бағдарламасына келетін болсақ, көш белгілі бір деңгейде тарихи миссиясын орындай алды.
Бірақ, оны толыққанды жүзеге асыру қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Сондықтан, қандастарымыз «маған не береді?» деп емес, «мен еліме не беремін?» деген мақсатпен келсе деймін. Дәл осы ұғыммен оралған көптеген қандастарымыз ел экономикасының, мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазақстанның қай шетіне келсе де олар Отанын, елін, жерін сүюдің, тілін, дінін, мәдениетін қастерлеудің, құрметтеудің озық үлгісін көрсетуде» дейді қоғам қайраткері.

11 2


Қоғам қайраткері назар аударған екінші мәселе – берік отбасы. «Әрине, мемлекеттің негізі берік отбасында. Өйткені, отбасыдан келіп қоғам құрылады. Ол қоғам мемлекеттің даму бағытын айқындайды. Өкінішке қарай, бүгінгі отбасылық тәрбие ұлттық құндылықтардан ажырап қалды. Ақпарат нөпірінің көптігі сонша, біз жаһандануға жұтылып бара жатырмыз. Түрлі ақпарат көздері, анайылықты, өзге де жат қылықтарды насихаттайтын фильмдердің нәтижесінде қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған қарттар, жетімдер үйі пайда болды. Сондықтан, біздің алдымызда ер азаматтардың жауапкершілігін көтеруге, қыз баланы өз міндетін атқаруға тәрбиелеу міндеті тұр. Мемлекет басшылығының айрықша маңыз беруімен ел көлемінде өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының тұрақты ұйымдастырылуының астарында да осындай мәселе жатыр. Сондықтан, отбасындағы атаның, әженің рөлін қалпына келтіру, әке мен ананың жауапкершілігін көтеру мәселелеріне маңыз бере түсуімізге тура келеді. Біздің ұрпағымызға әженің әлдиі, атаның батасы, әке мен шешенің ырзашылығы мен мейірімі, өнегелі тәрбиесі, өрісті үлгісі аса қажет» дейді спикер.
Үшіншіден, біз болашақ ұрпаққа намысшыл бейнемізді аман етуіміз керек. «Қазақ тарихта рухы биік, намысы жоғары, ар тазалығын бар байлықтан жоғары қойған дана халық ретінде қалды. Бүгінгі жастарымыз осындай дара халықтың ұрпағы екендігін мақтан тұтуы тиіс. Біз әлемнің ең озық отыз еліне осындай намысшыл бейнемізбен барғанда ғана озық тұратын боламыз» деп түйіндеді сөзін қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.


Баян ЖАНҰЗАҚОВА

«Данышпан қазақ «сені баққан анаңнан айналайын» деген сөзді тегін айтпаған. Қайын сіңлісіне ат қойып, қайын жұртының бетіне келмеген, кішіге ізет көрсетіп, үлкеннің жолын кеспеген қазақы тәрбиені «еліктеушілік» деп аталатын кесапат бұзды. Жетпіс жыл орысқа еліктеп едік, енді ағымға еліктей бастадық. Оның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Бір ғана Сирия мемлекетіндегі жағдайлар дінді түсінбегендердің дүрмегі қандай болатынын көрсетті. Сондықтан, діни білімді, рухани құндылықтарды арттыруда көптеген жұмыстар жасалуы керек».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз