«Өткенің – көрген түс емес»

«Өткенің – көрген түс емес» Жаңалықтар

Биыл Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл және саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Осыған орай Батыс Алаш-Орда құрылымының тарихын, ондағы белгілі тұлғалар мен қатардағы қаһармандарының өмірбаяндарын зерттеу, Алаш идеяларын бүгінгі заман талаптарымен үндестіру қай кездегіден де көкейкесті мәнге ие болып отыр. Төменде жарияланып отырған мақаланың авторы –  белгілі эссеист-жазушы, өлкетанушы, Атырау жерінің тумасы Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ өзінің ұзақ жылдар археографиялық және елтану экспедициялары барысында жинаған материалдары негізінде түйген ойларын ортаға салады. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, туған өлке тарихына бейжай қарамайтын оқырмандарымызды айтулы дата қарсаңында  осы өзекті  тақырыпқа орай үн қосуға шақырамыз.
«Өткенің – көрген түс емес»

Күнбатыс Алаш-Орданы қалай зерттеп жүрміз?

Мен зады тарихшы емеспін. Соның ішінде әсте алаштанушы ғалымдардың егініне түскім келмейді. Әдебиеттің, атап айтқанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихымен айналысамын. Алаш тақырыбына сол әдебиеттік кезеңнің көрнекті өкілдері Ғұмар Қараштың, Шәңгерей Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүріп келдім. Екеуінің де Алашқа едәуір қатысы болған: Ғұмар Алаш-Орда үкіметінің дін жөніндегі ұстанымдарын жасауға қатысса, Шәңгерей Алаш идеологиясының дем берушісі еді (Әлихан Бөкейхан күрмеуі қиын келелі мәселелерді «милет басшысы» атанған Шәңгереймен ақылдасып шешеді екен). Осы Шәңгерей мен Ғұмар жайындағы кітаптарымды жазып шығарғаннан кейін әлденеге Алаш тарихын білгім келіп ауаландым (сірә, бұл ілгергі тақырыптың заңды жалғасы болып көрінсе керек). Кітапхана-архивтерде отырып, бірқатар материал жинақтадым, алашшылдардың ұрпақтарына жолығып, сөз алдым. Бірақ, бұл тақырыппен көп айналыспадым, әдетімше төрт-бес жылдан кейін жерініп, басқа тақырыпқа ауысып кеттім. Ғарифолла Әнестің қолдауымен ғана «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясына қырық шақты мақала дайындап бердім. Кейінірек, «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шығаруға Атырау облысы әкімдігі бірдеңе сұрағанда солардың басын қосып, «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі» деген атпен кітап етіп ұсындым. Бірақ, кітаптың жолы ауыр болды. Тиражы түгелімен облыс кітапханалары мен мекемелеріне таратылып берілгендіктен сөздік ғылыми айналымға түспеді, біреулер соны пайдаланып «кілт жаратты»: жекелеген факті-дәйектерге «жиендік» жасап қойса бір сәрі ғой, сөздікті өз аттарынан шыққан энциклопедиялық анықтамалыққа  соламайымен салып жібергендер де бар. Ойласаң, ішіңнен қанды бұрау өткендей болады, бірақ, жас болса келіп қалды, кіммен жаға жыртысып, соттасып жатасың. «Жә, қалам әзірге қолда тұр ғой, сәтін салса әлі-ақ жазармын» дедім де қойдым.

Мені өкіндіргені ол да емес. Өкіндіргені, тарихымыздың осы бір кезеңі, әсіресе, Батыс Қазақстан аймағы бойынша дұрыс зерттелмей, аламыш-аламыш «ақтаңдақ» болып келе жатқандығы. Сол тұста жасаған қайраткерлеріміздің қабілет-қарым, парасат-пайымында еш қапы жоқ, әттең, насихаты кем. Соның ішінде – қатардағы қаһармандарының. Кейде фактілер тұтаса келіп, бас-аяғы түгел идеяға айналатыны бар. Алаш-Орданы зерттеп жүргенімде сондай бір нәрсені бастан кештім, яғни алаштықтардың аз уақыт ішінде өз алдына дербес мемлекет болып өмір сүріп кетуге дайын болғандарына көзім жетті. Қараңыз, небәрі 19 ай 8 күн өмір сүрген Күнбатыс Алаш-Орда осынау тарихи қас-қағымның өзінде кемел мемлекеттік құрылымға қойылатын негізгі талаптарға жауап берген, саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан толыққанды тыныстаған. Бірегей (уникум) құбылыс болмас, бірақ, бұл ұлттық тарихтағы сирек кездесетін нәрсе, егемендіктің, еркіндіктің ең жоғары кернеуі болып саналатын суверенділіктің көрініс беруі.

Өзінің жоғары органы (құрылтай), кеңесші органы (кеңес), атқару органы (уақытша үкімет) және жергілікті өзін-өзі басқару органдары (ауылдық, болыстық, уездік земство комитеттері), өзінің банк-қаржы мекемесі, пошта-телеграфы, жергілікті айналымда жүретін ақша бірлігі, мөрі, рәмізі (Туы, Әнұраны), баспасөз органы (газеті), баспаханасы, сот органдары, ұлттық әскери құрылымы болған кәдімгі мемлекет. Өздері «уәлаяттық автономия» деп атағанымен, шынтуайтында, өз тізгіні өзінде, билігін ешқашан уысынан шығармаған дербес түзілім. Анау Колчактың уақытша Сібір үкіметі, Самарадағы Комуч, Уфадағы Директория, Мәскеудегі Совет өкіметі, іргедегі атты казактың Войсковой үкіметі қоқан-лоққымен, айла-шарғымен өздеріне қаратып алғысы келіп жан-жақтан жұлмалағанымен, соның біреуіне де билікті бермеген. Барлығымен де терезесі тең отырып сөйлескен, одақтас ретінде келісім-шартпен қарым-қатынас жасаған. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халықтың мүддесін бір ширек те ұттырмаған. Тіпті, азуын Айға білеген Ресей империясы тұсында сақалынан сары алтын саудыраған Нобельдер басы бүтін иеленіп жүрген Доссор-Мақаттың мұнай кәсіпшіліктері алаштықтардың (жергілікті басқару органы – уездік комитеттің) рұқсатынсыз бір кеспек майын сыртқа шығара алмаған ғой.

«Ербекет-ау, осынау саяси шығармашылыққа үркердей бұл топ қашан әзірленіп үлгерген, өздері аттың төбеліндей болып, аттың түгіндей елді басқарудың суперкүшіне қай жерде жүріп ие болған» деп ойға қалдым.

Сарт айтпақшы, «мұнда бір гәп бар» екен.

«Өткенің – көрген түс емес»-2

Лирикалық шегініс немесе рухани мәйектің алып шынары

Троцкий мен Свердловтарды Нью-Йорктің Ист-Сайд орамына алдыртып, науша жігіт шағынан балапанша баулыған бронштейндік, рокфеллерлік Уорлд-стрит демей-ақ қояйық, бірақ, құдіреті қазақ даласы үшін содан бір кем емес жүйе ілгеріде бізде де жұмыс істеп тұрыпты. Орыста «золотое сечение» дейтін тіркес бар. Осыны қазақшалауға сауатым жетіңкіремей жүр. Ұққаным, әрқандай елдің аумағында өңшең мықты тудыратын ерекше нүктелер болады екен. Мысалы, Арқада ондай жерлер Баянауыл, Қарқаралы, Шыңғыстау, Торғай төсі болса керек. Батыста Бөкей Ордасы, Жымпиты-Қаратөбе және Тайсойған-Бүйрек өңірі. Егер осыған ұйитын болсақ, онда алдыңғы екеуі көбірек зерттелгенін, ал,  соңғы аталған «алтын қиманың» қадіріне әліге дейін жете алмай келе жатқанымызды айту керек. Тайсойған құмының қазақтағы орнын «тай жығып жеген қақпақты қара қазан», яки «мыңғырған малды пішендеген қара қаспақ» сынды экономикалық үрімпар сөзбен шектеп қойсақ, ол мәселенің бетін шөмішпен қалқу болады. Осында XIX ғасырдың орта шенінен бастап бір рухани мәйек алып шынар секілді тамырын тереңге салған. Оның аты – ислам, дәлірек айтқанда, асыл дініміздің мистикалық-зияткерлік софылық қанаты. Орта Азиядағы белгілі нақшбандийа тариқатының ішінен XVIII ғасырда тармақталып шыққан муджаддийа тақтасы. Муджаддидтер исламның сүннә жолының әу бастағы таза, қоспасыз асыл негізін қайтып орнына келтірмекші болған. Ақойдта (ниетті түзеуде) матурдди, ғамалда (дүние тіршілігін өткеруде) Имам Ағзам, ал, ақлақта (әдеп-мінезде) нақшбандийа мәзһабтарын ұстанған олар медреседе дін ғылымының сырт негізін (захир) үйрететін, ал,  софылық ханақада іш мағынасынан (батын) тағылым беретін ерекше әдіс қолданып, психофизикалық жаттығулар көмегімен баланың зердесін (мүтәғаласын) ашып отырған.

Солардың арасынан Қаразым ойпатындағы Үргеніш пен Хиуаның муджаддид шайхтары түркімен құмынан, қазақ даласынан келген мүридтерді көп ұстаған. Әсіресе, Ниязқұлы дейін пірдің тариқасындағы машайықтарға Батыс Қазақстан аймағынан барып, нәзір қойып, қол тапсырушылар аз болмапты. Басы – Бекет ата, соңы – Рахметолла ишан, Хасан хазіреттер. Тайсойған құмындағы Кестен-Маңқан ауылында, қылышкестен шеркеш Шектібай хазірет әулетінде туып-өскен Рахметолла Нұрманұлы Хиуада Мәткәрім ишанға қол тапсырып, сосын ілімін Бұхарда жалғастырып, шатырхат (куәлік) алып елге оралған соң Тайсойған, Қызылқоға, Қарабау болыстарына ортақ мешіт-медресе ұстайды.

Мұның жайы атыраулық әдебиетші Сабыр Қазыбайұлы, тарихшы Ғинаятолла Нығмет жариялаған адай Нұрым жыраудың Рахметолла ишанға шығарған мәрсия жырында жақсы айтылған. Ал, Рахметолланың інісі Хасан да Кермақас медресесін тәмам еткен соң Бұхарадағы жоғары дәрежелі оқу орнында білімін  тиянақтап келіп, Қызылқоғада өз алдына мешіт-медресе ашады. Сөйтіп,  бір әулеттен аталы-балалы және ағайынды төртеу – Шектібай хазірет, Нұрман (Нұрмұхамед) ишан, Рахметолла ишан және Хасан хазірет заманында Мәтен қожа, Сұлтануәйіс хазіреттер тағанын тартып кеткен «мәстура» өрнегін одан әрі жаяды. Олардың жанында ысық Қазмұхамед хазірет Көшкінұлы, Бейсембі ахон сияқты алым кісілер жүрген. Осылайша, жыңғылдан, дүзгеннен оқа киген қызыл торғын шоқал мен жалаңбас ақ жалтыр бұйраттардың ара-арасында нешеме күмбезді мешіт, құтхана мектептер бой көтереді (солардың қазір Сағатағашы, Қарақожа, Құлниязмешіт, Құбашмешіт, Мешітқоқты дейтін аттары ғана қалған).

Әлгі мектептердің бірқатары өткен ғасырдың басында Еділ бойы татар-башқұрттарының әсеріне ұшырап, дін ғылымына қоса дүниәуи білім де берген. Бірте-бірте төте, яғни усул-и жадид жолымен оқытатын жаңаша мектептер де ашыла бастайды. Бірақ, қалай болғанда да тіл бүтін, дін дүдәмалсыз тұрған заман ғой, – қазақ баланы  «қозы жасында», яғни  азамат болудың алды деп қозы қайыруға жұмсаған сегіз-тоғыз жасында ауыл молдасынан еже тәсілімен қирағаттап Құран жүргізіп, «тіл сындырып» шыққан бала (сауатты құр жаттаумен, механикалық тәсілмен ашу дұрыс болатынын, осылай еткенде зерде әсте жаңылшақтыққа ұшырамайтынын бес жасынан иероглифтерді жадуалша жаттап өсетін қытай тәжірибесі де көрсетіп отыр) одан әрі Қызылқоға, Кермақас, Қарабау және Қаракөл мешіт-медреселеріне алынады да, онда ишан-халфелердің «сұхбаттық» тылсым сабақтарымен мүтәғала ашқаннан кейін Уфадағы медресе Ғалиядан оқып келген тәзіке адай Аяпберген Науанов секілді жаңашыл мұғалімдердің жәдид мектебінен білім тиянақтап, сосын болыстық екі класты мектептерге, Гурьевтегі, Ойылдағы Романовтар атындағы төрт класты қалалық училищелерге жол тартады. Соңғыларына, әрине, «жамбас жеген жақсы кісілердің» нәсіл-нәсібінің қолы жеткен. Қалғандары екі класты мектептерді місе тұтады. Бірақ, содан ұтылған ешқайсысы жоқ. Көпшілігі-ақ ойының ұшқырлығымен, тілінің үшкірлігімен танылды. Себебі, заманында мешіт-медреселердің дәл жанынан Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен, өкіметтің тапсырмасымен «қарашекпен» орыс шаруалары пешке жыңғыл, қамыс, шағыр жағып, күйдірген қызыл кірпіштен өріп тұрғызған бұл мектептер ел іші кезінде «пәленше көркейткен», «түгенше оқыған» деп аса бір ілтипатпен ауызға алып отырар зияткерлік білім ошақтары еді.

«Өткенің – көрген түс емес»-3

Зияткерлік ошақ

Тарихқа айтқызсаңыз, алдымен, 1891 жылы Қаракөл мектебі салынып, бір класты орыс-қазақ мектебі ретінде пайдалануға беріледі. Іргетасы 1892 жылы қаланған Қарабаудағы «Қызыл үй» мектебі де білім беруді 1898 жылы бір сыныпты мектеп ретінде бастайды. Ал, Қарабаудың оңтүстік-шығысында он-он екі шақырым жердегі Кермақастағы мектеп –  «үш қызылдың» ең соңынан салынғаны, ол да есігін бір класты училище түрінде ашқан (әр сынып төрт жыл оқытқан). Төртінші «қызыл үшкөл» Қызылқоғада ашылған, бірақ, атыраптағы «қала» атанған бірден-бір бұл елді мекенде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған басқа да «қызыл үйлер» болуы себепті мұндағы мектеп «Қызыл үй» деп дараланбаған-сынды.

«Қызыл үйлер» шалғай ауылдардан келген балалар жатып оқитын пансион-мектептер еді. «Мекалай заманында» қолданылған жүйе бойынша екі тепкішекті мектепті орташа, не ілініп-салынып бітіргендер қазақ «нан жерлік» деген біліммен кеңсе жұмысына (тілмаш, песір) қалдырылған, ұзаса ауыл старшыны болып сайланады.

Ал, толық әрі жақсыға тәмамдағандары іріктелініп, губерния, облыс орталықтарындағы, Ресейдің ішкі қалаларындағы мұғалімдер семинарияларына, орта дәрежелі ауылшаруашылық училищелеріне, реальдық әскери училищелерге, фельдшерлік, малдәрігерлік  және басқа да арнаулы білім беру мектептеріне жолдамамен жіберілетін. Үздіктері ірі қалалардағы институт-университеттерге барып оқиды, мысалы, әуелі Оралда, сосын Санкт-Петербор мен Мәскеуде оқыған Халел Досмұхамедов (дұрысы – Досмағамбетов, шежіреге осылай түскен), Беркінғали Атшыбаевтар. Қатары қалыңы – алдыңғы топ. Олардың арасынан бүгінгі бізге ат-есімдері жеткендері – Қарасай Қодаров, Алпан Кенжәлиев, Рахметолла Қаржаубаев, Тілеп Медетов, Қазмұқаш Ыбырашев, Ғабдолла Қожаров, Жұбакен Тілеубергенов, Сәтіғали Құтқожин, Шәріп Сейкетов, Құрман Ғалиев, Жұмағали Аңқылдақов, Дүйсенғали Жоламанов, Мұхамеджан Шонбасов, Мұқан Көздекенов, Ыбыраш Әлжанов, Өмірзақ Есмұрзин, Сұлтан Рсалиев, Байтау Жалмұхамедов, Лұқпан Нұғымановтар.

Бұлардың барлығы да Алашқа қол бергендер, яғни әуелі 1917 жылғы қазақ комитеттерінде, соңыра уездік (Сағыз уезі деп аталған), болыстық (Қызылқоға, Қарабау, Қаракөл, Қазбек болыстары) және ауылдық (әр болыста он шақты ауыл болған) земство комитеттерінде және уездік сот, пошта-телеграф мекемелерінде қызмет атқарғандар. Баяғының қара тазы атқамінерлері емес, көзі ашық, көкірегі сезімді «бас көтерер» оқымысты адамдар. Ең соңында халық мұғалімдерінің тобы келеді, олар – Ғабдолкәрім Қарабалин, Мейірман Бисенов, Салық Тұрымтаев, Дәулетүмбет Машақов, Қабибрахман Қазиев, Жәши Бейісқалиев, Аманғали Асыләлиев, Құсни Мұниянов, Нұғман Дүйсекеев, Қаби Жанасов, Құбаш Қожамұратов, Қожа Нұғыманов, Ямұқан Өзбекқалиевтер. Сонда деймін-ау, аядай Тайсойған – Бүйректің мақпал құмынан ғана Алаш идеясын құндақтаған, жоталандырған, тілегі ел, жұрт үстінде болған қаншама адамдар шыққан десеңші! Тізім бұдан да көп болуы керек еді, әгәрәки мәсінің қонышы болмағанда (қазақ бұрынырақта қадірлі қағазды мәсінің қонышында сақтапты). Сонан соң «кепеудің», «ыңқудың», кейінгі «үш әріптің» құқайынан жүрегі шайлығып, зәрезап болып қалған халықты қайтіп кінәларсың? 2013 жылдың жазында Ойылға барған сапарымда Хасан хазіреттің баласы Ахметбек қариямен жолыққаным есімнен кетпейді. Ахаң тоқсан төртті бүктеп, «шақыру қағаз» күтіп, төсек тартып жатыр екен. Тағдырын Құдай басқа бермесін.

Жалғасы бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Арайлым САЛТАНАТОВА

    – Асан Қайғының өзі қақпақты қара қазан деп атаған Тайсойған өңірі – ежелден киелі жер. Осы туралы Мақсат Тәж-Мұраттың «Өткенің – көрген түс емес» атты мақаласынан оқып, бір марқайып қалдым. Осындай мақалалар, біздің туған жерімізді насихаттай түссе, шіркін! Болашақта тарихи-танымдық, ұлтты, ұрпақты тәрбиелейтін мақалалар көп жарияланса екен.

  2. Майра Кожыракова

    Қызылқоғадағы «Қызыл үйлердің» тарихын айтқан өлкетанушы өлкетанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың мақаласы ой салды. Шындығында осы оқу орындарынан қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдары білім алып, ел жұртына пайдасын тигізді. Елім деп еңіреп өткен талай ерлердің білім мен тәрбие алған ордасы туралы әлі де айта түссе артық емес.

  3. Абылай Абрахман

    Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеу жүрегінде қазақ сезімі бар тұлғалардың парызын насихаттаған ағамызға үлкен рахмет! Бұл мақаланың жалғасын асыға күтеміз!

  4. Жанерке Хамитова

    Алашорда тарихы Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды парақтар деп айтуға болады. Алаш зиялылары тәуелсіздік идеясын насихаттап, қазақтың білімді, бәсекеге қабілетті, дамыған ел болуы үшін жан аямай елге, ұлтқа қызмет етті. Олардың жүріп өткен жолындағы тағылымға толы ерлік істері бізге үлгі. Алаш зиялылары, ең бастысы, білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат еткен.

  5. Байжан Бекмагамбетов

    Алаш ардақтыларын ұлықтап, тарихын танып жатқанымыздың өзі Тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Алаш қайраткерлерін ұлықтаудың маңыздылығын автор жақсы жеткізген екен.

  6. Дарига Аманбаева

    Жастайынан сөз өнеріне құмартып өскендіктен, газет-журналды көп оқимын. Жақында «Атырау» газетіндегі «Өткенің – көрген түс емес» атты мақаласын оқып, көңіл көкжиегімді кеңейттім. Мына мақаланы қайта-қайта оқи бергің келеді екен…

  7. Алау

    Қазақ басылымдары, соның ішінде, «Атырау» газеті батыс алашордашылардың ұлттық мүддені көздеген мақсат-мұраттары туралы осындай танымдық, зерттеу мақалаларды көбірек беруі қажет. Бұл -ұлт тарихы, бұл -ел тарихы!
    Болашақ ұрпағымыз тарихымызды ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа мирас етсін десек, тарихымызды зерделейтін тұщымды дүниелерді ешкімнен жалтақтамай жариялай берген жөн.

  8. Айбар ЖҰМАТОВ

    Алаш тарихы -біздің шежірелі тарихымыздың құнды жәдігері. Сол себептен, Алаш тарихын, алашордашыларды жадыдан, әсіресе, ұрпақ зердесінен ұмыттырмау керек. Тегінде, Мақсат Тәж-Мұрат стилі бөлек, жазуы машығы өзгеше қаламгер ғой. Бұл жазбасында батысалашордашылардың тарихы зерттелмей, тарихшылардың бұған мән бермегені туралы ой қозғапты. Мұнда бір сыр бар -ел тарихын зерттейміз деп кеуде керіп жүрген тарихшылар батыс аймақтың жақсылығын, жетістігін көзге ілгісі, Алашорда тарихын зерделегісі келмейтін қиянатшылдығы байқалады.
    Бұл -Астана, Алматыдағы өркөкірек ғалымдардың ел тарихын жаңаша зерделеуге жасалған кедергісі! Басқаша бағалау мүмкін емес мұны!