Өткенді білмегеннің келешегі бұлыңғыр

тарихтан – тәбәрік басты жаналык Жаңалықтар

Облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау, оларды есепке алу –  облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басты қызметтерінің бірі. Өткен жылы аймақ бойынша 816  тарихи-мәдени мұра нысаны есепте болды. Жаңадан 105 тарихи мұрамен толықты.

тарихтан – тәбәрік басты жаналык

Экспедиция ұйымдастырылды

Атқарылған жұмыстардың негізгісіне тоқталатын болсақ, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарымен шекаралас жатқан аумақтарынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бағытында кешенді зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Мақсаты – Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлерімен шекаралас жатқан Индер, Қызылқоға, сонымен қатар, Жылыой аудандарымен шектесетін аймақтардан күні бүгінге дейін белгісіз болып келген тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу және оларды мемлекет қорғауына алып, мәртебе беру.

Мұндай зерттеу жұмыстарын 2004 жылы С.Әжіғали бастаған Батыс Қазақстан этноархеологиялық экспедициясы аталмыш аудандарда жүргізгенімен, шекара сызығына жақын жердегі аймақтар зерттелінбеген. Экспедиция барысында тарихи-мәдени маңызы бар 14 ескерткіш (26 объект) анықталды. Сол себепті, айналасындағы елді мекендер ертеңгі күнгі жұмыстың бірі.

Құлпытастар – ғұрыптық ескерткіштер

Анықталған құлпытастардың көлемі мен пішіні сан-алуан. Олар құмды-әктасты блоктардан қа-шалған және араб эпиграфикасымен жазылып, әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген. Бұл құлпытастар Батыс Қазақстанның тас қашау өнерінің жоғары деңгейін айқындайтын ғұрыптық ескерт-кіштер болып есептеледі. Сонымен қатар, объектілердің құрамында ХІХ ғасырға жататын мазарлар да бар. Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері суретке түсірілді және жобалары сызылып, құлпытастардағы төте араб жазулары оқылды.

Сондай-ақ, экспедициялық топ облыс аумағынан Бөкей мен Жәңгір хандардың есіміне және Бөкей Ордасына қатысты тарихи орындарына далалық зерттеу экспедициясына шықты. Экспедиция өз жұмысын Индер ауданында бастап, одан кейін Махамбет ауданында жалғастырды. Одан әрі Исатай мен Құрманғазы аудандарында қорытындыланды. Нәтижесінде жаңадан 22 объект анықталды. Оның ішінде 19 қала құрылысы және сәулет, екі археологиялық ескерткіш бар.

тарихтан – тәбәрік басты жаналык2

Ерте темір дәуіріндегі қорғандар

Өткен жылы «Атырау этноархеология» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС қорғандарды есепке алу және оларды мемлекет қорғауына алып, мәртебе беру жұмыстарын нәтижелі жүргізді.

Экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты, археолог М.Қасенов жетекшілік етті. Экспедиция барысында тарихи-мәдени маңызы бар 70 ескерткіш анықталды. Олардың барлығы – ерте темір дәуірі кезіне жататын қорғандар. Оның 32-сі Индер ауданынан, 20-сы Қызылқоға ауданынан, 17-сі Махамбет ауданынан, біреуі Құрманғазы ауданы аумағынан табылды.

Анықталған қорғандардың көлемі мен пішіні әртүрлі. Арасында сопақша келген қорғандар да бар. Олар Қызылқоға ауданында орын тепкен. Қор-ғандардың биіктіктері 0,3 метр мен 3 метр аралығын, диаметрі 15 метрден 120 метр аралығын қамтиды. Қорғандардың барлығының құрылысы құмды топырақтан үйілген.

Құжатты рәсімдеуді өзіміз жасаймыз

Ескерткіштерді жинақтаудағы негізгі мәселе – соңғы он жылдыққа дейін облыстағы ескерткіштерді анықтап, құжаттау жұмысымен Алматыдан келген ғалымдар айналысып келген. Бірақ,  олар анықтаған ескерткіштердің барлығына бірдей құжаттар (паспорттар) толтырмаған еді. Осының нәтижесінде құжаттары мүлдем немесе түгелдей жасақталмаған қорымдар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне еніп кеткен. Осы мәселені жою, яғни тізімде тұрған қорымдардағы жеке объектілерді есепке алу, құжаттау және сақтау бір сөзбен айтқанда, бір қорымда неше мазар, құлпытас және т.б. нысан бар екенін білу, анықтау мақсатында Жылыой ауданының аумағында орналасқан Ақ-мешіт және Ұшқан ата қорымдарын  толық құжаттау жұмыстарын жүргіздік. Бұдан басқа да құжаттау мәселесімен инспекция қарқынды жұмыс жасауда.

Мекеме мамандары мемлекеттік тізімге енген 317 ескерткіштің сақталу жағдайына мониторинг жүргізді.

тарихтан – тәбәрік басты жаналык3

Алдағы мақсат ауқымды

Ағымдағы жылы мекеме мамандарының қатысуымен республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің пайдаланылу және күтіп ұстау тәртібінің сақталу жағдайына мониторинг жүргізу үшін Жылыой ауданындағы Желтау және Доңызтау аймағына далалық экспедицияға шығады.

Тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында олардың қорғау аймағын анықтау жұмыстарын жүргізуді және қорғау тақталарын орнатуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, «Құлпытастар – Атырау көшпелілерінің тарихы мен мәдениетінің дереккөзі» сериясының 1 томын басып шығару көзделуде.

Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасына қатысты деректер іздестіру және сатып алу мақсатында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына археографиялық ізденіс жұмыстары жүргізіледі.

Түйін

Тарихи-мәдени мұра халықтың өткен тарихын, тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрін суреттейтін бірден-бір айғақ екені белгілі. Сондықтан, оларды зерттеу қай кезде де маңызды. Осы орайда жыл сайын 18 сәуір – тарихи орындар мен ес-керткіштерді қорғаудың халықаралық күніне орай үлкен жиын өтеді. Онда сала мамандары өзіндік ой-пікірлерін ортаға салады. Биыл да «Ескерткіш – ел мұрасы» тақырыбындағы фотокөрме ұйымдастырылды.

«Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау ісі» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде»  мәдени мұраны зерттеу және насихаттау мәселесі сөз болды. «Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасы» атты кітап-альбомның таныстыру рәсімі өткізілді.

 Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ,

облыстық тарихи-мәдени  мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз