Теңіз кенішіне барған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов не айтты?

Жаңалықтар

Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Теңіз кенішіне барып, жағдаймен танысты.

 Кеше Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішіне барып, ондағы ахуалмен танысқан соң шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.

“Атырау облысында жағдай тұрақтанғанымен, Теңіз кенішіндегі ахуал әлі де алаңдатады” деп мәлімдеді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Сонымен қатар, Теңіз кенішіндегі жағдайды реттеу мәселесі талқыланған мәжілісте жағдайдың күрделі екендігі айтылды.

“Қазіргі кезде  «Теңіз» кенішінде орналасқан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықталды. 20-мамырдағы мәлімет бойынша, 615 науқастың 594-і госпитализацияланған. Жағдай әлі де күрделі” деді аймақ басшысы. 

Жиын барысында облыс әкімдігі тарапынан құрылған арнайы штабтың атқарушы басшысы Аслан Бекжанов,  Жылыой аудандық бас санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин, Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс операциялары бойынша менеджері Гарри Энк қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады.

Жиынды қорытындылған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақылау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесе отырып жұмыс мерзімі біткен қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді. 

Теңіз кенішінде 18 наурыздан бастап аудан әкімшілігі жанынан құрылған штаб, сондай-ақ 20 сәуірден бастап облыстық штабтың филиалы жұмыс істеуде. Бұдан өзге, күні кеше құрамына Атырау облысы әкімінің екі бірдей орынбасары, бірқатар облыстық департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары, ТШО басшылығы және облыстың Бас дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары кіретін арнайы жұмыс тобы Теңіз кенішіне барып, жұмыс істеп жатыр. 


Еске сала кетейік, өткен аптада Атырауға Премьер-Министр орынбасары Ералы  Тоғжанов шұғыл сапармен келіп, Теңіз кенішіндегі жағдайды тұрақтандыруға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған