Телефоныңызды тіркедіңіз бе, абонент?

qogam Жаңалықтар

Жаңа жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді. Яғни, жоғалған телефондарды іздеу жұмыстарын жеңілдету, сонымен қатар қылмыстарды тергеуге көмек көрсету мақсатында Қазақстанның әр азаматы өзінің ұялы құрылғыларын ЖСН-не тіркеуі қажет. 2019 жылдан бастап тіркелмеген гаджеттерге ұялы байланыс қызметін көрсету тоқтатылады. Осыған байланысты «Кселл» АҚ коммуникация бөлімінің бастығы Наталья ЕСЬКОВАҒА хабарласып, жиі қойылатын сауалдарға жауап алдық.

qogam

Телефонды қалай тіркейміз?

Kcell. Kcell және Activ абоненттері үшін ең қарапайым тіркелу жолы – ол SMS-хабарлама арқылы тіркелу. Әр абонент 6006 қысқа нөмірінен тіркелу қажеттігі жайында хабарлама алады. Оған жауап ретінде өзіңіздің ЖСН нөміріңізді жолдайсыз. Сондай-ақ 6006 нөміріне өз еркіңізбен ЖСН нөміріңізді жолдауыңызға болады. ЖСН нөміріңізді жіберген соң сіздің телефоныңызға ақпараттың ары қарай өңдеуден өткізіліп жатқаны жөнінде хабарлама келеді.

Екінші амал — телефоныңыздың пернетақтасында *660# USSD-командасын теріп экранда пайда болған мәзірге ЖСН нөміріңізді енгізген соң жолдау командасын басасыз. Бұдан кейін сіздің тіркеу жөніндегі ақпаратыңыз назарға алынатын болады.

Beeline. «Beeline» компаниясында құрылғыларды алты түрлі жолмен тіркеуге болады. Ең кең таралған жол – ЖСН нөміріңді өз телефоныңнан 6914 қысқа нөміріне SMS-хабарлама түрінде жіберу. Бұдан бөлек, телефонның пернетақтасында *691# командасын теруіңізге болады. Бұл команданы терген кезде телефоныңыздың экранында ЖСН нөміріңізді жазатын жол пайда болады. Сондай-ақ, тілек білдірушілер «Менің Beeline» мобильді қосымшасы, QIWI төлем терминалдары арқылы және компанияның фронт-офистеріне барып тіркеле алады. Сонымен қатар, 6914 нөміріне қоңырау шалып (қоңырауларды қабылдау уақыты — таңертеңгі сағат 9-дан бастап түнгі бірге дейін) операторға өзіңіздің ЖСН нөміріңізді айтуыңызға болады.

Ең бастысы, нөмірдің дұрыс тіркелгенін білген жөн. Тіркелудің дұрыс-бұрыстығын *835# командасын теру арқылы біле аласыз. Барлық жаңадан қосылған клиенттердің ЖСН нөмірлері базаға бірден енгізіледі. Заңды тұлғалардың құрылғыларын дербес менеджер немесе сату және қызмет көрсету офистері тіркейді.

Tele2. Жеке тұлғаларға байланыс салонына келмей-ақ құрылғысын тіркетудің келесідей жолдары бар:

– Өзіңіздің ЖСН нөміріңізді Tele2 нөміріңізден 6914 қысқа нөміріне SMS-хабарлама арқылы жібере аласыз;

– *6914*1# USSD-командасын теріп, ашылған мәзірге ЖСН нөміріңізді енгізесіз.

Екі СИМ-калы құрыл-ғыны тіркеуде Beeline компаниясындағы сияқты ЖСН нөміріңізді әр ұяшықтан жекелеп жібергеніңіз жөн.

Tele2 нөмірі арқылы ЖСН нөмір түскен соң автоматты жүйе құрылғының ІМЕІ-кодын және онда қосылған абоненттік нөмірді анықтап, бірден ЖСН-ді, абоненттік нөмірді және құрылғының ІМЕІ-кодын тіркеу сияқты үш бағыттағы жұмысты тәмамдайды.

Құрылғының нөмірге тіркелген ІМЕІ-кодтары туралы мәліметті *6914*2# USSD-командасын теру арқылы білуге болады.

Егер абонент екі SIM карталы құрылғыны қолданатын болса, әр SIM-картаның ұяшығын жекелеп 6006 нөміріне СМС-хабарлама жіберу арқылы тіркетуіңіз қажет.

«Абоненттік құрылғыларға» ұялы телефон, смартфоннан басқа не кіреді?

«Абоненттік құрылғылар» ұғымына планшет, ақылды сағат, мысалы, оның ішіне AppleWatch, балаларға арналған GPS сағаты, модем, роутер кіреді. Сондай-ақ оларды да тіркеу қажет. Кселл абоненттері мұны kcell.kz және activ.kz сайттарында «Жеке кабинетте» жасай алады.

Егер SMS-хабарламаларды жіберу және қабылдау функциясын қолдамаса, планшетті тіркеу үлгісін қарастырайық. Егер бұрын сіз планшетте пайдаланылатын абонент нөмірімен «Жеке кабинетке» кірмесеңіз, алдымен осы нөмір бойынша авторизация қажет. Ол үшін SIM-картаны планшеттен шығарып, оны ұялы телефоныңызға салып, 245 нөміріне кез келген SMS жолдаңыз. Жауап ретінде сіз «Жеке кабинетке» кіру үшін пароль аласыз. Содан кейін SIM-картаны планшетке салыңыз, тіркелгіні енгізіңіз және тіркеуден өтіңіз.

SIM-карталары бар автокөлік сигналдары, датчиктер, трекерлер, POS-терминалдар және басқа құрылғылар сияқты құрылғылар тіркелуді талап етпейтінін ескертемін. Яғни, олар бір құрылғыдан екіншісіне ақпарат беру, М2М машинааралық өзара әрекеттестік құрылғыларына жатады.

Жеке куәлігі жоқ балалардың ұялы құрылғысын қалай тіркеуге болады?

Егер бала смартфонды қолданса және ол 14 жасқа толмаса, ата-анасы өз ЖСН-ін тіркейді. Егер бала 14 жас-тан асқан, бірақ, 16 жасқа толмаған болса, онда телефонды ата-анасының немесе ресми қамқоршының қатысуымен тіркеу керек. Бала 16 жасқа толғаннан бастап құрылғыны өз ЖСН-не тіркеуі қажет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жаңа жылды қарсы алуға да санаулы күн қалды. Мерекелік көңіл-күйдің сәнін кетірмес үшін алдын-ала қамданған дұрыс. Сондықтан 31 желтоқсаннан қаңтардың 1-не қараған күні түнде ұялы байланыссыз қалмас үшін телефоныңызды тіркетіп үлгеріңіз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз