Тазалықшылар ауылындағы той

тазалықшылар Жаңалықтар

Жыл басын «Арнаулы көлік базасы» ЖШС ұжымы да өзіндік тарту-таралғыларымен қарсылады.

тазалықшылар

Кәсіпорынның аумағы атшаптырымдай ауласында ақшаңқан киіз үй бой көтерген. Бір жағында ошақ жанып, қазан асылып жатса, енді бір тұста алтыбақан құрылып қойылған. «Наурыз құтты, ұлыс оң, ақ мол болсын!» деген қанатты сөздермен көмкерілген сахна да бұл күнгі мерекенің сәнін келтіріп тұр. Наурыз-думанға жиылған үлкен-кішінің төгілген сазды әуен, әсем ән мен тәтті күйден көңілдері көтеріңкі, жүздері шат. Атырау қалалық білім бөліміне қарасты Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің  халық аспаптар ансамблі мен өзге де өнерпаздар осында.

Мерекелеуші мекеме қызметкерлерін алдымен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи құттықтап, ізгі ниет, игі тілегін жолдады. Қайта жаңғырып, уақыт ілгері озған сайын ауқымы кеңейіп, мәртебесі биіктей түскен, халықтық сипатқа ие болып келе жатқан Наурыз мейрамының мән-маңызына тоқталды. Содан кейін серіктестік директоры Самат Тұрниязов сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Негізінен қаланың тазалығымен айналысатын бұл кәсіпорында  700-ге жуық адам еңбек етеді. Арнаулы көліктер мен техникалардың саны 200 бірліктен асады. Қаржы қиындығына қарамастан мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлініп, қалалық әкімдіктің көмегімен жаңа техникалар сатып алын-ған. Қатты тұрмыстық қалдықтар, көшелер мен мөлтекаудандар аумағындағы қоқыстарды тазартумен шұғылданатын жұмысшылар вахталық әдіспен еңбек етеді. Бір байқағанымыз, кәсіпорынға қарасты жеті учаскеге басшылық жасап жүргендердің бәрі де – әйел адамдар. Әйтсе де, тапсырылған жұмысқа тиянақтылығы мен жауаптылығы жөнінен ер-азаматтардан кем түспейтінін ұжым басшысы айрықшалап айтты.

Дәулетқали Латифұлы

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз