Таршылық пен баршылықты ажырата алмай жүрміз

Таршылық пен баршылық Жаңалықтар

Қайбір күні түскі үзілісте асығып келе жатқанбыз. Қоқыс жәшігінің тұсынан өте бере кідіруге тура келді. Оған себеп болған — бейберекет шашылып жатқан нан қалдықтары. Ішімізден кешірім сұрай жүріп, жайрап жатқан ақ нанды жинастырып, жоғары көтеріп қойған болдық. Алайда, «адамдарды жоқшылық емес, тоқшылық бұзады екен-ау» деген ой маза бермей қойғаны шындық.

Таршылық пен баршылық

Аштықта жеген құйқаны ұмыттық

Бірде үлкен дастархан басында ел ағасы атанған ағаларымыздың бірі: «Е, бұрындары бабаларымыз бір тілім нанға зар болып, аштан өлген еді. Қазіргі таңда нанды теуіп өтетіндерді көргенде жүрегіміз сыздайды» деген еді күрсініп. Шындығында, тереңнен ойлаған адамға тағылым болардай-ақ пікір.

Тарих бедерін парақтасақ, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз көрген таршылық заман тәубеге түсіруі керек-ақ. Сонау отызыншы жылдары Голощекиннің геноциді кезеңінде құрбан болған қазақта есеп жоқ. Сол бір зұлматты жылдар туралы Илья Жақанов ағамыздың жұбайы Тиышкүл Әлтайқызы да  көзіне жас ала отырып, есіне алған еді.

Ол кісінің  айтуынша, осыдан 200 жыл бұрын Арқаға үдере көшкен Кіші жүздің қазақтары  Сарыкөл маңын қоныстанған. Осы жерде орныққан оларды отызыншы жылдары Арқадан оңтүстікке көшіреді. Ұзаққа созылған көшіп-қону  мәселесі елдің титығына жетеді, адамдар арасында ауру тарап, мал-жан қырылады. Сол кезде ашыққаннан көштің жүгін артқан түйеге пышақ тығып, қанын сорып, аштықты басуға тырысқан екен. Тіптен, балаларын алып жүруге әл-дәрмені жетпегендіктен, қойдың жабағысын балаларының алдына жайып, үстіне қуырылған арпа, тарыны шашып жібереді екен. Ашығып келе жатқан сәбилер әлгі дәнді біртіндеп теріп отырғанда кетіп қалуға мәжбүр болған. Ондағы ойлары — балалардың ата-анасын іздеп, жылағанын естімейтін қашыққа кетіп үлгеру.  Ал, айдалада қалған бөбектердің тағдырын ешкім білмейді. Тиышкүл апайға бұл жағдайды анасы айтқан екен. Тіптен аштан өлген жандарды өздері де өзектері талып келе жатқандықтан, бетін жасырып, көме де алмаған ғой.

Сол жылдары қазақ халқының үштен екісі аштықтан қырылды. Сүрінген жерде сүйегі қалған, жығылған жерде жан тапсырғандарды ойлағанда төбе құйқа шымырлайды. Осының бір парасын Зейтін Ақышевтің «Ақбел асуы» романынан, Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үйінен» оқып, білдік, түйсіндік. Елдің мұңына жүрегіміз ауырды. Біз – бақытты ұрпақпыз. Ондай зобалаңды бастан кешпегеніміз үшін де солай деуге болады. Сонда елді аман алып қалған бір үзім нан, бір уыс арпа мен тары еді ғой.

Азаттық жолында арпалысқан ата-баба арманы орындалып, Тәуелсіздік алдық. Рас, Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсындағы өтпелі кезеңде қиналдық. Бірақ, оның бәрі отыз екінің аштығының жанында түк емес еді. Міне, экономикамыз алға басып, тоқшылық заманға да қол жеткіздік. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. «Аштықта жеген құйқаны тоқтықта ұмытатынымыз» ғана жүрекке салмақ түсіреді.

Тоқшылықтың салдары

Қазіргі қоғам жоқшылықпен емес, тоқшылықпен күресуде.  Мәселен, еліміздегі бес миллион адамның банктерге берешектері бар екен. Ең бір өкініштісі, несиеге алған қаржының 85 пайызы мақсатсыз жұмсалуда. Той-томалақ, қымбат тон мен бағалы ішік, шетелдік көлік, тағы басқаларға жұмсалған ақшаны қалай мақсатты жұмсалған шығын дей аламыз?

Бір ғана Атыраудағы тойханаларға орта есеппен алғанда бір тойдан бір миллион теңге қаржы түседі. Оған асабаларға төленетін қаржыны, әнші-әртістерге кететін ақшаны қосыңыз. Сонымен қатар, құда-құдағайларға киіт кигізу керек, дәстүрге байланысты ырымдар да бар. Сонда ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ата-ана миллиондаған несие алып, оны желге ұшырып жібергендей болатынына ішіміз удай ашитыны шындық. Өйткені, тойдан кейін де өмір сүру керек емес пе? Ай сайын жүз мыңдаған қаражатты банкке құйып отыру оңай шаруа емес. Уақытында төленбесе, сотқа жүгінетіні тағы бар. Кейбір таныстарымыздың үйін кепілге қойып несие алып, оны төлей алмай, баспанасыз қалғанының да куәсі болып жүрміз.

Тағы бір мәселе, өлім-жітімге байланысты. Қазақ атамыз «өлім — бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген ғой. Мұнда да көрпеге қарай көсілген жөн емес пе? Өзі қымбат жанынан айырылып қан жұтып отырған адамдар қонақасы, жаназа, жерлеу үшін, марқұмның қаделерін өткізу мақсатында киіз үйді, басқа да орындарды жалға алады. Оның сыртында  сойысқа керекті малы,  тағы да толып жатқан дастархан  мәзірлері бар. Бұл туралы ойланудың да мезгілі жеткен сияқты. Қоғамның ең бір дертті мәселесі – бір-бірінен қалмауға тырысу, бәсекелестік. Тіптен, қайтыс болған адамға зәулім кесене салған жайттар бәрімізді ауыр ойларға жетелейді. Иә, тірлігінде бір-біріміздің қадірімізді білмей жатамыз. Адам о дүниелік бол-ғанда барып, бармақ тістейтініміз жасырын емес. Пендеміз ғой. Бірақ, тірлігінде жасамаған жақсылықтың орнын өлгеннен кейінгі берлілген аста-төк, ысырапқа толы садақамен, басына тұрғызылған мазармен өтей алмасымыз ақиқат.

Тойып секірмейікші…

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Той деп шашылды, ас деп шашылды. Ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» деген болатын. Қазақ сол бір он тоғызыншы ғасырдағы ұлы ағартушы көтерген мәселені әлі шешпеген екен. Оның қашан шешілері де белгісіз.

О баста қозғаған мәселемізге оралар болсақ, әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметіне қарағанда, бір жылда аштық пен дұрыс тамақтанбау кесірінен 10 миллион адам көз жұматын көрінеді. Ысыраппен жұмсалып жатқан азық-түлік қажетті жерге жұмсалса, 870 миллион адамды аштықтан құтқаруға болатынын да статистика дәлелдеп отыр.

Күнінде оразасын жасырын ұстап, тамағын зорға тапқан шақтар келмеске кетті. Бүгінгі таңда тамақты талғап жейтін жағдайға жеттік. Осының кесірінен мақсатсыз несие алып, зар қақсап та қалып жүрміз. Әлемде экономикалық дағдарыс болмасын деп тілейік.  Халқымыз «таршылық адамды шынықтырады, баршылық адамдықты ұмыттырады» демей ме?

Бүгінде елімізде ауқатты адамдар көбейді. Әрине, ол жақсы-ақ. Бірақ, ғалымдардың айтуынша, бай мен кедейдің арасы алшақтаған сайын, қоғамдағы шиеленіс ұлғая беретін көрінеді. Өркениетті елдер мұндай үрдісті үнемі бақылап, реттеп отырады екен.

Ал, бізде мемлекеттің қамқорлығымен үлкен дәулетке ие болған, өзінен басқаға қамқорлығы жоқ «шық бермес Шығайбайлар» көбейді. Әрине, меценаттар да бар. Бірақ, олар саусақпен санарлық қана.

Ендеше, бізде «таршылықты ұмытқан ұрпақ, баршылықтың қадірін жоғалтып алмаса екен» деген қорқыныш та жоқ емес…

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз