Тарихты құрметтеу – басты мұрат

10241363 Жаңалықтар

Қазақ елінің тарихында жаңа бет ашылды. Бұл – ел Президенті болып басым дауыспен сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант қабылдау сәті. Әр қазақстандық сияқты мен де осы бір сәтті асыға күткенімді жасырмаймын. Қазақстан Президентінің өте зиялы да интеллектуалдық биік болмысы бірден  сезіліп тұрды. Мемлекет басшысының он бағыттан тұратын жақын болашаққа арналған жобасы халық көңілінен шықты деп есептеймін. Өзім сегізінші бағытта айтылған тапсырманы жаныма жақын қабылдадым.

«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі отандастарымызға ой салғаны ақиқат.

Шындығында, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен құндылықтар ұрпағымыз арқылы келешекке жетері сөзсіз. Ұстаз ретінде де, ата-ана ретінде де жастарды өз ұлтын, ана тілін қадірлеуге баулуымыз керек-ақ. Бұл үшін жалаң сөз емес, үлгі көрсететін іс-қимыл қажет. Осы орайда Отанды сүю, туған жерге құрметпен қарау – әр азаматтың қасиетті парызы. Ендеше, басты мұратым – тарихқа құрметпен қарау деп санаған Президенттің он бағыты қазақстандықтарды бірлікке жетелейтіні айқын. Бірлік бар жерде тірлік бар.

София САҒЫНДЫҚОВА,

биология ғылымдарының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атыраумемлекеттік университетінің профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз