Таланттарды тербеткен филармония

XXL Жаңалықтар

       Atr.kz/14 маусым, 2019 жыл.    Ақ Жайықтың жағасына қоныстанған қалың елге о бастан күй құдіреті дарығанын құм Нарыннан шыққан дәулескер күйшілер мен өнерпаздар дәлелдейтіні анық.

Қасиетті Нарынның бебеулеген мұң-зарын, жұбанышы мен қуанышын тоғыз перне, екі ішектен төгілген күй арқылы бұқара халыққа таратқан сол бір қасиет қонған, тумысынан талант дарыған жандардың өнері бүгінге жалғасып, болашаққа жол тартып отыр. Оның айғағы – Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздары өткізген концерттер мен мерекелік шаралар.  

 «Жарқыра, жас талант»

           Бұл – балаларды қорғау күні аясында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымы қолға алған жоба. Республикалық, халықаралық конкурстарда топ жарып, танылып жүрген талантты бүлдіршіндерді дәріптеу мақсатында өткен концерттік бағдарлама Атырау жұртына мерекелік көңіл-күй сыйлағаны ақиқат. Он екі айдың сұлтаны оразаның соңындағы айт мерекесімен тұспа-тұс келген шараның беташарын Н. Жантөрин атындағы филармония директорының уақытша міндетін атқарушы Хамиль Сүйекбаев кіріспе сөзімен ашты. Алматы қаласында өткен «Бала шабыты» республикалық конкурсының лауреаттары, Мөлдір Ермағамбетова жетекшілік ететін «Еркелер» би тобы сахна төріне мың бұралып шыға келгенде көрермен қошеметінде шек болмады.  

 Дара дарындар

         Республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары «Фантазия» вокалдық тобы А. Петряшеваның «Мы рисуем» әнін шырқады. Киелі сахнаға Ақбота Ғалымжанқызы жетекшілік ететін «Қарақат» өнер мектебінің жетігеншілер тобы жетіген аспаптарын көтеріп шыққанда, зал сілтідей тынды. Ал, Алтын Жұматинаның «Өнер мектебінде» тәлім алатын, Түркия, Грузияда өткен конкурстардың жүлдегері Фатима Болат халық әні «Ақ сұр атты» нақышына келтірсе, Ақтөбеде өткен «Новая звезда» конкурсының Гран-При иегері Нұршат Құсанова «Ғажап әлемі» әнімен жүректерді тербетті. Ұлттық нақыштағы «Ортеке» халық күйін Атырау қалалық оқушылар орталығының «Серпер» домбыра үйірмесінде Василий Қабиевтің жетекшілігімен оқитын, республикалық «Алатау шыңы» конкурсының  лауреаты Жеңіс Алмас домбыра шанағынан төгілтті. Г. Қамысбаева жетекшілік ететін «ARTSCENA» театр студиясының актерлері Р. Киплингтің «Маугли» қойылымынан үзінді қойды. Республикалық «Таңғы Шұғыла» конкурсының лауреаты, «Мелоди» театр студиясының өрені  Амира Бақытжан Зацепиннің «Ана» әнімен көңілдерді жадыратты. «Бәйкенованың балет студиясының» бишілері «Полька» биін билесе, Алтын Жұматинаның «Өнер мектебінде» Нұркен Ізтілеуовтен  дәріс алатын, Түркияда өткен Халықаралық фестивальдің лауреаты Артур Жұбанов Әбдиахмет Райымбергеновтің «Секіртпесімен» шаттандырды. Ал, «Ақ көгершін», «Baby star of Kazakhstan», Ресейде өткен «Звездные дети», «Жадыра, жас дарын», «Muzik Show», Македонияда өткен «Звездички», «Алмалы kz», «Славянский базар» халықаралық конкурстарының лауреаты Санат Асуат  «Nover enough» әнін орындады.

Әлемдік сахна жұлдыздары

        Атырау қалалық оқушылар орталығындағы Айша Кенесариеваның  шәкірті Айкөркем Асанова «Королевская АРА» әнімен, Айжан Артығалиева дәріс беретін «Өнер мектебінің» жеткіншектері орыс биі «Калинкамен» көрермен жүрегіне жол тапты. «Бала бұлбұл-2016», «Ақ көгершін – 2016», «Ақ көгершін – 2017», «Алмалы kz», «Бала дауысы», «Звездные дети-2018» халықаралық конкурстары мен фестивалбдерінің, «Во весь голос» халықаралық телевизиялық вокалдық-музыкалық конкурсының финалисі Дінмұхаммед Нұрқабаев «Адажио» әнін тербеді. Бибігүл Тілеубаева жетекшілік ететін «Сюрприз» ансамблі  «Непоседы» биімен, «Жас музыкант – 2019» конкурсының лауреаты Кәрім Ғайнолла Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен, республикалық «Алтын микрофон» конкурсының лауреаты Жанна Жолболова «Нарисовать мечту» әнімен, республикалық конкурстардың лауреаты Дастан Бақытжан «Алтын бесік» әнімен, Ташкентте өткен өнер конкурсының, «Алмалы kz» конкурсының Гарн-При иегерлері, «Дархан» студиясының «Алтын өрнек» би тобы «Сказочный пруд» биімен, Санат Асуат пен Дінмұхаммед Нұрқабаевтың жұлдызды дуэті «Жаз жылытсын жаныңды» әнімен көрермен қошеметіне ие болды.

 Концерттік бағдарлама Халықаралық конкурстардың жеңімпаздары, Алтын Жұматина ұстаздық ететін «Дарын» ер балалар хорының орындауындағы Аркадий Островскийдің «Әрқашан күн сөнбесін» әні шырқап,  шымылдықты жапты.

Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның аталған жобасына қатысқан әр бүлдіршін ерекше сыйлыққа, тарту-таралғыға ие болды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз