Атыраулық Зарина Нұрғалиева тағы да Азия чемпионы болғысы келеді (+ФОТО)

Zarina Nurgalieva Жаңалықтар

Atr.kz/7-наурыз, 2019 жыл. Өткен жылдың шілде айында Атырау өңірінің шахмат әлемінде бұрын болмаған үлкен құбылыс, ерекше жетістік орын алды. Небәрі 8 жастағы  қаршадай қыз Зарина Нұрғалиева Шри-Ланка мемлекетінде өткен Азия чемпионатында  жеңімпаз атанып, айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. Нәзік жандардың мерекесі тұсында шахматтағы алғашқы қадамдарымен-ақ тұстастарының алды боп үлгерген балғын шахматшымыз туралы аз-кем сөз қозғағанды жөн көрдік. 

shahmat

Мектеп табалдырығын аттамаған алты жасында өздігінен  шахмат үйірмесіне барғысы келген оны шахмат үйірмесінің жаттықтырушысы Жәнібек Амановқа әкесі ертіп әкелді. Ата-анасы балаларының қызығушылығына ең алғашқы кезде аса мән бермепті.  Үш-төрт ай уақыт өткен соң кішкентай Зарина қалаішілік жарыстарда жүлдегер атанып, үйірмеге қатысқанына алты ай болғанда Ақтау қаласында өткен батыс аймақтық жарыста бірінші орын иеленіп қайтты. Сол додадағы жеңісі үшін оған «Үшінші разрядты шахматшы» атағы беріледі. 

Zarina 2

Ақтаудағы жеңісінен соң екі ай уақыт өткенде Қызылорда қаласында Қазақстан кубогы сарапқа салынып, осы республикалық жарыста Заринамыз тағы да топ жарды. Осы арқылы «Екінші разрядты шахматшы» атанды.  Одан соң, бір ай салып, Астана қаласында өткен халықаралық жарыста жасы үлкен қыздармен  болған бәсекелерде де алдына жан салмады. Осылайша «сенсация» жасап, «Бірінші разрядты шахматшы» болып шыға келді.  Жұрттың сан жылдар жүріп алатын  атағын бір жылға толмайтын уақытта иемденгенін көргенде біз де  Заринаның шынайы талант екенін мойындадық, түсіндік, – деді жаттықтырушысы  Жәнібек Аманов.

zarina1

Жеңістің жеңсік дәмін татқан Зарина осыдан соң  қай-қай жарысқа бармасын жүлдесіз оралып көрмеді. Сан түрлі сайыстарда сабырлы да сыпайы мінезді  сұлуымыз талай қарсыластарының салын суға кетіріп, оларға өз шеберлігін мойындатқызды. Жерлесіміз  былтыр, ел біріншілігіне алғаш қатысып,  бір күміс, екі қола еншілесе,  биылғы  Қазақстан чемпионатында бір алтын, екі күміс медаль иемденді.

zari

Шахматшымыздың анасы Жазира Жанғалиеваның айтуынша, бүгінгі күні Атырау қаласындағы  Қаныш Сәтбаев атындағы №19 қазақ орта мектебінің  үшінші сыныбында оқитын Зарина мектептен тыс кездегі уақытының көпшілігін осы шахматпен байланыстырғанды жанындай сүйеді екен.  Мектеп тапсырмаларын орындай сала,  шахмат әлеміне қайта сүңгиді. Компьютер арқылы түрлі комбинацияларды пысықтап, шахмат дәрістерінен сабақ алады. Одан қалды, кешкісін әкесі мен әпкелерімен шахмат ойнағанды ұнатады.

zar

Жалпы, Нұрғалиевтер отбасында барлығы да шахмат ойынына жақын екен. Азия чемпионының әкесі  Айболат  талай мәрте өзі қызмет атқаратын Атырау мұнай өңдеу зауыты атынан шахмат жарыстарына қатысыпты. Сонымен қатар қазіргі таңда Алматы қаласындағы Британ университетінде оқитын үлкен апасы Альбина да, қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сыныбында оқитын апасы Марина да шахмат десе ішкен асын жерге қоюға бар көрінеді.

Сезімталдық пен ой жүйріктігін қажет ететін осынау спорт түрін өзіне серік еткен Зарина бүгінгі күні наурыз айының соңында Шри-Ланка елінде өтетін кезекті Азия чемпионатына дайындалуда. Жаттықтырушысының айтуынша,  талабы таудай Зарина болашақта  «Әлем чемпионы»  болсам деп  армандайды екен. Ендеше, талабыңа нұр жаусын, чемпион!

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз