«Тайсойған» ел үмітін ақтай ма?

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Мәселе Экономика

Atr.kz/25 маусым, 2019 жыл. «Тайсойған» сынақ полигонының 624,6 мың гектар жері Ресейден өзімізге қайтарылған болатын. Қазір бұл ерекше үміт күткен аймаққа айналуда.

Мұндағы 5600 шаршы метр аумақта геологиялық барлау және сейсмикалық жұмыстар жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 2 мың шаршы метрі зерттелді. Қалғанының нәтижесі жыл соңына дейін анықталады. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтың айтуынша, осы мақсатта заманның озық 3D технологиясы пайдаланылуда.

Мұнай қорына қатысты болжам расталса, келесі жылы екі ұңғыма іске қосылады. Жүйелі іс-шара ауыл шаруашылығымен белгілі Қызылқоға ауданының тіршілігін түбегейлі өзгертпек. Өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Инфрақұрылым дамиды. Облыстың экономикасына да айрықша серпін бергелі тұр.

Кешегі полигон – бүгінгі жайылым Тайсойған полигонына қатысты тарихи деректерге сүйенсек, 1966-1977 жылдар аралығында жерасты 24 ядролық сынақ жасалған. Кешегі кезеңнің естелігіндей, жазық далада шашырай құлаған техникалардың сынықтары әлі кездеседі. Дегенмен, тәуелсіз елдің талабымен мұнда 20 жылдан бері қару-жарақты сынау жүргізілген жоқ. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кешенді зерттеуі полигонның адам денсаулығына зардабы жоқтығын көрсетті. Судан, топырақ пен ауадан алынған сынамалар оның айналаға залалсыз екендігін байқатты.

– Бұл полигонның жергілікті тұрғындарға тигізген зардабы аз емес. Жас сәбилер ерте шетінеп жатты. Мүгедек болып туғандары бар. Мұндай жағдай жұрттың асырап отырған малынан да аңғарылды. Халықтың тілеуімен полигон жері кері қайтарылды. Қазір ахуалымыз жақсарып келеді, – дейді Тайсойған ауылының тұрғыны Түзгінбай Өрбісінов.

Кезінде жайылымдық жерлер полигонның аумағына кірген болатын. Бүгінде олар экологиялық жағынан қауіпсіз саналады. Осы себепті шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, әрі су қоры бар жазықта «мал өсіріп, табыс табамын» деушілердің қарасы көбеюде. Мұнда 25 шаруа қожалығы шаруасын дөңгелентіп отыр. Жергілікті басшылар алдағы уақытта құрылымдардың саны 40-қа жететінін айтады. Ал, 500-ден астам жандығын полигон даласында бағып отырған Абай Есенғалиев қорасын төрт түлікке толтыруды көздейді.

«Мал басын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Полигоннан қалған жер болғанымен, жайылым жақсы. Шөбінің шүйгіндігінен төрт түліктің күйі тез оңалады» дейді ол.

Түгін тартса, майы шыққан… Түгін тартса май шығатын Тайсойғанның екінші өмірі енді басталуда. Жер қыртысының құпиясын зерттеушілердің дерегінше, иен даланың қойнауында 400 млн. тоннадан астам мұнай қоры бар. Сынақ алаңының түгелге дерлігі қайтарылғаннан соң, оның қойнауындағы қазына ел игіліне айналады.

– Биыл Тайсойған аймағын кешенді игеру жобасын қолға алудамыз. Ол – біздің компания үшін басты бағыттың бірі. Қазір жүріп жатқан геологиялық барлау және сейсмикалық жұмыстары аяқталғаннан кейін, келесі жылы екі ұңғы орналастыру жоспарлануда. Бұған дейін қазылған екі ұңғыма оң нәтижесін көрсетті, – деді «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы 8 жер қойнауын пайдалану келісім-шарты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие. Соның біріне Тайсойған блогындағы УАЗ, Қондыбай, Шығыс Уаз кен алаңдарын игеру жұмыстары кіреді. Байырғы кәсіпорын иелігіндегі Уаз, Қоңдыбайдағы жұмыстар да «қара алтын» тасқынын арттыруда.
Кен орнында қайнаған жұмыс Бұрынғы сынақ алаңы болған аумақта 4 кен орны бар. Соның бірі «Мәтен» АҚ жылына 136 мың тоннадан астам шикізат өндіреді. Облыс бюджетіне қомақты қаражат құйып отырған құрылым өндіріске қатысты нақты жоспар жасақтаған. Қызмет ауқымы да кеңейіп келеді. Себебі, бұрынғы полигон жерінен өзге кен орындары табылып жатыр. Компания 12 шаршы шақырым жерді өз иелігіне алса, бұдан өзге, 87 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарын жүргізбек.

– Алдағы жылы келісімшартымызды тағы да 25 жылға созуды қалаймыз. Өйткені, Тайсойғанның қойнауы қазба байлыққа толы. Қазір тәулігіне 375-380 тонна көлемінде мұнай өндірудеміз. Осының бәрі бұрынғы полигон жерін еліміздің иелігіне қайтарудың нәтижесінде мүмкін болды, – дейді «Мәтен» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Рашид Агиюев.

«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау жөніндегі орынбасары Қайрат Әділбековтың пікірінше, ауқымды аймақта мұнай іздеу жұмысы елімізде алғаш рет жүзеге асуда. Сейсмикалық барлауға 477 адам жұмылдырылған. – Тайсойған жерінің мемлекет меншігіне қайтарылуы біздің кәсіпорынға зор мүмкіндік берді. Үлкен күш жер қойнауындағы қазынаны іздеуге жұмылдырылып отыр. Егер болжам расталса, мұнда ауқымды өндіріс ашылады. Атыраудың экономикасы еселене түседі деген сенімдеміз, – дейді ол.

– Ауылда шөп шауып болған соң, оны әкелуіміз керек қой. Бұл үшін техника жалдаймыз. Бұлар да солай секілді. Жұмысын бітірген соң елдеріне кетеді. Қазір мұнда 4 қытайлық маман еңбек етуде. Қалған 500-дей адамның бәрі – өзіміздің отандастарымыз. Жалпы, Қытайдың мүмкіндігін, технологиясын әлемнің кез келген елі пайдаланады. Ол Еуропалық компаниялармен салыстырғанда едәуір арзан, сапалылық жағынан кем түспейді. Сондықтан, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ – деді Әнуар Еркінұлы.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *