Тұмса табиғат – адамзатқа аманат

1523335705 tabigatty ayalau Жаңалықтар

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Атырау аймағында экологиялық ахуал көңілдегідей емес. Ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндіріліп, жер қыртысы да біраз өзгеріске ұшыраған. Тыныс тарылып, түрлі дерт өршіп бара жатқаны да жасырын емес. Халық кінәлі кәсіпорындарды қатаң жазалауды талап етеді. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар қандай? Алда нендей шаралар жоспарланған? Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан АРЫСТАНМЕН әңгіме осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

Құмдағы ауылдардың келешегі қандай?

– Өткен жылы Жылыой ауданындағы Майкөмгенге барғанбыз. Құм үйлерді басып қала жаздапты…

– Дәл сондай дабыл қағарлық ахуал қалыптаса қойған жоқ. Мұндай тура төніп тұрған қатерден де аулақпыз. Бірақ, алдын алу шаралары қолға алынуы тиіс. Жалпы, құм көшкіні табиғи фактор ғой. Біздің облыста мұндай жағдай Жылыой, Қызылқоға және Исатай аудандарында көрініс береді. Бұған дейін солардағы бес елді мекеннің тоғыз учаскесінде құм тоқтату жұмыстары жүргізілді. Соның бәрі 35 гектарды құрайды.

Ал, былтыр Исатай ауылының айналасы мен Кобяков-Забурын каналы бойында, Тайсойған және Майкөмген
елді мекендерінде құм тоқтату шараларына жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, сараптама қорытындысы алынды. Демек, нақты іс мәреге жетеді.

Осы орайда аймақты көгалдандыруға бағытталған жұмыстар да бар. Соңғы екі жылда Махамбет, Индер және Құрманғазы аудандарындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы біраз жақсарды. Олар жаңа қонысқа көшіріліп, машина-трактор паркімен қоса орманды өрттен қорғау стансасының жаңа ғимараты қатарға қосылды. Өткен жылы облыс бюджеті есебінен 51,6 млн. теңге бөлініп, жаңа техника мен құрал-жабдық алынды.

Сынақ алаңдары алаңдатады

– Аймақтағы полигондардың ахуалы қандай?

– Азғырда сынақ жұмыстары тоқтағаны белгілі. Бірақ, мұнда кезінде жасалған жарылыстардың зардаптарын жою жолғасуда. Мәселен, Азғырдағы он технологиялық алаңның әзірге үшеуі ғана қоршалған. Биыл тағы төртеуіне қатысты осындай шара алынбақшы. Жалпы құны 23,4 млн. теңгелік жоба жасақталып, сараптамасы алынды. Қалған А-3, А-5 және А-10 алаңдары алдағы уақытта қоршалмақ. Біз осында тұратындардың алаңдаушылығын түсінеміз.

Ал, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигонының бұрынғы 749,6 мың га жерінің 624 мың гектары кейін қайтарылғаны белгілі. Енді соны қауіпсіз қалай пайдалану қажет? Қазір бұл аумаққа кешенді экологиялық зерттеу жүргізу үшін 30 млн. теңге қаралды. Екі жылға есептелген жобаны «Экосервис-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Нәтижесі оңды боларына үміттіміз.

С о н ы м е н қ а т а р , б ы л т ы р аймақтағы трансшекаралық үстіңгі су объектілерінің экологиялық жағдайын анықтау жобасына қажетті қаражат қарастырылып, қазір «Астана» халықаралық ғылыми кешені» мекемесі жұмысын жүргізуде.

Шаһар ауасы қаншалықты таза?

– Облыс орталығының тұрғындары осындағы өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға залалды қалдықтарды жиі шығаратындығына шағымданады.

– Жұртшылықтың алаңдаушылығы түсінікті. Алқалы басқосуда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ауада мұнай қоспасының исі бар екенін айтқан. Экологиялық Кодекстің 20-бабына сәйкес соңғы екі жылда қоршаған ортаның сапасын біртіндеп жақсарту, оны мөлшерлеу параметрлерінің шекті деңгейін белгілі бір кезең бойынша белгілеп, мониторинг арқылы бағалаудың нысаналы көрсеткіштері жасақталды. Жоба шеңберінде аймақтың өзекті экологиялық проблемаларының тізбесі жасалып, ол қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар, «Nur Otan» партиясы, жұртшылық өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Оның қорытындысы Энергетика министрлігіне келісімге жіберілді.

Сонымен қатар, аталмыш министрліктің өткен жылғы 24 қаңтардағы хаттамалық шешімімен қоршаған орта сапасына мейлінше кері әсер ететін елді мекендер үшін шекті-рауалды шығарындылар жиындық томын жасақтау қолға алынды. Ол Атырау қаласының ауа бассейнінің ластану деңгейін, атмосфералық өзгерістерді, оған кәсіпорындардың тікелей әсерін анықтауға және эмиссиялар параметрлерін нормалауға пайдаланылады. Осындағы биологиялық тазарту қондырғыларының әбден ескіргені соншалық, ағынды сулар лас күйінде булану алаңына айдалуда.

Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы осы мәселені шұғыл шешуге жұмыстануы керек. Атырау мұнай өңдеу зауыты 40-50 жылдан бері пайдаланып келе жатқан «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіруді өз қаражаты есебінен жүзеге асыруы тиіс. Бұл шара шаһар ауасын жақсартуға оң септігін тигізеді. Қазір құны 193,3 млн. теңгелік жоба жасақталуда. Жобалау жұмыстары биыл аяқталмақ.

Осы орайда айта кетер жағымды жаңалық – облыс орталығының оң жақ жағалауындағы кәріздік сулардың буландыру алаңы қалпына келтірілуі. Ол да таяу уақытта мәреге жетеді. Өткен жылы шаһар ауасының сапасын жедел өлшеу үшін мамандандырылған арнайы зертхана алынды. Құны 64 млн. теңгелік қондырғы экология департаментіне берілмек.

Қазір аймақта 2017-2021 жылдарға арналған қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламасы әзірленді. Бүгінде облыстағы 81 полигонда жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 2 млн. 436 мың тоннаны құрайды. Былтыр 136,3 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Соның 22,7 мың тоннасы сұрыпталды. Әрине, аса көп емес. Облыс бойынша 16,7 пайызға тең. Рас, бұл мәселе республика бойынша өткір саналады.

Егер елімізде мұндай көрсеткіш небәрі 11,5 пайыз десек, бізде біраз ілгерілеу бар. Жалпы, былтыр «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сенімді басқаруға берілді. Қазір жаңа басшылық жылдық қуаты 120 тонналық сұрыптауөңдеу цехын салуды жоспарлауда. Сонымен қатар, облыстың он ірі елді мекенінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны пайдалануға берілмек. Оған Алмалы селолық округі өңірінен 50 га жер бөлінді. Енді жобалау жұмыстары мемлекеттік сараптамадан өткен соң құрылыс басталады. Ал, шаһарда қуаты 150 мың тонналық осындай нысан тұрғызылмақ. Содан соң ескісі қалпына келтіріледі.

Апатты ұңғымалар ауыздықтала ма?

– Каспий тазалығы туралы айтқанда су астындағы ұңғымалар ойға оралады.

– Мұндай проблемалар бар екендігі рас. Солардың бәрі кезінде құрлықта қазылғандар. Кейін теңіз тасығанда су астында қалды. Ендігі мақсат – айдынға мұнай ағып кетуін болдырмау. Облыста осындай 14 ұңғыма бар. Бесеуі жедел жоюға жатқызылады. Ал, 9 ұңғыма бойынша жер қойнауын пайдаланушы компаниялар тұрақты мониторинг жүргізіп отыр.

Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі биылға апатты мұнай ұңғымаларын жоюға Қаржы министрлігіне 279,1 млн. теңгелік бюджеттік өтінім ұсынған-ды. Алайда, республикалық бюджет комиссиясы құп көрмеді. Енді Парламенттегі депутаттардан қолдау күтеміз. Өздігінен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымалар жөнінде де осыны айтуға болады. Бүгінде Жылыой ауданында 180 нысан бар. Солардың 123-і жоюға жатады. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің есебі бойынша бұл жұмысқа 845,6 млн. теңге қажет.

Жайықтың жағдайы жақсара ма?

– Соңғы жылдары аймақтағы су көздеріне қатысты мәселе жиі көтеріле бастады.

– Жұртшылықтың бұл бағытта алаңдаушылығы да түсінікті. Әсіресе, Жайық деңгейі соңғы 10-12 жылда күрт төмендеді. Жалпы, ұзындығы 2428 км өзен қашан бұрынғы қалпына келерін ешкім кесіп айта алмайды. Оның Қазақстан территориясындағы 1049 шақырымы сарқылып жатыр. Бұл, әрине, айдынды мекендейтін жануарлардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың, өмір сүру ортасына кері әсер етуде. Өзендегі су ресурсының 80 пайызы Ресей территориясында.

Қазақстан жағы асқынған ахуалды сауықтыру мақсатында Жайықтан су алуды 1990-1991 жылдармен салыстырғанда соңғы уақытта 58 пайызға азайтты. Яғни, тұтыну мөлшері 1954 млн. текте метрден 763 миллионға кеміді. Соған қарамастан 2000 жылдан бері жоғарыдан құйылатын су көлемі тұрақты кеміп келеді. Тек 2016-2017 жылдары 9,2-10,4 млрд. текше метр су келіп, қалыпты дерлік жағдайға жеткен. Алайда, былтыр қайтадан 5,9 млрд. текше метрге түсіп кетті.

Биыл да көп көлем күтілмеуде. Мұндай жағдай тек өзеннің ғана емес, ол құйылатын Каспий теңізінің де күрделі проблемаға тап болуына соқтыруы ықтимал. Әрине, жұртшылықты қалыптасқан жағдайдан қалай шығу жолы да ойландыратын шығар. Жайық трансшекаралық су көзі болғандықтан, бұл бағытта Ресей жағымен жасалған екі келісім бар. Оның біріншісіне 2010 жылғы 7 қыркүйекте Өскеменде қол қойылған-ды.

Екіншісі 2017 жылғы 3 тамызда күшіне енді. Үкіметаралық құжаттарда өзенді бірлесіп пайдалану, барынша қорғау және экологиялық жүйесін сақтау шарттары бар. Әйтсе де, Қазақстан жағынан бірінші келісімге Ауыл шаруашылығы, ал, екіншісіне Энергетика министрлігі басшылығы қол қойған. Осы оралымсыздықты қалпына келтірген жөн. Әйтпесе, өзен тағдыры егіншілікті, шабындықтар мен жайылымдарды қалпына келтіруге мүдделі Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарынан сырт қалуы ықтимал.

Жалпы, тылсым табиғат – адамзатқа аманат. Ол бүгінгі буынға ғана емес, ертеңгі ұрпаққа қажет. Біз оны бұрынғылардан қалай қабылдап алдық, кейінгіге де солай тапсыруға тиіспіз. Оған қиянат жасауға ешкімнің де құқы жоқ. Осы орайда өткен жылы облыстық бюджеттен табиғат қорғау шараларына бөлінген 3,6 млрд. теңгеге 47 нақты іс атқарылғанын айтқан абзал.

Сұхбаттасқан:

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз