ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ: ащы ақиқат ақтарылса…

Айбын Жаңалықтар Журналистік зерделеу

Atr.kz/11 ақпан, 2020 жыл. Құлсарыда кезінде бір майдангер тұрған. Әлгі адам ешқашан Жеңіс мерекесін тойламайтын, сол күні ауласында терең ойға беріліп отыратын. Оны мектеп оқушылары кездесуге де шақырмайтын. Кеудесіне орден-медаль таққанын да көрмеппіз. Себебін кейін білдік. Майданда тұтқынға түсіп, Түркістан легионы сапында болған екен.

Бүгінде соғыс шындығы айтыла бастады ғой. Тарихи деректерге қарағанда, бұл әскери құрама тұтқынға түскен Орталық Азия халықтарынан құралған немістердің бір бөлімшесі болатын. Оның пайда болуын о баста Мұстафа Шоқай есімімен байланыстырғанымен, кейінгі құжаттар мұны жоққа шығарады. Ол легионды басқарудан бас тартқан соң іске өзбек Уәли Қаюм Хан кіріседі. Жалпы, кейбір құжаттарға қарағанда, немістер ұлттық жасақ жасақтауды 1933 жылыақ жоспарлаған.

Сірә, фашистер билік басына келген сәттенақ Кеңестер Одағына түбі шабуыл жасайтынын білген. Көпұлтты мемлекетті біраз зерттеген. Соның ішінде шығыстағы ахуалға қанық болған. Осы орайда айта кетер жайт – Түркістан жұртының өздерін қарудың күшімен басып алған кеңестік жүйемен о бастаақ келіспеуі. Ашық күресуге пәрмені жетпеген соң іштей тынып жүретін. Өзге елдерге өтіп кеткендері де табылды. Бүгінде Қазақстанға қайта оралып жатқандар – солардың ұрпақтары. Немістердің шабуылын Қызыл империяны күйрететін күш ретінде қабылдағандар болды.

Бұлар да түркі тілдес халықтарға соғыстан соң Ұлы Түркістан мемлекетін құруға уәде бергенді. Ендеше, уақытша болса да мүдделес Вермахты неге қолдамасқа? Әскери жасаққа еркімен барғандардың бір тобы осылай ойлады. Жалпы, тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері 1941 жылдың күзінде өте көп болған. Немістердің тұтқиыл шабуылын күтпеген, қаружарақ жетіспеген олар күллі құрамасымен қоршауда қалған. Жауға атар жалғыз оғы жоқ болса, не істейді? Жалаңаш қолымен кімнің желкесін қияды?

КСРО Қорғаныс министрлігінің 1990 жылы жаңғыртқан дерегі бойынша, осы шамада олардың саны 3 млн. 900 мың адамға жетіпті. Ал, француз тарихшысы Н.Верн соғыстың барлық кезінде алты миллионға жуық кеңес жауынгері тұтқынға түскенін айтады. Солардың жартысынан астамы концлагерьлерде қаза тапқан. Түркістан легионында барлығы 100 мың шамалы жауынгер болған. Ол 1942 жылғы шілдеде құрылды. Бұл мақсатқа Польшаның Легионево және Едлин стансалары маңындағы дайындық орталықтары пайдаланылған. Жасақшылар киімдерінде «Алла бізбен бірге» деген жазу жазылған және Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің суреті салынған.

Бұлар бастапқыда негізінен қару-жарақ пен оқ-дәрі тасуға, блиндаждар тұрғызуға, окоптар қазуға жұмылдырылған. Дайындық кезінде дәрігерлік қызметпен және азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Көбінің тірі қалуы да сондықтан. Қолдағы құжаттарға қарағанда, Брест қамалын қорғаған 7000 жауынгердің бір мыңнан астамы қазақстандық екен. Яғни, әрбір жетінші жан. Солардың бес жүзден астамының ғана дерегі бар. Өзгелері әлі табылған жоқ. Немесе 44-атқыштар д и в и з и я с ы н д а ғ ы 7 2 жерлесіміздің 46-сы майданда қаза тапқан. Басқалары ше? Еш мәлімет жоқ.

Жалпы, соғыс басталарда Қазақстанда 6,2 млн. халық болса, соның 1,2 миллионы майданға аттанды. Содан 350 мың адам хабарсыз кеткен. Олар кімдер? Тағдыры таразыға қалай тартылды? Осылардың кейбірі Түркістан легионына мүше болуы да ықтимал емес пе? С о н ы м е н , л е г и о н сарбаздарының тірлігі қаншалықты түзілді? Олардың бірқатары кеңес әскерлері қатарына тартылып, жаумен жағаласты одан әрі жалғастырды. Көпшілігінің сүйегі жат жерде қалды.

Ал, кешірім жөніндегі уәдеге сеніп, Отанға оралғандар қудалауға ұшырады. Соғыстан соңғы бірер жылда олар жөнінде материал жан-жақты жинақталды. Тергеушілер 1937-1938 жылдардағы Алаш орда ісін жаңғыртты. Сол кезде қазақ зиялыларын соттағандар әлі бар еді. Соларға жаңа жұмыс табылды. Енді олар тұтқыннан оралғандарды жаппай жазалай бастады. Еңіреп еліне келгендердің кейбірі атылып кетті. Жау тұтқынынан аман шыққанда өз әскеріміз оққа байлады. Бірқатары ұзақ мерзімге ұсталды.

Бүгінде Түркістан легионына қатысты кейбір шындық айтыла бастады. Мұстафа Шоқайдың мұсылмандарды соғысқа сүйремегені, немістердің сұрқия саясатын қолдамағаны белгілі болды. Оқымыстылар оның өмірден оқыс өтуін де осындай оқиғамен орайластырады. Атырауға десант тобын бастап түскен Ағаев ақиқаты да ашылып келеді. Бұл бағытта жазушы Мақсот Тәж-Мұрат біраз зерттеу материалын жариялады. Тұшынып-ақ оқитын дүние. Жас шағымызда Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты повесін оқып өстік.

Қазір осы кітаптың да шикілігі шыға бастады. Мемлекеттік саясаттың соқпағымен жарық көрген еңбек екен. Көптеген деректері дүмбілез. Әйтсе де, айтпай кетуге болмайтын тағы бір шындық бар. Ол – кеңестік идеология қалдығы. Күні кешеге дейін неміс тұтқынында болғандарға баға басқаша берілді. Ал, енді, әсіресе, кешегі майдангерлердің санасында сілкініс бар ма? Фашизмді жеңген Сталин екендігіне күмәнсіз сенетін, оның ұлын немістің фельдмаршалына ауыстырмағанын асқан патриотизмнің үлгісі ретінде бағалайтын қадірменді қарттарымыз қазіргі көзқарасты қабылдай ма? Олар тұтқындар туралы «біз окопта жаумен жағаласып жатқанда, бұлар солардың сарқытын ішіп, жан бағып жүрді» демесіне кім кепіл?

Ағаевтың қолынан қаза тапқан Байжан Атағожиев атына селкеу түспей ме? Ара-тұра ауылдастары оның бейітінің қараусыз қалғандығын айтып, дабыл қағады. Егер десантшыларды ақтап алсақ, онда майданнан жараланып келіп, бейбіт жерде мерт болған жанды кім дейміз?

Міне, осындай қарама-қайшылық бар. Сондықтан, Түркістан легионының ащы шындығы айтыла түскені дұрыс. Әрине, жазушы қиялынан туар көркем шығарма ғана емес, нақты деректерге құрылған шынайы зерттеу материалы керек. Ағаев тобындағы десантшылардың кейбірі ұрыста қаза тапты, бірқатары қолға түсті. Тергеуден кейін бұлар да атылыпты. Ал, өз еркімен беріліп, кеңестік барлау қызметіне жұмыс жасағандар ше? Немесе немістерге қарсы соғысқандар бар. Солардың бәрі ақталды ма? Рас, тәуелсіздік жылдары біраз ақтаңдақтар ашылып жатыр. Әйтсе де, барлығының ақиқатына жетпегеніміз тағы шындық.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Тағы оқыңыз:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *