ҰСТАЗҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Қаладағы Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектебінде қалалық, облыстық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагер ұстаз, Дамбы селосының Құрметті азаматы Ғаббас Қабышевтың 85 жасқа толуын еске алуға арналған шахматтан турнир өтті. Оған қала, аудандардағы білім беру мектептері, зағиптар мен есту қабілеті шектеулі қоғамының шахматшылары қатысты.

Ғаббас Қабышев Дамбы селосының Аманкелді атындағы орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезінде оқушыларға білім берумен бірге шахмат ойынына баулуда зор еңбек сіңірген. Кезінде көптеген шәкірттері облыс, республика, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды еншілеген. Бүгінде мектепте шахматшы ұстаз атына мұражай ашылып, Дамбы селосының бір көшесі оның есімімен аталады. Осы абзал азамат туралы ардагер ұстаздар Әміржан Сәрсемалиев, Қадим Оңғарсынов, отбасы атынан аяулы жары Нәсіп Жаңбырбайқызы, 1969 жылы сынып жетекшісі болған шәкірттері Сатыбалды Көпжасаров, Айман Дариева естеліктерімен бөліссе, ұрпақтары арнау өлеңдерін оқып, шәкірттері ұстазының үлкейтілген суретін отбасына салтанатты жағдайдатапсырды.

Турнирде 40 шахматшы бақ сынасты. Жарысқа облыстық шахматшылар федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин төрелік етті.

Жарыс қорытындысында номинациялар бойынша 1-ші орынды ардагер ұстаз Ахметжан Иманғалиев еншілесе, 2-ші орынды Қызылқоға ауданының «Құрметті азаматы», дәрігер Аманкелді Сақтағанов иеленді. Ал, шахматтан республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған Бөкенбай Ағаша 3-ші орынға қол жеткізді. Осындай номинациялар бойынша жастар мен студенттер, әйелдер арасында болған шаршы тақтаның жеңімпаздары да аз болмады.

Ғаббас Қабышевтың қызы Қамқа осы іс-шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан ұстаз-шахматшының бұрынғы шәкірті Сатыбалды Көпжасаровқа ерекше ризашылығын білдіре келіп, жүлдегерлерге отбасы атынан арнайы бағалы сыйлықтарды табыс етті.

 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз