Сот жұмысы жүйеленді

ssismis Жаңалықтар

Atr.kz/11 ақпан, 2020 жыл. Жуырда облыстық сотта өткен жылдың жұмысын қорытындылау бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес жұмысына облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғанов, облыстық соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, облыстағы соттардың төрағалары мен судьялары, Билер кеңесінің мүшелері, Соттар әкімшісінің басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Кеңес барысында сот алқаларының төрағалары Манат Комиршинов пен Тәтті Уалиева қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы туралы ақпарат берді.

Азаматтық істер бойынша жұмыс сапасына тоқталған Манат Комиршинов шешім шығарумен қаралған азаматтық істер санының және апелляциялық тәртіпте қаралған істер санының артқанын айтты.

Спикердің мәліметінше, облыс соттарына 718 азаматтық іс, 22 163 талап арыз түсіп, 22 167 іс қараумен аяқталған. Былтыр облыс соттары барлығы 15 517 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған. Ал, татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталған азаматтық істер саны 2 275-ті құрады. Олардың ішінде 1 519 іс медиация тәртібінде қаралып, 739 татуласу келісімдері жасақталды, 20 дау партисипативтік рәсім тәртібінде реттелді.

Тәтті Уалиева өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда соттарға түсіп, аяқталған қылмыстық істердің саны неғұрлым азайғанын, қысқартылған істердің, бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғалар санының азайғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, келіп түскен электронды істер саны артқан. Ал, ақтау үкімдерінің саны көбейіп отыр.

Атап айтқанда, былтыр облыс соттарымен барлығы 1 247 тұлғаға қатысты 1 015 қылмыстық іс қаралған, оның ішінде 915 тұлғаға қатысты 751 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталып, оның ішінде 888 тұлға сотталған. Қылмыстық істер бойынша 78 іс медиатордың қатысуымен шешілді.

Атырау облыстық сотының судьясы, Судья әдебі бойынша комиссия төрағасы Айгүл Калимукашева Судья әдебі жөніндегі комиссияның өткен жылдағы жұмысын қорытындылап, облыс судьялары атына келіп түскен шағымдар бойынша баяндама жасады.

Осы жолы кеңейтілген кеңес барысында Билер кеңесінің рөлі мен жұмысына ерекше мән берілді. Облыстық Билер кеңесінің төрағасы Ғаббас Хисметуллин қоғамдық бірлестіктің жұмысы мен нәтижелеріне тоқталды.

«Алғашқы жыл Билер кеңесі үшін жемісті болды. Билер 189 даулы істер бойынша татуласуға қол жеткізіп, 250-ден астам азаматтарды қабылдау  өткізді. Олардың көбі неке-отбасылық қатынастар аясындағы даулар, залалды, берешекті өндіруге қатысты болды», – деп тарқатты Ғ.Хисметуллин.

Атырау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева соттардың инфрақұрылымдық және материалдық қамтамасыз етілуі жайлы ақпарат берді.

Кеңестің жұмысын қорытындылаған облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғанов сот төрелігін жаңғыртудың маңызды сәттерін және бірқатар жобалардың тиімділігі туралы айтты. Сондай-ақ, ол осы жылдың Жоғарғы Сот төрағасымен «Коммуникация жылы» деп белгіленгенін айтып,  қоғаммен тиімді кері байланыс құру қажеттігіне назар аударды.

Мейрамгүл ӨТЕҒҰЛОВА,

облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы

ilrolrlr

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/m%d3%99zhilismender-%d2%9bordajda-zardap-shekkenderge-bir-k%d2%afndik-zhala%d2%9bysyn-audardy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз